ТҮРКІСТАН: КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ – ӨРКЕНИЕТ БЕЛГІСІ


Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы, ірі мәдени қала деген мәртебесі бар. Түркістан қаласын еліміздің ірі туристік орталығына айналдыру мақсаты белгіленген. Осы ретте қалада көптеген жұмыстар атқарылуда. Тұрғын үйлер ауыз сумен қамтылған соң, екінші кезекте туындайтын мәселе сарқынды су яки, кәріз жүйесі. Облыс орталығы болғанға дейін қала кәріз жүйесімен 27 пайыз ғана қамтылған екен. Ол 1-2 мөлтек аудандағы көпқабатты тұрғын үйлер, осы аумақтағы мемлекеттік және әлеуметтік (мектеп, балабақша, емхана т.б.) мекемелер орналасқан нысандар ғана сарқынды су жүйесіне қосылған.
Бүгінде қала бойынша қуаттылығы тәулігіне 20000 м3 сарқынды су тазарту ғимараты бар. Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4500- 5000 м3, 27 дана КНС, 127 шақырым сарқынды су құбырлары қолданыста. Бүгінгі таңда сарқынды су жүйесіне пайдалану көрсеткіші 27 пайыздан 32 пайызға жетіп отыр. Бұл бағытта да жүйелі және қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесін жүргізу бойынша да бірнеше жоба қолға алынған. Атап өтер болсақ, 2021 жылы басталып 2023-2024 жылдары аяқталатын жалпы 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар «Тұран-2», «Отырар-2», «Яссы-Ыждыхат», «Бекзат», «Ортақ-1», «Ортақ-2» аумақтары бойынша жүруде. (Жоба құны 24 009,0 млн.теңге. нәтижесі: 34 157 абонентті қамтиды). Ортақ аумағы өте кең, көлемді аумақ болғандықтан 3 кезеңге бөлініп атқарылуда екен. Бұл жобалар 2021 жылы басталып, бірқатары биыл аяқталмақ, басым көпшілігі 2024 жылы өз мәресіне жетеді. Кәріз жүйесі құрылысы көбірек уақыт талап ететін ауқымды жоба болғандықтан қаланың түрлі аумақтарында қолайсыздықтар туындайды, бұрын асфальтталған жолдар бұзылып, шаң-тозаң, қыста лай-батпаққа айналады. Осы ретте сала мамандары орын алған қолайсыздықтарға тұрғындардың түсіністікпен қарауын сұранады.
2024 жылы аталған жобалар аяқталған кезде қаланы кәріз жүйесімен қамту деңгейі 50 пайызға жететін болады. Бұлардан кейінгі кезекте «Түркістан-Қызылорда» массивін де сарқынды су жүйесі құрылысы басталады. Яғни, екі нысанның «Ортақ 3» пен «Баянауыл» аумағының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс бастауға дайын. 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Сол кезде қаланы кәріз жүйесімен қамту – 95,5 пайызға жетпек.
Кәріз жүйесімен қамту маңызды мәселе. Бірінші кезекте ол қаланың экологиялық, санитарлық жағдайының қалыпты болуы, тұрғындардың денсаулығы үшін маңызды. Бүгінде тұрғын үйлердің дені «септикті» пайдаланады. Алайда, олардың көбі талапқа сай емес. Септик толықтай бетондалып, сыртқа бір тамшы да шықпайтын, толған уақытында сорғы мәшинелерімен сыртқа шығарып тастап отыруы тиіс. Үй ішінен шыққан сарқынды суды бетондалмаған, жай бір шұңқыр іспетті қазылып, бетін жауып қалдық суларды сонда жіберу антисанитариялық жағдай екенін ұмытпаған абзал. Ол лас су жер астына сіңіп, әлгі 21 су ұңғымасына қосылып жатыр. Ауаны ластап жатыр.
АБАТТАНДЫРУ ІСІ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ
Түркістан – туристік қала, сырттан келетін қонақтар көп. Осы ретте қоғамдық орындарды абаттандыру мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қаланы жасыл қалаға айналдыру, қала тұрғындарын жайлы тұрмыс деңгейіне жеткізу бойынша бірнеше кезеңдік жұмыстар жүріп жатыр. Оның ішінде абаттандыру мақсатында 32 парк пен аллеялар бар. Жалпы, Түркістан қаласының қазіргі таңдағы көгалдандыру жұмыстары мен күтіп-баптау жұмыстары жалпы 258 нысанда, аумағы 626 га құрайды. Оның ішінде: Саябақтар бойынша – 32 нысан 318 гектарды; скверлер, бульварлар – 32 нысан, 59 гектарды, жасыл аймақтар мен көше бойлары – 47 нысан, 189,4 гектарды құрайды. Ал, жалпы қала көшелерінің бойында орналасқан жасыл желектер мен ағаш көшеттеріне келсек, олардың ұзын саны – 154 көше, яғни 59,4 гектарды құрайды.
Жалпы қала аумағындағы нысандарды күту жұмыстарын 2500 жұмысшы мен 450 техника атқарады. Сонымен қатар, 2022 жылы балалар жылына орай қала көлемінде тұрғындардың өтінішімен 10 жерге спорт алаңшалары мен ойын алаңшаларының құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Биылғы жылы сол үрдісті жалғастыру мақсатында, 25 жерге спорт алаңшасы мен ойын алаңшасын салуға бюджет есебінен қаражат қарастырып, қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қала ішіндегі және көп қабатты үйлер аулаларындағы спорт алаңдары мен ойын алаңдары соңғы үлгідегі техникалық нормаларға сай келетін ойын элементтерімен қамтамасыз етілді.
Жалпы абаттандыру жұмыстары Түркістан қаласының даму бағдарламасына сәйкес, кезең-кезеңімен жүргізілетін болса, 2025 жылдың соңына қарай халық көп шоғырланған аумақтар мен көп қабатты үйлердің алды толығымен абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасалмақ. Қала ішіндегі 22,5 шақырымды құрайтын ирригациялық арықшалар іші қала әкімдігіне қарасты мекемелер тарапынан толықтай тазаланып, қазіргі таңда су қабылдауда. Қала ішіндегі көгалдарға және басқа да қажетті аумақтарға су апару үшін қажеттілігіне қарай «Жасыл Түркістан» мекемесі қызмет атқаруда. Тал-дарақтарды суаруға жаз маусымында су жетіспей қалады. Бұл мәселені шешу мақсатында қала бойынша жасыл алқапты суарудың гидрантты жүйесіне көшірілген. Қала көлемінде гидрантты жүйемен суғару жұмыстары 10 кезеңге бөлінген. Бұл бойынша да жүйелі жұмыстар жүріп жатыр екен. Бұл суды үнемді пайдалануға мүмкіндік беретін тиімді суару әдісі. Яғни: су буға айналып азаймайды, жол жөнекей жерге сіңіп, соңына жетпей қалмайды, суарылатын нысандарға нақты, шығынсыз жетіп отырады.
ТҮРКІСТАН ШӨЛДІ АЙМАҚ БЕЛДЕУІНЕ ЖАТАДЫ
Ағаштардың қаламызды жерсініп, алып кетуі, жалпы нәтижесі бойынша проблема жоқ емес. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Қала аумағында егіліп жатқан талдар көбіне «Елдар қарағайы», қара ағаш, терек, тұт ағашы, жиде талдары. Осы ағаштар Түркістан топырағын жерсініп, тез алып кетіп жатыр. Жерсінбейтіні көбінесе декоротивті ағаштар. Қаланы көріктендіру мақсатында декоротив ағаштар: шыршалар, қайыңдар егілген. Бірақ олардың жерсінуі қиын болып тұрғанын жасырмайды мамандар. Бұл бойынша арнайы мамандар: агрономдар, ботаник-ғалымдар жұмыс жасап жатыр. Келісімшарт бойынша мердігер мекеме 3 жылға дейін ағаштарды өсіріп, күтіп-баптауға кепілдік береді. Сол 3 жылдың ішінде қураған ағаштарды қайта егіп, қалпына келтіруге мердігер тарап міндеттенеді. Қураған ағаштардың орнына қайтадан егуге мемлекет қайта қаржы бөлмейді. Шарттағы міндеттемеге сәйкес шығынды өтеп, қалпына келтіреді, орындамаған жағдайда шығындары сот арқылы мемлекетке қайтарылады. Ондай жағдайлар да болды. Жалпы, осыған дейін егілген талдардың өнімділігі – 60 пайыз. Алдағы уақытта оны 70-75 пайызға жеткізу көзделуде.
Жалпы, Түркістан шөлді аймақ белдеуіне жатады, көгалдандыру біршама күрделі жұмыс. Ағаштар-дың жерсінуі, көгалдандыруда нәтижеге жетуі үшін жергілікті жердегі тұқымбақтарға ден қойылып келеді. Мұнымен «Жасыл аймақ» ЖШС айналысады. Биылғы жыл осы «Жасыл аймақтың» және ХҚТУ ботаникалық бағының тұқымбағы-нан көшеттер алып отырғызды. Одан бөлек жаңа 3 га жерге тұқымбағы құрылды. Әзірге сынама ретінде құрылды, 3 жылдан кейін нәтижесі белгілі болады. Егер нәтижелі болса, алдағы уақытта осы тұқымбақтың көлемін ұлғайтып, дамыту жоспары қарастырылып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы