Жалпы экономиканың су секторындағы ахуал мемлекеттің су шаруашылығы саясатын және саланы басқаруды түбегейлі жетілдіруді, қалыптасқан құрылымды қайта қарауды, су шаруашылығы субъектілерінің функцияларын бөлуді, экономикалық қатынастардың жаңа тетіктерін әзірлеуді талап етеді. Бұл ретте, су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының маңыздылығы туралы баяндамақпыз.
Осы орайда, таяуда Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын ұсынды.
Министрдің айтуынша, қазіргі жағдайды және халықаралық тәжірибені ескере отырып, Тұжырымдама жобасында су ресурстарын басқару жүйесін дамыту көрінісі жеті тәсілмен айқындалды.
Бірінші тәсіл – су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту. Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын реконструкциялау, 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды жаңғырту және гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау бойынша бірқатар шұғыл шара көзделеді.
«Жоспарланған тәсілдерді іске асыру суды тасымалдау кезінде өнімсіз шығындарды 50%-дан 25%-ға дейін азайту арқылы 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн гектарға дейін және қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайтуға, сондай-ақ экономика салаларын кепілдендірілген сумен қамтамасыз ету үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді», — деді Нұржан Нұржігітов.
Екінші тәсіл – су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру. Қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалану «ресурстарды басқарудан» «сұранысты басқаруға» көшуге мүмкіндік береді. Оның негізгі қағидаты – су қабылдау көлемін ұлғайтпай, экономика салаларының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін пайдалану.
Трансшекаралық өзендер арқылы ағынның азаю қаупін, сондай-ақ суару каналдарында үлкен шығындардың болуын ескере отырып, фермерлердің су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бірлескен және кешенді жұмыстар жүргізу қажет. Мәселен, бүгінгі таңда суармалы жерлердің 1,9 млн гектарынан тек 16%-ы су үнемдеу технологиялары қолданылады. Бұл қазіргі жағдайда өте қолайсыз.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығыстарды субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыстар басталды. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын қолдану 2030 жылға қарай суармалы жерлердің алаңдарын 1,3 млн гектарға дейін жеткізуге ықпал етеді. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша бұл шара шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар тұрақты суаруда климаттың өзгеруіне байланысты суды тұтынудың үлестік нормаларының ұлғаюының теріс үрдісі байқалады. Бұл дақылдардың су тұтыну нормативтерінің ұлғаюына әсер етеді», — деді министр.
Оның сөзінше, Тұжырымдама жобасында қолда бар су ресурстарының көлемін экологиялық және экономикалық оңтайлы деңгейде ұстап тұру мақсатында су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең үздік технологиялардың тізбесін, су пайдалану лимиттерін белгілеудің жаңа тетіктерін, айналымды және қайта сумен жабдықтауға көшу жоспарларын әзірлеу және қабылдау бойынша шаралар көзделетін болады.
Үшінші тәсіл – су ресурстарын басқару жүйесін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жетілдіру. Мемлекет басшысы су ресурстары бойынша сапалы талдау мен болжам жасауға бағытталған және тексерілген су саясатын құруды атап өтті. Елдің су-ресурстық әлеуетін есепке алу және болжау жүйесін дамыту, су ресурстарын басқару мен жоспарлаудың ақпараттық жүйелерін жетілдіру мақсатында Тұжырымдамада Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан су ресурстарының Ақпараттық-талдау орталығын құру көзделеді.
Сонымен қатар су саласын цифрландыру – шұғыл шараларды талап ететін өте маңызды мәселе. Цифрландыру бағыты бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп, су ресустарының интерактивті геоақпараттық платформасын әзірлеп жатыр. Бұл өз кезегінде бірынғай су кадастры бойынша су нысандарының деректері, гидротехникалық ғимараттар, су бассейні және учаскілері, гидропосттар, ғарыштық мониторинг жүргізуге электрондық форматтағы паспортты көруге мүмкіндік береді және су шаруашылығы субъектілерінің есебін автоматтандырады. Бұл ақпараттық жүйе 2024 жылдың 3-тоқсанында өндірістік пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам каналдарды цифрландыру және суару жүйелерінің есебін автоматтандыру жоспарланғанын атап өту маңызды.
«Климаттың өзгеруіне және антропогендік әсерлерге байланысты өзендердің таяздануы, көлдердің, Арал және Каспий теңіздерінің деңгейінің төмендеуі сияқты экологиялық мәселелер бәрімізге белгілі. Осыған байланысты Көкарал бөгетін сақтау, өзен атырауларын қалпына келтіру сияқты тиімді шараларды іске асыру арқылы табиғи су объектілерін сақтау және қалпына келтіру маңызды», — деді Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар шағын өзендерді оңалту, табиғатты қорғау су жіберулерін жүргізу, иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымаларды кранизациялау және жою бойынша әдістемеліктер әзірленетін болады. Сондай-ақ Тұжырымдамада су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін жақсарту көзделген.
Осылайша, Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану мәселелерін шешу, экономика салалары мен қоршаған ортаның қажеттілігін қамтамасыз ету.
«Тұжырымдама 60 іс-шараны көздейтін Іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Ауқымды және бастапқы кезектегі іс-шараларды іске асыру 2030 жылға қарай 10 текше шақырымға дейін су жинауға және үнемдеуге, сондай-ақ суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», — деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.