Түркістан облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтың баяндауынша, Президент Жолдауындағы тапсырмаға орай республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд. әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу мақсатында кешенді жоспар қабылданып, облыс бойынша 5 жылда 110,2 мың гектар жерге 170,0 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Оның мәліметінше, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу жоспарланып, бүгінгі таңда 15 009 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Түркістан қаласы мен облыстың бірқатар аудандарында климаты күрт континентальды болуына орай, егілген орман ағаштарының бірінші, екінші жылдарында 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы, табиғи заңды құбылыс. Сондықтан орман шаруашылығы қағидаларында көрсетілгендей қураған ағаштарды қайта жаңғырту мақсатында орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу, екпелерді құру процесінің кезекті тармағы болып есептелінеді. Осыған орай жасыл желектерді күтіп баптау мерзімі 5 жылға созылуы бойынша шешім қабылданып, мәдени орман екпелерінің өнімділігі 55 пайыздан жоғары болмайтынын атап өткен. Министрлік қолданыстағы орман алқаптарын күзгі түгендеуден өткізу Қағидасына өзгерістер енгізіліп, Түркістан облысындағы мәдени орман алқаптарының жерсіну мен сақталу көрсеткіші 50 пайызға белгіледі. Түркістан қаласы экологиялық аймаққа енгізілгенімен, күзгі түгендеу қортындыларына сәйкес, қазіргі таңда қала айналасындағы жасыл екпелердің көнімділігі 60-65 %-ды құрап отыр, – деді Қ. Амангелдіұлы.
Өз кезегінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Орталық Азиядағы «BIOVERSITY international» басқарушысы Мухаббат Турдиева, «Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының» бағдарламалар және жобалар директоры Али Зулфикар, Қазақ жеміс көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев, Nath Bio-Genec (I) Ltd Үндістан Доктор Кулькарне, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің орман ресурстары және орман шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Ж.Боранбай, Орталық Азиядағы «IWMI» халықаралық су ресурстарын басқару орталығының басшысы Др. Ойторе Анарбеков, «Байтақ-болашақ» республикалық одағының президенті Ғани Назарбек сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар «Ә.Бөкейханов атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің аға ғылыми қызметкері Андрей Кабанов Астана қаласының Жасыл аймағын құру жөнінде айтса, Өзбекстан Республикасы «Мирза Улығбек атындағы Ұлттық университеттің» академигі Лазиза Гафурова суармалы бұзылған құрғақ топырақтардың құнарлығын арттырудың ғылым негіздеріне тоқталды. Сондай-ақ Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми институты басқарма төрағасы Бейбіт Дүйсенбеков Орман шаруашылығының зиянкестерімен күресу тәсілдерін атап өтті. Ал Өзбекстан республикасы Ташкент аграрлық университетінің профессоры Якубжан Юлдашев «Өзбекстан мемлекетінің орман шаруашылығындағы жетістіктері» мен «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» ғылыми жұмыстары бойынша директоры Нұрлан Балғабаев «Су тапшылығының мәселелері және оны шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасады.
Шарада ауыл шаруашылығын дамыту және жаңа технологияларды енгізу және Түркістанның айналасында атқарылған жұмыс – аса қажырлы еңбек екені айтылып, осындай климат жағдайында «жасыл» аймақ» құру өте қиын екені сөз болды. Сонымен қатар, климаттың қолайсыздығы, жазда ауаның температурасы 40-45 градустан асатыны сондай-ақ, жауын-шашын өте аз екені туралы сөз қозғалды. Сарапшылар көгалдандыру жұмысында барлық қажетті нормалар сақталған. Сондықтан бұл үлкен еңбек өз жемісін беретінін баса айтты. Ел президенті 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Ол суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.
“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деді ол. Тиісінше, бұл саладағы жұмыстар ауыл шаруашылығына бейім Түркістан өңірі үшін де ерекше маңызды болып саналады. Осы орайда, Түркістан қаласының тұрғындарына түсіндіру жұмыстары бойынша ақпаратты ұсынамыз. Негізі, бұл саладағы жұмыстардың қарқын алуына 2020 жылдың басында Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін көтергені түрткі болғандай.
Өз кезегінде сол уақыттағы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Су саласынан көріп отырған негзігі тәуекел – бұл ағын судың төмендеуі. Біздің есептеуімізше, ағын су жылына шамамен 100 текше шақырымды құрайды және 2040 жылға қарай ағын судың 30-40 пайызға азаю қаупі бар. Осыған қарай біз су үнемдейтін технологиялар енгізу, Қазақстанның бүкіл аумағында 28 су қоймасын салу сынды бірқатар шараны қабылдауымзы керек. Цифрландыруды да белсенді енгізгеніміз жөн. Тиісті тұжырымдаманы әзірледік. Оны Премьер-Министрге баяндадық. Таяу уақытта оны Үкімет отырысының қарауына шығарып, одан кейін Сіз мақұлдасаңыз мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге кірісеміз», – деп, Президентке он негізгі басымдықтан тұратын даму бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленгендігін баяндаған.