
Түркістанның жүрегінде орналасқан орталық базар – тек сауда орны ғана емес, ел тарихы мен дәстүрінің айнасы іспеттес. Оның дәл ортасында «Мұздай көже» деген жазуы бар шағын арба бар. Көпшілік бұл сауда нүктесінің қайдан шыққанын, оның тарихын білмесе де, қарттар: «Бұл көженің базарда қашан пайда болғанын өзіміз де ұмыттық» деп жымияды. Алайда, осы қарапайым әрі сүйікті сусынның артында тұтас бір отбасының қажырлы еңбегі, адалдық пен жүрек жылуы жатыр.
Бұл арбаның негізін қалаған Момынжон Иргашов – тек кәсіпкер емес, дәстүрдің сақтаушысы. Бұрын олар сауданы бір жерде, стационарлық нүктеде жүргізген. Бірақ уақыт талабына сай, ыңғайлы әрі жылжымалы сауда орны қажет болды. Сонда әкесі мен баласы бірге қол ұшын беріп, ерекше арба жасап шығарды. Бұл тек бизнес қана емес, отбасының ынтымағы мен бірге еңбек етуінің жарқын мысалы.
Момынжон ағайдың өмірлік ұстанымы – терең әрі мәнді: «Алла әр адамды белгілі бір мақсатпен жаратқан. Сол мақсатты түсініп, өз жолыңды тапқан адам ғана шын мәнінде бақытты» – дейді. Осы қарапайым сөздің астарында тек жеке тағдыр емес, ұрпаққа үлгі болатын кәсіп пен адалдық жатыр.
Көже жасау дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Иргашовтар отбасының бұл ісі – табиғи, таза ингредиенттерді пайдаланып, қазақтың ежелгі рецептісін сақтай отырып, өз өнімін халыққа ұсынады. Көже – тек сусын ғана емес, сонымен бірге ұлттық салт-дәстүр мен мәдениеттің бір бөлшегі.
Базардағы «Мұздай көже» арбасы жылдар бойы адамдардың сүйікті орнына айналды. Жылжымалы сауда орнының арқасында ол кез келген жерде көрініп, адамдарға ыңғайлы болып отыр. Бұл – заманауи кәсіпкерлік пен дәстүрдің үйлесімі. Момынжон ағай мен оның отбасы бұл кәсіпті жалғыз ақша табу емес, елге қызмет ету, халыққа жақсылық әкелу деп біледі.
Осылайша, Түркістанның осындай шағын ғана арбасы арқылы үлкен отбасы өз еңбегінің жемісін көріп, аймақтағы мәдениеттің сақталуына да үлес қосуда. Көже – жай сусын емес, ол халықтың бірлігінің, дәстүрінің, адал еңбектің символы іспеттес.
Момынжон ағайдың сөздері: «Кез келген істі жүрекпен істесең, ол бақыт пен береке әкеледі». Бүгінгі таңда оның отбасы мен ұрпағы сол дәстүрді сақтап, әрі дамытып келеді, ал базардағы «Мұздай көже» арбасы әлі де Түркістанның көрікті бренді болып қала береді.
Жылжымалы, салқындатқышымен жарақталған бұл арбаны жасауда Иргашовтар отбасының жанашырлығы мен шеберлігі көрініс тапқан. Әкелі-балалы қолдың еңбегі мен көрші шебердің дарындылығының қосындысы – табысқа апаратын жолдың бастауы болды. «Алтынмен емес, адал еңбектің арқасында табыс табамыз» – деп олар әр теңгенің қадірін білді.
Сатылым артты, қызығушылық тудырды, алайда Иргашовтар үшін ең бастысы – тұтынушыларға таза, сапалы өнім ұсыну. Күннің ыстығында, базардың қайнап жатқан шағында жұртшылық «көжешінің» алдында топталып, дәм татудан бас тартпайды.
Момынжон ағаның сөзінде үлкен мән бар: «Алла әр адамды белгілі бір мақсатпен жаратқан. Сол мақсатты түсініп, соған сай еңбектенген адам ғана бақытты болмақ». Осы ұстаныммен, отбасы бірлік пен табандылықпен кәсіптің шыңына көтерілді.
Базардың тіршілігі мен қызығын сезініп, көже дәмін татқан әр адам Иргашовтардың адалдығына, еңбекқорлығына тәнті болады. «Мұздай көже» тек сусын ғана емес, бұл – жүректен шыққан еңбектің дәмі, дәстүр мен заманауи кәсіптің керемет үйлесімі.
Момынжан ағаға көже дайындаудың құпиясы туралы сұрақ қойғанда, ол бірден қарапайым әрі мағыналы жауап қайтарды:
– Қайдағы құпия? Көженің құпиясы жоқ. Бұл – біздің ата-бабалардан қалған ас, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен дәм. Негізгісі – оны жүрекпен, шын ниетпен жасап, ішкен адамға ыңғайлы етіп дайындау. Басында өзің ішкендей таза әрі табиғи болу керек. Сонда ғана халық сүйіп ішеді, – деді ол мейірімді жымиып.
Көженің алғашқы жұтымынан-ақ ерекше бір дәм аңқып, тіл үйірер дәмі мен ойға қалдырар терең мәні сезіледі. Әлденеше рет ішкенімізбен, дәл бүгінгі көже өзгеше екені анықталды. Иргашовтар отбасы көжені таза, табиғи айраннан әзірлейді, оның дәмінен қоспалардың ізін көрмейсің. Басқалар сияқты айранға су қосып, дәмін жеңілдетіп қоюға ниеті жоқ. Бұл – шынайы айранның салқын сұлулығы, ол әрбір жұтымда жүрекке жайлылық пен сергектік сыйлайды.
«Қуаныш» сауда орталығы директорының орынбасары Талғат Сәдуақасов та осы оймен келіседі:
– Иргашовтардың көже арбасы біздің сауда орталығының брендіне айналды. Алыстан келген қонақтар оны бірден танып, сүйікті сусынын ішуге асығады. Басында ағарған қатарындағы қарапайым сөреде, кәдімгі бачок пен кесемен сауда жасаған олар, уақыт өте келе алғашқы болып бір реттік ыдыстарға көшті. Мұз сақтағыш жасап, жылжымалы арбаны қолдана бастады. Қазір бұл арба тек Иргашовтарға ғана емес, бүкіл базарға танымал визитка іспетті. Келушілер тоқтап, таңдай қақтырып, ризашылықпен көжесін ішеді.
Бұл шағын сауда нүктесінің артында үлкен еңбек, жаңашылдық пен ұжымдық күш жатыр. Табиғат берген таза өнім мен адал ниет – табыстың басты кілті екенін дәлелдейді.
Бүгінгі таңда Момынжан ағайдың шағын бизнесінің ілгері басқан тізгіні ұлы Ислам Иргашевтың қолында. Десе де, жас жігіттің жолы бірден саудаға түспегенін айта кету керек. Оның алғашқы ынтасы техника мен өндіріс саласына бағытталған еді.
Осылайша, олар жаңа бағытты таңдады: жылжымалы көже арбасын ойлап тауып, оны іске қосты. Уақыт өте келе бұл жай ғана кәсіп емес, сенім мен еңбекке құрылған отбасылық дәстүрге айналды. Бүгінде Ислам көже саудасының иесі ғана емес, шебері де өзі.
– Әкем бұл кәсіпті маған сеніп тапсырды. «Ата кәсіпті жалғастыр» деді. Мен осы сенімнің үдесінен шығуға барымды салудамын, бірақ әкем әлі де жанымнан табылады. «Қол қусырып отыра алмайды екем» дейді күліп, – дейді Ислам. Шынында да, бұл істің іргетасы сонау 90-жылдары қаланған екен. Алғашқы бастаманың авторы – Момынжан ағайдың анасы.
– Бәріне себеп болған – біздің сиырымыз, – деп еске алады Момынжан ағай. – Күніне он-он бес литр сүт беретін жануар еді ол. Үлкен отбасыға артық болатын сүтті анам лепешка пісіріп сатумен қоса, сүтті де саудаға шығарды. Бір күні көже жасап, оны орталық базарға алып шықты. Ол кезде сөре де, витрина да жоқ, көжені жерге қойып сататынбыз. Дегенмен, сол қарапайым әдіс көптің көңілінен шықты, сұраныс күннен-күнге артты. Мен де сегізінші сыныптан бастап анама көмекке шығып, саудаға араластым.
Момынжан ағай үшін сол жылдар ұмытылмас. Тоқсаныншы жылдардың қиын кезі, жұмыссыздық, қаланың іші тыныс алмас шақтар. Бала болса да, отбасының ауыр жүгін арқалап, көше-көшемен көже сатып, адал еңбектің дәмін татып өскен сәттер еді.
– Қалада тұрақты жұмыс табу мүмкін емес болған соң, амалсыз саудаға ден қойдым, – дейді ол.
Момынжан ағай шағын бизнесті баласына сеніп тапсырса да, базардан оңай бас тарта алмайды. Жұмыссыз өз өмірін елестету мүмкін емес екенін ашық айтады:
– Үйде не істеймін? Скамейкаға жайғасып, көршілермен әңгіме айтсам ба? – деп күлімдейді ол. – Денсаулығым жарап тұрса, 90 жасқа дейін істей беремін. Әрі қарай не боларын Аллаға қалдырамыз.
Осы қарапайым сөздерден-ақ еңбек пен адалдықты өмірлік ұстаным еткен жанның іскерлікке деген сүйіспеншілігі, кәсібіне берілгендігі айқын аңғарылады. Момынжан ағай үшін көже – тек кәсіп емес, жан жылуы мен ұрпаққа берілетін ерекше мұра.
Ақмарал ҒАНИҚЫЗЫ.