
Кез келген елдің мәдениеті мен өркениетінің деңгейі оның көшелерінен-ақ көрінеді. Көзге бірден түсетін көше атаулары, маңдайшалар, дүкендердің атауы, түрлі хабарландырулар мен жарнамалар мемлекеттік тілдік келбетін айқындайтын маңызды белгілердің бірі. Сондықтан жарнама кәсіпкердің тауарын немесе қызметін насихаттайтын құрал емес, ол мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын көрсететін ерекше мәдени кеңістік деп қабылдағанымыз жөн.
Бүгінде киелі шаһарда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соған қарамастан, күнделікті өмірде көзге түсетін көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамаларда емле қателері, орынсыз аудармалар немесе мемлекеттік тіл талаптарының сақталмауы жиі кездесіп жатады. Мұндай олқылықтар қазақ тілінің беделіне ғана емес, тұтас қаланың мәдени келбетіне де әсер етеді. Осы мәселеге қатысты Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев мемлекеттік тілдің мерейін көтеруде жарнаманың орны ерекше екенін айтады.
– Жарнама сауатты жазылмай мемлекеттік тілдің мерейі өспейді, – дейді бөлім басшысы. Шынында да, қалаға келген әрбір туристің немесе қонақтың алғашқы назар аударатыны – көшелердегі көрнекі ақпараттар. Олар сол арқылы елдің тілдік мәдениетін, тұрғындардың мемлекеттік тілге деген құрметін бағалайды. Егер маңдайшалар мен жарнамалар қатесіз, сауатты әрі әдеби тіл нормасына сай рәсімделсе, бұл қаланың мәдени деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіштердің біріне айналады.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде жазылып, қажет болған жағдайда басқа тілдерде де беріледі. Алайда бұл талаптардың барлық жерде бірдей сақталып отырғанын айту қиын. Кейбір кәсіпкерлер заң талаптарына салғырт қарап, жарнамаларды тек орыс тілінде орналастырса, енді бірінде қазақ тіліндегі мәтіндер сапасыз аударылып немесе өрескел қателермен жазылады.
Мұндай жағдайлардың туындауына көбіне автоматты аударма бағдарламаларының ретсіз қолданылуы себеп болып отыр. Бір қарағанда қарапайым көрінетін сөздердің орынсыз аударылуы, сөйлем құрылымының бұзылуы немесе сөздердің мағыналық үйлесімінің сақталмауы мемлекеттік тілдің беделіне кері әсер етеді. Әсіресе қоғамдық кеңістіктегі мұндай қателіктер мыңдаған адамның көзіне түсетіндіктен, олардың ықпалы да айтарлықтай болады.
Түркістан қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Қадырболат Мұсағалиевтің айтуынша, заңды түрде жұмыс істейтін жарнама агенттіктері жарнама мәтіндерін қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің келісімімен ғана орналастырады. Бұл – мемлекеттік тілдің заң талаптарына сәйкес қолданылуын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Сонымен қатар бөлім мамандары кәсіпкерлермен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Ай сайын ұйымдастырылатын кездесулерде кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарының талаптары түсіндіріліп, жарнаманы дұрыс рәсімдеудің жолдары көрсетіледі.

Мұндай жұмыстар нақты нәтиже де беріп отыр. Жыл басынан бері Түркістан қаласында орналасқан 392 көрнекі ақпарат пен жарнамаға мониторинг жүргізілген. Талдау қорытындысында заң талаптарына сәйкес келмеген 32 ас мәзірі мен 7 сыртқы жарнама анықталып, олар ретке келтірілген. Бұл көрсеткіш мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады.
Әрине, заң талаптарын сақтамағандарға қатысты әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған. Дегенмен мамандардың айтуынша, басты мақсат – айыппұл салу емес, кәсіпкерлердің құқықтық сауатын арттыру. Себебі түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде көптеген кәсіпкерлер өз қателіктерін түзетіп, алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермеуге ұмтылады.
Жарнаманың сауатты жазылуы тек тіл мамандарының немесе мемлекеттік мекемелердің ғана міндеті емес. Сауатты рәсімделген жарнама кәсіп иесінің беделін көтеріп қана қоймай, тұтынушының сенімін арттырады. Ал тілдік қателерге толы жарнама керісінше кәсіпкердің имиджіне нұқсан келтіреді.
Бүгінде Түркістан – тек еліміздің ғана емес, күллі түркі жұртының назарындағы тарихи шаһар. Жыл сайын мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған турист келеді. Сондықтан қала көшелеріндегі әрбір жазу, әрбір маңдайша мен әрбір жарнама қазақ тіліне берілетін өзіндік баға десек, артық айтқандық емес.
Қорыта айтсақ, тіл мәртебесі тек ресми құжаттармен немесе мінбердегі сөздермен ғана көтерілмейді. Ол күнделікті өмірде, атап айтсақ, көшедегі әрбір маңдайшада, дүкен атауында, жарнамалық мәтінде көрініс табуы тиіс. Мемлекеттік тіл қоғамдық кеңістікте сауатты әрі көркем қолданылғанда ғана оның беделі артып, ұлт руханиятының тірегі ретіндегі орны беки түседі деген пікірдеміз