Бүгінгі таңда вакцинация арқылы адам ағзасын зиянды инфекциялардан қорғауға болады. Вирустық (қызылша, қызамық, паротит, полиомиелит, «В» гепатиті және т.б.), бактериялық (туберкулез, дифтерия, көкжөтел, сіреспе және т. б.) инфекциялар уақытында егудің арқасында тиімді алдын алады. Адамды вакцинациялаудың мақсаты әртүрлі микробтар мен вирустарға қарсы иммунитетті нығайту деп айтуға болады. Осылайша, инфекция аурудың белгілері пайда болғанға дейін иммундық жүйемен жойылады.
Халыққа Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес және профилактикалық алдын алу мақсатында аталған жұқпалы аурулардың 21 түріне қарсы егу ақысыз жүргізіледі. Осы Ұлттық күнтізбеге сәйкес, сәби туылғаннан бастап өмір бойына жоспарлы екпе салынады. Перзентханада дүниеге келгеннен 12 сағат ішінде вирусты гепатит В ауруына қарсы, одан соң 3-4 күн ішінде туберкулезге қарсы екпе салынады. Әр екпенің салынатын өз уақыты, интервалы бар. Мәселен, баланың 2, 4 айлығында – гексаксим екпесі салынады, яғни құрамында 6 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцина бар. Бұлар көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, вирустық В гепатитіне, гемофильдік инфекцияға қарсы және әлсіздендірілген полиомиелитке қарсы вакцина. Сонымен қоса пневмококк инфекциясына қарсы вакцина егіледі. 3 айында және 18 айында пентаксим вакцинасы салынады. Оның ішінде көкжөтелге, дифтерия, сіреспе, гемофильді инфекция және әлсіздендірілген полиомиелитке (сал ауруы) қарсы вакцина бар. 1 жасында – қызылша, қызамық, паротитке қарсы (шошқа мойын), пневмококк инфекциясына қарсы және полиомиелитке қарсы вакцина алады. 6 жасында (мектепке барарда) — қызылша, қызамық, паротитке қарсы және жасушасыз көкжөтел компонентімен көкжөтелге, сіреспе, дифтерияға қарсы екпелерді алады. 16 жаста және әр 10 жыл сайын – дифтерияға, сіреспеге қарсы екпені алады.
Өз балаларына егуден бас тартатын ата-ананың назарына! Егуден бас тартпас бұрын емдеу мекемесінің қызметкерлерінен егудің маңыздылығы, егуден бас тартқан жағдайда, оның салдары неге әкеліп соғатынын біліп, толық ақпарат алғаныңыз дұрыс. Екпе тек жеке адамда ғана қорғаныс түзілмейді, екпенің нәтижесінде ұжымдық иммунитет пайда болады. Ал ұжымдық иммунитет жұқпалы аурулардың таралуының алдын-алуда маңызы күшті екенін түсіну қажет. Елімізде екпелердің нәтижесінде полиомиелит ауруынан азат ел болсақ, соңғы бірнеше жыл ішінде балалар арасында гепатиттер, көкжөтел, қызамық, паротит аурулары аздап тіркелуде. Мысалы, көптеген инфекцияларда асқынулар болуы мүмкін, атап айтқанда эпидемиялық паротит — менингит, панкреатит, орхит (аналық бездің қабынуы) сияқты ауруларды тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, балаларда оңай өтетін қызамық энцефалиттің себебі болып табылады. Жүкті әйелдің (алғашқы 3 айында) қызамық ауруы ең қауіпті: бала туа біткен қызамық синдромымен туылуы мүмкін, яғни туа біткен жүрек ақаулары, орталық жүйке жүйесі, сезім мүшелері болуы мүмкін. Ал полиомиелит ауруында бала мүгедек болып қалуы әбден мүмкін.. Вирусты гепатитте бауыр зақымдалып, циррозға немесе қатерлі ісікке алып келеді. Ал цирроз бен қатерлі ісік, білесіздер, өлімге әкелуі мүмкін. Тек қана алдын алу екпелерiн жүргiзудiң нәтижесінде балаларымызды инфекциялардың қауiп-қатерiнен аман сақтауға қол жеткiзiп отырмыз.
Екпе алу –ол әркімнің өмірге және денсаулыққа құқығы! Әркім-саналы таңдау жасайды!
М.БАҚЫТҚЫЗЫ,
Сауран аудандық СЭББ бөлім басшысы.