ТҮРКІСТАН: МИНОМЕТШІ ТӘЛУ БЕРДІБАЕВ


Соғыс және еңбек ардагері Тәлу Бердібаев Қазығұрт ауданына қарасты Көкібел ауылының тумасы. Аймаққа сыйлы ақсақал жұбайы Мінай апа екеуі 9 ұл-қыз өсіріп, қызды қияға, ұлды ұяға қондырып, олардан бірнеше немере сүйді. Бұл әулетке туыстық жағынан қатысым болғандықтан кейде той-томалақта, ас-жиында кездесіп, әңгімесін жалықпай тыңдайтын едім. Қазыналы қарт шежіре шерткендей шешіле сөйлейтін. Үш сыныптық қана білімі болса да, көргені, көңілге түйгені көп еді. Бала кезінде колхозда масақ терді, өгіз айдап, тоқылдақпен бидай бастырды. Басқа да құрдастары сияқты еңбекпен ерте есейді. 1942 жылы 26 маусымда әскер қатарына алынған. Алайда, ол кісі соғыс жайында сирек сөз қозғаушы еді. Қай жылы екені жадымда жоқ, бірде Жеңіс мерекесі қарсаңында майдангердің үйінде көпшілікпен бірге қонақта болғаным бар. Жылдағы дәстүрі бойынша 7 қыз, 2 ұлдан тараған ұрпақ қара шаңырақта жиналған екен. Мерекелік дастарқан басында олардан бөлек, құдалар, ағайын-туыстары мен жақын жекжаттары да отырды.
– Қазығұрт ауданынан әскерге алынған 32 өрімдей жас Шымкент вокзалында 2 күндей аялдап, сосын Батысты бетке алып, майданға аттандық, – деді Тәлу қария әңгімені алыстан бастап. Қазір ойлап отырсам, сол жігіттердің 29-ы оралмапты. Үшеуміз ғана келдік. Тауарлы пойызбен алдымен Уфа қаласына жеткізді. Окина стансасында бізді әскери даярлықтан өткізіп болған соң жан-жаққа бөліп жіберді.
Сөйтіп, 17 жастағы жас сарбаз 239-шы атқыштар дивизиясы, 813-ші атқыштар полкі құрамында миномет расчетінің көздеушісі болып ұрысқа кіреді. Аз мерзім ішінде қаруды жетік меңгеріп шығады. Ал, минометтің салмағы 61 келі тартады. Ол үш бөлікке бөлінеді. Мәселен, ұңғысының өзі 19 келі тартса, аяғы – 21 келі. Плитасы 23 келідей. Миномет расчетындағы үш сарбаздың әрқайсысы соны көтеріп жүруі тиіс. Бойы пәс әрі арық Тәлу Бердібаев оның ешқайсысын да көтере алмайды. Бірақ, нысананы дәл көздей біледі. Атқан оғы далаға кетпейді. Кейін мерген минометшінің атағы бүкіл дивизияға мәлім болды. Осы қасиетін бағалаған взвод командирі өз бұйрығымен оны ауыр қаруды көтеріп жүруден азат етті.
Тәлу Бердібаев Ленинград майданында талай ерлік көрсетті. Кескілескен шайқас, қым-қиғаш атыс, өлім мен өмірдің ортасында жүрген Тәлу ата 1944 жылы бір деревняда жасырынған немістер мен техникасын түгел жойып жібергені үшін үшінші дәрежелі «Данқ» орденімен марапатталады. Украина, Латвия елдерін жаудан азат етуге қатысқаны үшін I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, басқа да ерліктері үшін 11 медальмен марапатталған. Майдан қолбасшылары Конев, Рокоссовскийдің Алғыс хаттарын алған.
Тәлу ағамыз соғыс аяқталған соң екі жылдай Украинаның Харьков қаласындағы қираған ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысыпты. Сөйтіп, 1947 жылы ғана туған жеріне қайтады. 1952 жылы ауылдағы Мінәй деген қызға үйленеді. Екеуі 55 жылдай отандасты. Тәлу Бердібаев шаруашылықта ұзақ жылдар бойы трактор бригадасының есепшісі, табельші, қой фермасының есепшісі, жемшөп цехының күзетшісі, жанар-жағармай цехының меңгерушісі болып қажырлы еңбек етті. 1983 жылы құрметті демалысқа шықты. 2007 жылы 20 ақпанда 82-ге келген шағында дүниеден озды. Соғыс ардагерінің ұрпағы жыл сайын Жеңіс мерекесі қарсаңында марқұмның рухына Құран бағыштап, ерлігіне әрдайым тағзым етеді.
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы