Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланған болатын. Жолдауда жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды екендігі түсіндірілді. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұрғандығы айқындалды. Сонымен қатар, апатты жағдайларға байланысты Қазақстанның инфрақұрылымын жаңғырту үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн деп айтты.
“Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс. Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады. Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады. Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды. Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру да жалғасады. Су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды. Электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Енді жаңа шешімдер керек”, деді Президент.
“Электр қуаты, газдандыру, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек. Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды”, деді.
Осыған орай Сауран ауданында газбен қамту бойынша ауданда газбен қамтамасыз ету деңгейі 31,4 пайызды құрады. Он елді мекенге табиғи газ құбыры жүргізіліп, табиғи газға қосылды. Атап өтер болсақ, Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов, Шаға, Қазақстан 30 жылдығы, Ескі Иқан, Ибата, Бершінтөбе, Ойық ауылдары көгілдір отынға қол жеткізді. Сонымен қатар, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Шорнақ ауылдық округтеріне магистральды және ішкі құбырларына жобалар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны – 22,6 млрд. теңге тұрады. Аталған жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджетке өтінім жолданып тиісті жұмыстар атқарылуда. 2024 жылы Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне магистральды газ құбырына жоба әзірлеуде. Сондай-ақ, Қосқорған, Бостандық, Еңбекші Дихан елді мекендерінің табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында, жобалар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алуға жолданған.
Бұл орайда, Түркістан облысында 833 елді мекеннің 465-і немесе 55,9%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бекітілген «Жол картасы» бойынша 2025 жылға дейін қосымша 202 елді мекенге табиғи газ құбырын тартып, қамту деңгейін 86,9% жеткізу жоспарланған.
Өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 2024 жылға 14,2 млрд теңге қарастыру жоспарланса, Қаржы министрлігі тарапынан тек қана өтпелі 6 нысанның құрылысына 3,1 млрд теңге мақұлданып отыр. Бұл өз кезегінде елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспардың түпкілікті нәтижеге жетуіне кедергі тудырады. Сондықтан 2024 жылға республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін жаңа 69 нысанның құрылысына 18,1 млрд теңге қаржы қажет. Бірінші кезектегі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жобаларын қаржыландыру мәселесі бойынша түбегейлі шешім шығарылмаса, бюджет қаражаты есебінен салынған газ нысандары қараусыз қалуы, тозуы және де талан-таражға түсіп, газ құрылғылары мен желілерінің жарамсыз жағдайға жеткізілуі әбден мүмкін.
Облыс халқы табиғи газды отандық «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынуда. 2022 жылы жалпы облыстың табиғи газ тұтыну мөлшері 716,5 млн текше метрді құрады. Табиғи газбен қамтамасыз ету саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мысалы, кейінгі бір жылда 21 елді мекендегі 53 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылды. Жалпы облыста 1,5 миллионнан аса халық табиғи газбен қамтылған. Былтыр 103 нысанның құрылысына 16,5 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 68 нысанның құрылысы аяқталып, 122 мыңға жуық тұрғын қоныстанған 57 елді мекенге газ тартылды. Қалған 35 нысанның құрылысы биыл аяқталады.
Алдағы 2 жылда қосымша 200 елді мекенді табиғи газға қосып, қамту деңгейі 86,7%-ға жеткізіледі.
Айта кетейік, Түркістан облысында 832 елді мекеннің 739-ы ауыз сумен қамтылған. Ауыз су желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымға жуықтаған. Өңірде 12 мың шақырымға жуық табиғи газ жүйесі болса, электр желілерінің ұзындығы 20700 шақырымнан асады. Облыста жаңадан су, газ, электр желілерін тарту және тозған желілерді жөндеу жұмыстары жалғасады. Ауыз су бойынша 3 жылда 202 жоба жүзеге асырылып, тұрғындардың ауыз су саласына қатысты мәселесі шешімін табады немесе жағдайы жақсарады. Табиғи газ саласында – 237, электр саласында 130 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Жалпы 569 жоба іске асырылады деп межеленген.