
Әскери сарапшы, міне, осы тұста әскери резервтің екінші түрі – белсенді резервтің үлкен маңызға ие болатынын айтады. Расында, бағамдап қарасақ, 4 миллион адам деген ересен күш. Әлемнің ешбір елінде дайын тұрған 4 миллион сарбазы бар армия жоқ. Демек, мәселе елдегі ер адамдардың санында емес, соның қанша бөлігін шұғыл түрде майданға аттандыра алатынымызда екен.
Қазір біздің елімізде белсенді резерв дегенде бұрын әскери қызметте болғандар мен әскери кафедраларды тәмамдағандар ғана ойға оралады. Бірақ, олардың өзі көп жағдайда әскерден ұзақ жылдар бойы алыстап кеткен адамдар. Міне, осы жағдайдың барлығын ескере отырып, еліміз белсенді әскери резерв құруды жоспарлап отыр.
Жоғарыда аталған заң жобалары қабылданып, күшіне енген кезде азаматтар резервте әскери қызмет атқару мүмкіндігіне ие болады. Яғни, 2025 жылдан бастап заңда белгіленген талаптарға сай келетін кез келген азамат аумақтық қорғаныс департаментіне жүгініп, денсаулығы жарамды болса, резервтегі қызметке кірісуіне болады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметтері бойынша, ол үшін келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалады. Даярлық бір жылда екі айдан аспайды. Яғни, резервке қызметке қабылданған сарбаз айына 4-5 күн өзі тұратын аймақтағы әскери бөлімдерге барып, әскери сабақтар алып, жауынгерлік дайындықтан өтеді. Әскери қызметті аптаның демалыс күндері атқарғандықтан ол негізгі жұмысынан қол үзбейді.
Оған қоса резервтегі әскери қызметшілер жылына бір рет 30 күндік жауынгерлік даярлық жиындарына шақырылады. Заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес, жұмыс берушінің меншік нысанына қарамастан, әскери жиынға кеткен қызметшінің жұмыс орны да, жалақысы да сақталады. Әрі бұл жағдай қызметшінің жыл сайын алатын кезекті ақылы еңбек демалысына әсер етпейді.
Резервшілерге денсаулық жағдайы бойынша талаптар қойылады және жас шектеулері белгіленеді. Офицерлер үшін – 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздар үшін 18-ден 50 жасқа дейінгі аралық қарастырылған. Резервшілерге қару-жарақ пен жауынгерлік техника бекітіледі. Олар тек өз облысының аумағында қызмет етеді.
Бір жақсысы, резервтегі әскери қызметшілерге ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінде жалақы төленеді. Ал, жауынгерлік жиынға аттанған айында республикадағы орташа жалақы көлемінде еңбекақы төленеді. Әскери резервтегі қызметшілерге төленетін жалақы, олардың әскери формасы, тамағы, оларды әскери техника және қару-жарақпен қамтудың барлығы республикалық бюджеттің есебінен жүргізіледі.
– Белсенді резервтің артықшылығы өте көп. Біріншіден, бұл елде әскери тәжірибесі мен машығы бар адамдардың көбеюіне әсер етеді. Екіншіден, әскери уақыт орнаған кезде резервтегі адамдар аумақтық қорғаныс департаментіне бармай-ақ, тікелей өзі қызмет ететін әскери бөлімге бара береді. Ол өзінің қайда баратынын, командирі кім екенін, қару-жарақты қайдан алатынын, офицерлер болса, қорғаныс шебін қай жерден құруды, ол үшін қандай ресурстар керектігін біліп отырады. Үшіншіден, үш жыл бойына тұрақты түрде әскери білім алып, даярлықтан өткен адам тек қатардағы жауынгер болумен шектелмей, белгілі бір әскери мамандықты да иеленіп шығады. Әрі бұл сарбаз саны көп тұрақты армияны ұстап тұруға қарағанда экономикалық тұрғыдан тиімді болады, – дейді Д.Жұмабеков.
Халқымыз «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөзді текке айтпаған. Әрине, әскери сарапшылар белсенді резервті қалыптастыру жұмысы еліміз тәуелсіздік ала салысымен басталуы тиіс еді деп есептейді. Десе де, ештен кеш жақсы деген бар. Егер заң қабылданып, алдағы онжылдықта әскер жасындағы ер азаматтардың кем дегенде 5-6 пайызын белсенді резервке қоса алсақ, бұл Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыру жолындағы зор жетістік болмақ. Бұл да әскери мамандардың тұжырымы.