
Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, Заңнамаларға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Осыған орай, мемлекеттік қызметке кірудің жаңа жүйесі іске қосылып, мемлекеттік органдар арасында кезең кезеңмен енгізілуде. Осы жылдың шілде айынан бастап іріктеудің жаңа жүйесі Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдарында енгізілетін болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқанын айта келе жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетінін атап өткен болатын.
– Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор. Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз, – деген еді Президент.
Сондай-ақ Президент өз сөзінде цифрлық технологияны жан-жақты енгізу қажеттігін айтты.
– Қазақстан цифрландыру ісінде, әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жетті. Бірақ бұл – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. Толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиіс, яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет. Елімізде жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керек. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет. Бұл технологияны «Smart City» жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Адам капиталын дамытуды және жоғары оқу орындарын білім беруден ғылыми-зерттеу тәсілдеріне көшіруді көздейтін «AI-Sana» жасанды интеллектіні оқыту бағдарламасының маңызы артып келеді. Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың біртұтас жүйесін құруға тиіс. Қазір жасанды интеллект нарығында не болып жатқанына қараңыздар. Қытайлық компания 6,5 миллион долларға DeepSeek платформасын жасап шығарды. Оның тиімділігі миллиардтаған доллар жұмсалған платформалардан асып түсті. Жуырда Қытай тарапының цифрландыру мәселесімен, жасанды интеллектіні ойлап табумен айналысатын өкілімен кездестік. Бізге Қытай тәжірибесін міндетті түрде қолдану керек. Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Шын мәнінде, жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтады.
Алайда таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады. Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс. Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді.
Жалпы, жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Мұндай қылмыстарды ашу оңай емес. Үкімет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да ведомстволар күш-жігер біріктіруі маңызды. Ішкі істер министрлігіне осы сипаттағы қылмыстарды әшкерелеуге көмектескен жөн. Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек.
Бұрынғы жүйе бойынша еgov порталы арқылы тестке жазылып, тестілеу залына келіп, заңнамаларға және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеулерінен өту, сондай-ақ, бос лауазымдарға құжат тапсырып, жеке мемлекеттік органға конкурстық комиссияға әңгімелесуге бару керек болатын. Қазіргі таңда, бүкіл процестер толық автоматтандырылуда.
Бұл ретте, «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталында іске асырылатын конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге мемлекеттік органға келмей, үйден отырып-ақ конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.