
Отырар топырағына табан тіреген облыс әкімі бұл қасиетті өлкенің ежелден ғылым мен білімнің ғана емес, күллі түркі жұртының рухани өзегі болғанын атап өтті. Қазақ өркениетінің сан мың жылдық тарихы осы киелі өңірдің қақ жүрегінен бастау алғанын алға тартып, бүгінгі таңда туристерге толымды ақпарат беру, келушілерге сапалы қызмет көрсету және аймақтың туристік әлеуетін жоғары деңгейде дамыту — басты міндет екенін айтты. Бүгінгі мақаламызда Отырар жеріндегі киелі мекендер мен туристік орталықтар туралы тоқталамыз.
Арыстанбаб кесенесі — ғасырлардан жеткен даналықтың, сопылық дәстүрдің қайнар бастауы. 11–12 ғасырларда өмір сүрген ислам ғұламасы, ұлы Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған бұл әулие туралы халқымыздың аңыз-әпсанасы да, шежіресі де мол. Кесенеде Қарға баба, Лашын баба, Шерімбет әз сынды тарихи тұлғалар мәңгі тыныстайды. Алғашқы мазар XII ғасырда тұрғызылып, XIV ғасырда Әмір Темірдің өзі жаңа кесене салдырғаны тарихтан мәлім. ХХ ғасырдың басында, 1907–1909 жылдары Қалмырза Мүсәпірұлы қайта жөндеу жүргізсе, соңғы рет 2004 жылы толықтай жаңғыртылды. Археологиялық-қорық музейінде бүгінгі таңда 24 852 құнды жәдігер сақталып, ғылыми кітапхананың қоры 3180 кітаппен толыққан. 76,5 штат бірлікте қызмет етіп, 2023 жылдың өзінде кесенеге 278 844 адам зиярат еткен.
«Отырар қалажұрты» аумағы — 189,6 гектар. Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі мәдени, сауда орталықтарының бірі болған Отырар — қазақ тарихының алтын өзегі. Қаланың құрылымы ортағасырлық дәстүрге сай үш бөлікке бөлінеді: цитадель, шаһристан және рабад. Шаһристан 20 гектар аумақты алып жатса, рабадымен бірге 200 гектарға жетеді. Бұл нысандардың туристік әлеуеті аса жоғары, ал мемлекет тарапынан көне қаланы зерттеу мен қорғау жұмыстары әлі де жалғасып келеді.
Бүгінде Отырардың рухани келбетін жаңғыртып, туризм саласын заман талабына лайық дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. «Арыстанбаб» кесенесі мен «Отырартөбе» маңындағы абаттандыру жұмыстары келушінің көңілін еріксіз баурайды: жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, жасыл желек егілген, тынығатын орындар орнатылған. «Отырартөбенің» кіреберісі аса көркем стильде қалпына келтіріліп, қамал үлгісіндегі қақпа, кең автотұрақ, жүк артқан түйе керуені мен керуенбасының мүсіндік композициясы ежелгі қаланың рухын тірілткендей әсер қалдырады. Дегенмен археологиялық қазба жұмыстары әлі де қарқынмен жалғасуда.
Археологтар топырақ астында жасырынып жатқан қала орнынан түрлі тұрмыстық бұйымдар мен тарихи жәдігерлер табылып жатқанын айтты. Екі ірі жобаның жалпы құны — 475 млн теңге. Ал бұл нысандардың дәл ортасынан бой көтерген «Сапар» орталығы аймақтың бар тарихи орындары туралы жан-жақты ақпарат беретін үлкен туристік хабқа айналып үлгерді.
Алдағы уақытта үш нысанды жалғайтын 1,7 шақырымдық арнайы жол бойынан ұлттық тағамдар әзірлейтін орындар, сервистік орталықтар салынады. Құны — 615 млн теңге. Бұл жоба толық жүзеге асса, аймаққа жаңа туристік маршрут қосылатын болады. Сондай-ақ әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері саналатын «Оқсыз» қалажұртын абаттандыру жұмыстары қолға алынып, аяқжолдар, автотұрақтар салынып, тынығатын орындар орнатылмақ. Бұл мекен де туристік бағыттың көркем бір нүктесіне айналады деген сенім бар.
Отырар ауданы табиғи ресурстарға бай өңір болғандықтан, экотуризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Сырдария мен Арыс өзендері, Шошқакөл және Түркістан–Сырдария табиғи аймағы аңшылық пен табиғат туризмі үшін көп мүмкіндік береді. Болашақта туристерге бүркітпен аң аулау, тазымен саят құру, өзен-көл бойында демалып, балық аулау сияқты ерекше қызмет түрлері ұсынылмақ. Арыс пен Сырдарияның қиылысындағы «Құйған» демалыс орнының ашылуы да жоспарда тұр. Бұл жобалардың барлығы жүздеген жаңа жұмыс орнының ашылуына жол ашады.
Агро және этнотуризм бағыты да назардан тыс қалмайды. Аудандағы 8 мыңнан астам түйе, 60 мың ірі қара, 360 мың уақ мал және 18 мыңға жуық жылқы — үлкен мүмкіндік. Келушілерге мал шаруашылығының қыр-сыры көрсетіліп, қымыз, құрт-май әзірлеу процесіне қатысуға жағдай жасалмақ.
Жергілікті кәсіпкерлер де туризмді жандандыруға атсалысып жүр. Қоғам ауылының тұрғыны 50 млн теңгеге 50 орындық қонақүй салуда. Шілік ауылында жол бойы сервис орталығы салынып жатыр. Қазіргі таңда ауданда 7 қонақүй жұмыс істейді. Жыл сайын 200–300 мың турист келетін бұл аймақ алдағы уақытта жаңа нысандар есебінен турист санын еселеп арттыруды көздеп отыр.
Туризм – тек экономикалық мүдде ғана емес, елдің рухани келбетін, тарихи санасын әлемге паш ететін бағыт. Президент Жолдауында айтылғандай, экотуризм мен этнотуризмге серпін беру – ел болашағы үшін маңызды қадам. Бүгінде Қазақстан бойынша тарихи қалаларды туризм орталығына айналдыру ісі қарқын алып келеді. Мәселен, Түркияның Каппадокиясына жылына екі миллионға жуық турист барады. Көрікті каньондары, әуе шарлары, көне мәдениеті арқылы ел экономикасына қомақты пайда әкеліп отыр. Әуе шарымен аспанда қалқып отырып, тарихты көзбен көру — турист үшін ұмытылмас әсер. Каппадокияның табысты тәжірибесі Отырар өңірінде де сәтті қолдануға болатын үлгі екені сөзсіз.
Шығысқа кең танылған Отырар — қазақтың ғана емес, адамзат өркениетінің алтын тамыры. Бұл мекен – ұлт болып ұйысқан ошақ, ғылым мен мәдениеттің мәңгілік бесігі. ХІХ ғасырдан бері археологтардың қызығушылығын оятқан көне қалада зерттеу жұмыстары үзілген емес.
Арыстанбаб кесенесіндегі көне кітапхана тарихы да ерекше. 1930 жылдары «қызыл қырғын» кезінде талай асыл қолжазба жойылса да, Әбусейіт Оңғарбайұлы мен Қалмырза Мүсәпірұлы секілді ел азаматтары араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбалардың бір бөлігін аман алып қалған. Бір парасы Әбу Насыр әл-Фараби музейіне тапсырылса, қалғаны иесінің өсиетімен өз қабіріне бірге көмілген.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы 1979 жылы құрылған. 4 республикалық, 216 жергілікті маңызы бар ескерткіш осы қорық-мұражай құрамына кіреді. Мұндағы жәдігерлер — көне Отырардың 2000 жылдық тарихын айна-қатесіз танытатын баға жетпес мұралар. Отырар ауданының туристік әлеуетін күшейту жөніндегі ұсынылған концепция былай өрбиді:
• Отырар туризмін ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама ретінде жүйелеу, қолдау тетіктерін жетілдіру;
• Инфрақұрылымды жаңғыртып, қонақүйлер, киіз үйлер, демалыс саябақтары мен мәдени нысандар салу;
• Ауданның туристік беделін арттыру үшін тиімді жарнама агенттіктерін құру, ақпараттық орталықтар ашу;
• Халықаралық деңгейде қызмет көрсете алатын ірі туристік фирмалар ашу;
• Шетелде Отырар туралы сапалы полиграфиялық, аудио-бейне жарнамалар тарату және заманауи web-сайттар құру. Отырар — тек өткеннің көне ізі емес, болашаққа бастайтын ұлы мұра. Топырақтың әр түйірі тарих, әр төбесі шежіре сөйлейтін бұл өңірді дамыту — ұлт руханиятына жасалған зор қызмет.