Ешкімнің ауырғысы келмейтіні анық. Дегенмен де, вирус келсе – суық тиіп, мазамызды алатын мезгіл туатыны анық. Сауран ауданының дәрігерлері виустан қалай сақтануға болатындығын және оны жұқтырған жағдайда қалай емделу керектігін айтады.
Вирустың алдын-алу
1. Ұмытпаңыз: Вирус күтіп отырмайды! Егер вакцина салдыру мүмкіндігі болса салдырыңыз. Бірақ оны салдыру үшін ұзақ уақыт бойы бір топ адам арасында қаз-қатар кезек күтіп отырудың қажеті жоқ. Алайда қолжетімді вакциналар тұмау вирусының барлық түрінен қорғайды.
2. Ешбір дәрі немесе халық емі бұл жағдайдың алдын алуға көмектеспейді. Яғни, ешқандай пияз, сарымсақ, спирт және дәрі-дәрмектер тыныс алу жолдары вирусынан, әсіресе, тұмау вирусынан қорғай алмайды. Бұл айтылған «емдік заттар» адам санасындағы «бір нәрсе жасау керек» деген ұғымды ғана қанағаттандырады. Сондай-ақ олар тек адам психотерапиясына әсер еткенде ғана пайдалы болмақ.
3. Вирус таралу көзі – адам, тек қана адам. Адамдар неғұрлым аз жүретін орта болса, вирус жұқтыру мүмкіндігі де соғұрлым аз. Сол үшін үйге қайтар алдында супермаркетті тағы бір аралап шығудың қажеті жоқ.
4. Масканың пайдасы бар екені рас, бірақ ол бар бәледен сақтайтын құрал емес. Оны негізінде қасында сау адамдар тұрғанда науқас адамдар ғана таққаны жөн. Ол вирусты толық ұстап тұрмайды, бірақ жұғуы мүмкін вирустық сілекей тамшыларынан қорғайды. Ал вирустан сау адамдарға маска тағудың мүлдем қажеті жоқ.
5. Науқастың қолы да ауыз бен мұрыннан кем түспейтін вирус көзі болып табылады. Науқас адам қолымен бетін ұстаса, вирус бетіне түседі, одан кейін ол қолымен айналаның барлығын ұстайды. Ал сіз онымен бір рет қана қол алысып, амандасу арқылы өзіңізге ЖРВИ-ді (жедел респираторлық-вирустық инфекциялар) қабылдап аласыз. Сондықтан мүмкіндігінше бетіңізді ұстамауға тырысыңыз. Қолдарыңызды жиі жуып, өзіңізбен бірге дымқыл дезинфекциялаушы гигиеналық сулық алып жүріңіз.
6. Ауаның таза болуын қадағалаңыз. Вирустық бөлшектер өз белсенділігін құрғақ, жылы және жылжымайтын ауада ұзақ уақыт бойы сақтайды. Ал салқын, ылғалды және қозғалыстағы ауада тез тарайды. Бөлмедегі ауаның оңтайлы параметрлері: температура шамамен 20 °С, ылғалдылығы – 50-70% болғаны жөн. Үй-жайларды жиі және қарқынды желдетіп отыру қажет. Ал далада қалағаныңызша тыныстауға болады. Жаяу жүру кезінде вирусты жұқтырып алу мүмкіндігі жоқ.
7. Жоғарғы тыныс алу жолдары үнемі шырышты болып келеді. Шырыш – тыныс алу жолдарындағы иммундық жү-йе қызметін атқаратын шырышты қабықты қорғайды. Егер шырыш пен шырышты қабық құрғап кететін болса, иммундық жүйе қызметі бұзылады. Онда әлгі вирус-тар қорғаныш кедергісін оңай бұзып, адамға айтарлықтай зиянын тигізеді. Сондықтан шырышты қабықты ылғалдандырып тұрыңыз. Ол үшін дәріханадан арнайы тұз ерітіндісін сатып алуға немесе үйден өзіңіз дайындап тұтынуға болады (1 литр қайнатылған суға 1 шай қасық тұз саласыз).
Вирустан құтылу үшін дәрігер көмегіне жүгінетін жағдайлар
Дәрігердің көмегі бізге қашанда керек-ақ. Бірақ оның кез келген жерден табыла кетуі мүмкін емес. Сондықтан дәрігердің көмегі өте қажет болатын жағдайларды қарастырамыз:
Аурудың төрт күн дегенде беті қайтпаса:
• Жетінші күнге қарағанда науқастың дене қызуы көтерілсе;
• Науқастың жағдайы жақсарғаннан кейін қайта нашарласа;
• ЖРВИ-дың жеңіл белгілері байқалып, айтарлықтай ауырлықты сезінсе;
• Терінің алаланып, бозаруы, шөл қысу, тыныстың тарылуы, ауырсыну белгілері, тамақтың іріңдеуі;
• Жөтелдің күшеюі, тынысы тарылып, жөтел қысуы;
• Дене қызуы көтеріліп, оған қарсы парацетамол, ибупрофен дәрілері көмектеспесе, не өте баяу әсер етсе дәрігер көмегіне жүгінген абзал.
Есте сақтаңыз!
Емделуде қандай да бір тәсілді қолданудың вирус атауына еш қатысы жоқ. Ол бір мезгілде ғана пайда болатын немесе шошқа, тауық, пандемия тұмауы, тіпті тұмауға қатысы жоқ басқа вирус болуы мүмкін. Ең бастысы, ол – ауа тамшылары арқылы тарап, тыныс алу жүйесіне зақым келтіретін вирус.
Бүгінде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ешкімді аямайды. Бұл – вирустардың өз құрылымын өзгерте алуымен тікелей байланысты. Нәтижесінде мутацияланған вирус адамға қайта жұғады. Осылайша, тұмаудан айыққан адамда иммундық тосқауыл пайда болады, алайда өзгеріске ұшыраған жаңа вирус оның бойына қайта оңай енеді. Себебі ағза оған қарсы иммунитетті әлі қалыптастырып үлгермеген. Сәйкесінше бұл тұмау мен ЖРВИ-дің алғашқы белгілеріне көз жұма қарауға болмайды деген сөз.
ЖРВИ-дің алғашқы белгілері
Қоздырғыштың нақты түріне байланысты ауру белгілері әртүрлі болуы мүмкін. Олар:
• Ең әуелі адамның дене температурасы жоғарылайды.
• Қалтырау, әлсіздік, бас ауруы, бұлшықет ауыруы байқалады.
• Науқастың тәбеті төмендеп, жүрегі айнып, құсуы мүмкін
• Конъюнктивит, диарея пайда болуы ықтимал.
Ауру шамамен 5 күнге созылады. Егер дене қызуы сол күйі түспесе, ауру одан әрі асқынуы ықтимал.
Ересектердегі ЖРВИ
• Ең әуелі жұтқыншақтың шырышты қабығының ауруы пайда болады. Салдарынан алғашқы күні-ақ адамның тамағы ауырып, шырышты қабығы жыртылғандай күй кешеді.
• Жоғарғы тыныс жолдарының барлық шырышты қабаттары біртіндеп ісініп, мұрын бітеледі. Адам түшкіріп, тамағы қыши бастайды.
• Көздің шырышты қабаты қабынып, нәтижесінде жасаурап, көз былшықтануы пайда болады.
• Көмей мен кеңірдек ісініп, құрғақ жөтел пайда болып, адамның даусы өзгеруі мүмкін.
ЖРВИ кезінде қауіпсіздік шаралары
• Қолыңызды жиі және мұқият жуыңыз
• Жөтеліп жүрген адаммен уақытша байланыспаңыз
• Салауатты өмір салтын ұстаныңыз
• Сұйықтықты көп ішіңіз
• Бөлмеңіздің ауасын тазартып отырыңыз
• Қоғамдық орындарға жиі бара бермеуге тырысыңыз
• Қоғамдық орындарда жүргенде маска тағыңыз
• Бетіңізді, көзіңізді, мұрныңызды жуылмаған қолмен ұстамаңыз
ЖРВИ-ді қандай препараттармен емдейміз
Бүгінгі таңда дәріханаларда вирусқа қарсы дәрі-дәрмектердің түр-түрі ұсынылады. Десе де, тұмауға қарсы препараттар ауруды қоздырғыштарға әсер етпейді. Сондай-ақ, антибиотиктер де вирустарды жеңе алмайды. Тамақ ауруы кезінде жергілікті бактериалды флораның қозуына жол бермейтін антисептиктерді қолданған абзал.
Балалардағы вирустық инфекция
Статистика бойынша, алты жасқа дейінгі балалар жылына орта есеппен 6-8 рет ЖРВИ-мен ауырады. Әсіресе, қыркүйек-сәуір айлары аралығында инфекцияны жұқтыру еш қиындық туғызбайды. Балабақшаға баратын кішкентай бүлдіршіндер үйде тәрбиеленетін балаларға қарағанда ЖРВИ-мен жиі ауырады. Демек, карантиннен кейін есігін айқара ашып, қызметіне кіріскен балабақшаларда вирус жұқтырғандар саны күрт артуы мүмкін.
Бұл орайда ата-ана не істеуі керек?
Ауру белгілері байқалған жағдайда балаларды өз бетінше емдеуге кеңес берілмейді. Абзалы дер кезінде дәрігер шақырту. Дегенмен ЖРВИ-ді емдеудегі негізгі процедураларды үйде жасауға болады. Мәселен, бөлмені жиі желдету, жылы су, морс, компот, сорпа секілді сұйықтықты жиірек ішу. Олар бала ағзасындағы токсиндерді жоюға көмектеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы баланың дене қызуы 38,5°C-тан аспаса, температураны басуға арналған препараттарды қолдануға кеңес бермейді. Себебі қалтырау дененің ауруға қарсы қорғаныс реакциясы болып табылады. Жоғарғы дене қызуы вирустардың және басқа микроағзалардың көбеюіне жол бермейді. Дейтұрғанмен, кейбір жағдайда ағза қатты әлсіреп, қосалқы аурулар еселеніп кетсе, температураны төмендету керек.
Балалардағы вирустық инфекцияның негізгі белгілері:
• Дене температурасының 37 ° C-тан жоғары көтерілуі.
• Түшкіру, тыныс алу және мұрыннан су ағу.
• Мұрын қуысынан тамақтың артқы жағымен аққан шырыш жөтелді тудыруы мүмкін.
• Әлсіздік, тамақтан бас тарту, мазасыздық, нашар ұйқы.
Балаларды емдеу жолдары
ЖРВИ кезінде бала үйде педиатрдың бақылауымен емделеді. Ең әуелі, өзгелерден оқшауланып, физикалық белсенділікті төмендету қажет.