ТҮРКІСТАН: ӘСКЕРДЕН КЕЛІП, ГРАНТТА ОҚЫП ЖҮР… — 2


Ерлан ҚЫМБАТБЕК, «Спорт және туризм» факультетінің 1-курс студенті:
– Мен Арыс ауданына қарасты Дермене ауылының тумасымын. Мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады. Бірер жыл ауылда үй шаруасымен айналыстым. Бірде әлеуметтік желіден «әскери борышын өтеген сарбаздарға оқу гранты беріледі» деген хабарды оқып қалдым. Шынымды айтсам, бұл менің әскерге баруға деген ықыласымды оятты. Әскерге шақырту келгенде, бірден қуана қабылдадым.
Өзім құралпы 30-ға тарта жігіт Көкшетау қаласындағы әскери бөлімге түстік. Мұнда келісіммен Бауыржан атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін жадымда берік ұстауға тырыстым. Себебі, тәртіпке бой ұсынсам ғана қиындықты жеңе алатыныма сендім. Әскерде күн тәртібін сақтау, берілген тапсырмаларды мұқият орындау – міндет. Белгіленген күн тәртібіне сай күнде спорттық іс-шаралар, оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Соның барлығын қызықты әрі пайдалы етіп өткізу өзіңе байланысты. Осы міндеттерді орындау барысында бойым ширап, ойым ширыға түсті. Былайша айтқанда, әскери өмір мен күткеннен де қызықты болып шықты. Ең бастысы, адамның өзіне деген сенімі болса жетіп жатыр. Егер ерік-жігерің әлсіз болса, әскерде қиналады екенсің.
Әскерге барарда ауылдағы өзім қатарлы жігіттер «барма, уақытың босқа өтеді» деп кеңес берген еді. Әскери өмірді көргеннен кейін ол сөздердің бекер екеніне көз жеткіздім. Себебі, әскерге барып, оқу грантына қол жеткіздім. Бір сөзбен айтқанда, «Әскер – өмір мектебі» деген сөздің шындық екеніне көзім жетті.
Университет жанындағы кәсіптік бағдар беру орталығы директорының міндетін атқарушы Талғат Зәуірбектің айтуынша, мемлекеттің мұндай жеңілдігіне бүгінде ата- аналар да қызығушылық таныта бастаған.
– Біздің орталыққа ата-аналар жиі хабарласып жатады. Олардың көпшілігі «баламызды әскерге жіберсек, келген соң тегін оқи ала ма?» деп сұрап жатады. Мәселен, әскерге жылына 30 мың жас қабылданса, соның 3 мыңына гранттық жеңілдіктер қарастырылған. Яғни жыл сайын әскерден келген 3 мың сарбаздың тегін білім алуына мүмкіндігі бар деген сөз. Әйтсе де, әскерге барып келгендердің барлығы бірдей грантқа іліге бермейді. Әскерде үздік нәтиже көрсетіп, әңгімелесу кезінде таңдаған мамандығына қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап бергендер ғана жоғары оқу орнына жолдама алады.
Университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен әскерден келгендерге 140 орын бөлінген. Бұл – Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Осы ретте үздік сарбаздарға берілетін гранттың мемлекеттік емес жоғары оқу орнының есебінен берілетінін ескерте кеткен жөн. Әскерден келгендерге құқықтанудан өзге мамандықтардың барлығында оқуға болады. Негізінен техникалық мамандықтарға басымдық берілген. Қазір бізде әскери борышын өтеп келген 23 бала грантпен, 25 бала ақылы негізде оқып жатыр. Олар бізге Қорғаныс министрлігінің ұсынымымен келеді. Сондай ұсыныс хаттардың негізінде оларды оқуға қабылдаймыз. Кейбірі елге келген соң гранттан бас тартып жатады. Айта кетерлігі, мұндай жеңілдікпен оқуға түскендерге шәкіртақы берілмейді, есесіне, жатақханамен қамтамасыз етіледі, – дейді Т.Зеуірбек.
Елді қорғау – парыз, Отанды қорғау – абыройлы іс. Осы қасиетті парызды абыроймен атқарып келген сарбаздардың болашағын жарқын ету, оларға жоғары білім әперіп, келешегіне жол ашу – мемлекеттің де міндеті.
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы