Кешкісін жұмыстан үйге кірген бойда, көзім әкемнің қолындағы қағазға түсті.
Жүзінен бұл парақтың маңыздылығын сезіндім. Сол сәтте, маған қарап:
– Балам әр нәрсенің өз уақыты болады. Отан алдындағы борышыңды өтейтін уақытың келді, — деді. Бұл жаңалықты естіген бетте, әскерге баруға дайындала бастадым. Сөйтіп, 2021 жылғы қарашаның он тоғызында Өскеменнің төріндегі 5518 әскери бөліміне келіп қалдым. Кіре берістен әскери оркестр музыка ойнап, басшы құрам жылы қабақпен күтіп алды. Әскердегі тұрмыс – тіршілік gен тамақтанудың өзгешілігіне үйренуім ұзаққа созылды ма, білмеймін, алғашқы күндері бұрын үйден қатты ұзап көрмеген он тоғыз жасар балаға оңай болған жоқ. Бөлімнің ішінде құрылған оқу пунктінде бір ай бойы қару-жарақтың материалдық-техникалық құрылымы оқытылып, атқаратын қызметіміз үйретіліп, саптық даярлық жүргізілді. Солай, әскери Ант қабылдайтын уақыт та жетті. Ол күн менің есімде мәңгі қалмақ. Әскерде өткен бір жылымды Ант қабылдағанға дейін және кейін деп екіге бөлсем де болады. Оқу пунктінде нәрестеге қасық ұстатқандай кейіпте едік, енді болса қанатын аспанға кең жайған қайсар құстай батылдық пен құлшыныс туды бойымда. Сөйтіп, 1 жедел мақсаттағы батальонның жауынгерлік қамтамасыз ету ротасына бөліндім. Әскери қызметімнің қызықты күндері енді басталды…
Алғашқы қызметім Өскемен қаласының көшелерін кешкі сағат алтыдан бастап түнгі он екіге дейін патрульдеу болды. Ол жерде өз бойымда қырағылық пен жылдам әрекет ету сияқты қасиеттерді дамыттым. Қалада өткізілетін іс-шаралар мен меркелер кезінде әскери тізбекте тұрдым. Қала маңындағы өрттерді жоюға қатыстым. Бөлімнің мәдени іс-шараларында да бой көрсетіп жүрдім. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін әскери қызметте мені жігерлендіріп, қолдау көрсеткен командирім аға лейтенант Мұхамадиев Мирас Талғатұлына алғысым шексіз. Мен ол кісіні мотиваторым және өмірлік тәрбиешім деп қабылдап, айтқандарын екі етпеуге тырыстым. Менің бойымдағы сенімділік пен батылдыққа үлгі болған ағамнан көп нәрсені үйрендім. Мен үшін әскерге бару жай ғана борышым емес ол нағыз ер жігіттің асыл жолы — баға жетпес өмір жолы. Кейін патрульдеу көлігін жүргіздім. Бөлім командирінің қызметтік көлігінің жүргізушісі болдым. Қысқаша айтқанда, тәжірибем артып, марапаттарға да ие болдым.
Марапаттармен қоса, мен бір жылдың ішінде өзіме нағыз достар және болашаққа мақсат пен бағдар таптым. Сонымен қатар, сіздерге айтарым, мен қазір бұрынғы Абылай емес, өз бойымда — жаңа Абылайды таптым.
Қатардағы Абылай Талғарбай, 5518 әскери бөлімінің сарбазы.