ТҮРКІСТАН: ӨҢІРІМІЗ ЭКОТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛАДЫ


Түркістан облысында туристер саны соңғы мәліметтер бойынша 1,2 миллионға жеткен. Өңірдің туристік ағынын ұлғайту мақсатында Түркістан және Төле би ауданындағы «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарының инфрақұрылымын дамыту, қонақүйлер, рухани-мәдени орталықтар салу ­жоспарлануда. Өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында туристік бағыттарды одан әрі дамыту бойынша жұмыстар өз жалғасын табады, сондай-ақ «Ұлы Жібек жолы» бойында жаңа өнімдер қалыптастырылатын болады.
Зиярат етіп келушілер саны 5 миллионға жетеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауын­да туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажеттігін міндеттеген болатын. «Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет» делінген Президент Жолдауында. Түркістан өңірінде туризм саласын, оның ішінде эко және этнотуризмді дамыту мақсатындағы іс-шаралар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында қамтылып отыр. Кешенді жоспар шеңберінде 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген, оның ішінде 9-ы жеке инвестициялар есебінен іске асырылады. Өңірде туризм индустриясын дамыту бойынша ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру, туристік қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын ұсыну, Түркістан қаласы мен облыстың көліктік қолжетімділігін арттыру сияқты және басқа да кешенді шаралар іске асырылмақ. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы туристер саны 2,5 млн адамға, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны 291 мың және туризм саласында жұмыс істейтіндер саны 30 мың адамға дейін артады деп жоспарлануда.
Жуырда тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша 3 ауқымды жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ «Қожа Ахмет Ясауи» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелерін, Түркістан қаласындағы цитадельдің қамал қабырғасын қалпына келтіру жұмыстары көзделіп отыр. Қалпына келтіру жұмыстарын 2025 жылы 59 нысанда аяқтап, 24 археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде бас тарихи мәдени нысан – Қожа Ахмет ­Ясауи кесенесіне келушілер саны едәуір арта түспек. Өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, дамытуға, оны елімізде және ­шетелде танымал етуге, туристердің келуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бұл жұмыстар еліміздің туристік тартымдылығын арттырады. Түркістан өңірінде туризмді дамыту бағытындағы ұсыныс-пікірлер Түркістанда өткен алғашқы халықаралық туристік форумда да ортаға салынды. Ғасырлар бойы Қазақ хандығының саяси және рухани өмірінің жүрегі болған Түркістанда туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған туристік форум онлайн және офлайн форматта өтіп, осы салада жұмыс істейтін 15 елдің, яғни Венгрия, Тайланд, Нидерланды, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Тәжікстан, Португалия, Сербия, Ауғанстан, Солтүстік Македония, Бразилия, Литва, Эстония, Өзбекстан елдері бизнес-құрылымдардың өкілдері мен мамандар ежелгі қалада Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және Жібек жолы бойындағы туристік бағыттарды дамыту мәселелерін талқылады. Форумда Мәдениет және спорт министрі ғасырлар бойы Қазақ хандығының, жалпы бүкіл түркі дүниесінің саяси және рухани өмірінің өзегі болған, түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алған Түркістанда бас қосудың бекер емес екенін атап өтті. Елдің тарихы терең, мәдени мұрасының көп болуы туристерді тартудың маңызды бөлігінің бірі екені бәрімізге белгілі. Сондай-ақ біз бас қосып отырған Түркістан – Орталық Азиядағы этно, агро, зиярат және санаторлы-курортты туризм түрлерінің дамыған орталығы. Оның ішінде этнотуризм ерекше өзекті және танымал болып отыр. Себебі бұл бағыт елдің мәдениетімен, әдет-ғұрыптарымен және дәстүрлерімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ туризм саласын дамытуды жүйелі жолға қою үшін мемлекет тарапынан іске асырылған бағдарламаларға тоқталсақ, «Үкімет тарихи-мәдени мұра объектілерін зерттеуге, сақтауға және насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Тәуелсіздік алған кезеңнен бері алғаш рет ел аумағындағы ескерткіштерді түгендедік, өңірлер бойынша ескерткіштер жинағы әзірленді. Тарихи мәліметтер негізінде және еліміздің беделді ғалымдарымен бірлесе жұмыс істей отырып, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығындағы әрбір объектіні дамытудың тұжырымдамалық жоспарын әзірледік. Оның ішінде must see нысандары ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран, Отырар және Күлтөбе қалашығы сынды ірі тарихи объектілер бар. Нәтижесінде ғасырлық тарихы, көптеген тарихи-мәдени, туристік және діни ескерткіші бар ежелгі шаһар жаңа келбетке ие болып, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келетін қалаға айналды. Ауқымды құрылыс, реставрация, тарихи объектілерді қайта жаңғырту және инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына мемлекет тарапынан мол қаражат бөлініп, тарихи-мәдени орталықтар, театрлар, саябақтар, визит-орталықтар, спорт нысандары салынып, халық игіліне берілді. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында, әрбір шетелдік турист үшін туроператорларды және балаларға арналған ішкі әуе тасымалын субсидиялау, жол бойындағы сервис объектілері мен туробъектілерін салу кезінде тау шаңғысы базалары мен туравтобустарға арналған жабдықтарды сатып алуға инвесторлардың шығынын өтеу, турдестинацияларда санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауды субсидиялау сияқты шаралар қабылданды. Туризмнің өңір экономикасына қосқан үлесі артып келеді, осы орайда Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті кәсіби ­кадрлармен қамтамасыз ететін болады.
Мемлекет басшысы Жолдауында атап көрсетілген туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізу, соның ішінде жол салу бойынша міндеттерді орындау мақсатындағы жұмыстар облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді ­жоспарында да қамтылған. Мысалы, Шымкент қаласының оңтүстік-батыс, Сарыағаш қаласының, Түркістан қаласының шығыс айналма жолдары салынады. Жалпы Кешенді жоспар шеңберінде, республикалық және жергілікті маңызы бар 2,3 мың шақырым жолды жөндеу, қайта жаңғыртумен қамту ұсынылады. Осылайша 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 99,5%-ға дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілмек. Қабылданған шаралар 3 республикалық және 3 жергілікті жолды, сондай-ақ 28-ден астам ауылдық елді мекендердегі ұзындығы 1 995 шақырым болатын облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды реконструкциялауға және жөндеуге мүмкіндік береді. Кешенді ­жоспар шеңберінде арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы инфрақұрылым құрылысына 7,9 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар 6396 жұмыс орнын құра отырып, 352,7 млрд теңге сомасына 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Өзбекстан аумағына шығатын жоғарғы жылдамдықты «Түркістан – Шымкент – Ташкент» теміржол магистралін және «Дарбаза – Мақатаарал» теміржол желісін салу жөніндегі жобаларды іске асыру көзделген. Бұл мәселе Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Хаттамаға сәйкес пысықталып, оның қорытындысы бойынша таяу арада жобаларды талқылау жөнінде Өзбекстанның Көлік министрлігімен кездесу өткізілмек.
Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, туризмді дамытуды, сондай-ақ қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді көздейтін 142 іс-шарадан тұрады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы