ТҮРКІСТАН: «АЗАМАТ ЕРДІҢ БАЛАСЫ – АЗ ҰЙЫҚТАР ДА КӨП ЖОРТАР»


Қазіргідей геосаяси жағдай ушығып тұрған тұста елдің ертеңіне, оның қауіпсіздігі мәселесіне алаңдаушылар аз емес. Осындайда дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының жоғарыдағы өлең жолдары еріксіз еске түседі. Себебі, айналамызда болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғалар, ақын айтқандай, бізден, әсіресе, елдің қауіпсіздігін қорғайтын әскерімізден аз ұйықтап, көп жортуды талап етеді.
Әрине, «ел басына күн туа қалса, етікпенен су кешер» әскеріміз бар. Ал, олардың дайындығы қалай? Әскердің әлеуетін көтеру үшін не істеген жөн?
Жалпы, кез келген елдің әскери әлеуеті техникаларының санымен-сапасымен өлшенеді. Қорғаныс министрлігінің сайтындағы мәліметтерге сенсек, біздің бұл бағыттағы әлеуетіміз Орта Азияда көшілгері екендігін аңғартады. Дегенмен, бұған тоқмейілсімей, әлі де ілгері жылжи түсуіміз қажет. Себебі, осынша ұлан- байтақ территорияны қорғау үшін «Абылайлап!» атқа қону аздық етеді. Сондықтан әскерімізді оң озық техникалармен қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты былтырғы Жолдауында қорғаныс саласындағы өнеркәсіпті нығайтуға ерекше мән берілген.
Бұрынғыдай емес, қазір әскерге барғысы келетін жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер көп. Мемлекет олардың әскерден келген соң грантпен тегін оқуына, әскерде жүріп, кәсіптік білім алуына, несиесі болса, оны белгілі мерзімге дейін пайызсыз шегеруіне мүмкіндік жасап отыр. Мұның өзі көп жастардың әскерге баруға деген ынтасын арттыруда. Оның үстіне, соңғы жылдары жастарды жаппай әскерге алу керек деген талап күшейді. Жалтарып жүргендерді көшеде, қоғамдық орындарда жүрген жерінен ұстап әкете бастады. Мұны естіген кейбір әсіребелсенділер «адам құқығы тапталып жатыр» деп өре түрегелгені белгілі. Бірақ, солар әскери міндеттен жалтару нағыз жігіт үшін жат қылық екендігін, азаматтық борышты өтеу әрбір ер-азаматтың парызы екенін қаперлеріне алғысы келмейді.
Былтыр сәуір айында досымның 24 жастағы ұлын үйде жүрген жерінен әскерге алып кетті. Әкесі алып қалуға қанша тырысқанымен, әскери комиссариаттағылар илікпеді. Амал жоқ, сәт-сапар тілеп, өз қатарластарынан кештеу бара жатқан ұлды елдің шығыс шебіндегі Мақаншыға шығарып салдық. Жақында сол бала әскерден оралды. Екеуара әңгімеде: «Бір жыл өте шығады екен, аға. Есесіне, ақыл тоқтатып, өмірдің мәнін түсініп, айналамдағы жандардың қадірін түсіне бастадым. Ең бастысы, әскерге барған адамның ер-азаматқа тән мінезі қалыптасады екен» деп, үлгілі қызметі үшін кіші сержант шенін алғанын мақтанышпен жеткізді. Өзінің айтуынша, застава басшылығы оған әскери бөлімде қалып, келісімшарт бойынша қызмет ету жөнінде бірнеше рет ұсыныс та жасапты. Досымның ұлы келешегін басқа саламен байланыстыратынын айтып, ұсыныстан бас тартқан көрінеді. Жалпы, өз қалауымен әскерде қалу сарбаздың ішкі рухына байланысты дүние екені айтпаса да түсінікті.
Жақында Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінің сарбаздарымен редакцияда әскери журналистика төңірігінде әңгіме өрбіттік. Маған олар еңселері тік, ішкі рухтары берік, сенімдері нық көрінді. Сөз арасында бөлім командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арман Өтеновті әңгімеге тарттық.
– Біз рухани тәрбиені осынша жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымызды дәріптеуден бастаймыз. Тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгені, оны сақтау парыз екендігі сарбаздардың күнделікті құлағына құйылады. Ауған соғысына және Чернобыль апатына қатысқан ардагерлермен кездесулер өткіземіз. Мұның барлығы сарбаздың ішкі рухани дүниесін байытуға әсер етеді. Солдаттың ішкі рухы мықты болса, ол кез келген сынақтан қиналмай өтеді. Мен көріп жүрген соң айтамын. Біздің сарбаздар шетінен қайсар, табанды. Офицерлеріміз де білікті. Сондықтан бұл мәселеде алаңдауға негіз жоқ, – дейді бөлім командирінің орынбасары.
Тағы бір ескерер дүние, қазақ әскерінің болмысын насихаттайтын кинотуындылардың қатарын көбейткен ләзім. Өйткені, теледидар – әлі де таптырмас тәрбие құралы. Мысалы, Американың фильмдерін көрсеңіз, әскерлері бүкіл адамзатты апаттардан құтқарып жүргендей әсерде қалдырады. Көрші Ресей өз сарбаздарын дүниедегі ең әділ, ең патриот азамат ретінде бейнелейді. Ондай жүрек жұтқан сарбаздар, жаужүрек жауынгерлер бізде жоқ па? Әрине, бар. Тек соны насихаттай білу қажет. Біреулер «Әскерге хат», «Әскери атташе», «Жас ұлан» сияқты әскери кинолар түсіріліп жатыр ғой деуі мүмкін. Бірақ, ол аз дер едік.
Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 30 мың жас әскери борышын өтеуге аттанады екен. Демек, әскери резерв жыл сайын осынша сарбазбен толығып жатыр деген сөз. Бұл әлдеқандай күн туа қалған жағдайда әскеріміздің ұдайы сапта екендігін білдіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы