
Ата Заңымызға заман талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі үш жылдан астам уақыт өтті. Содан бері мемлекеттің саяси жүйесінде және құқық қорғау саласында бірқатар реформалар жасалды. Жаңа үлгідегі Конституция халық үніне құлақ асатын мемлекеттің іргесін бекіте түсті.
Рас, ел Конституциясының тарихы тереңде жатыр. Уақыт өткен сайын қандай құжат болмасын өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда кейбір адамдар қазіргі Конституциямызға 6 рет өзгеріс енгізілгенін айтып, соны сын садағына алуға асығып тұрады. Бірақ, біз сол өзгерістердің санына емес, оның мазмұнына, мемлекетімізге қандай пайда әкеліп жатқанына назар аударғанымыз жөн. Мен осы тұрғыда Үндістанның Конституциясын мысалға келтіргім келеді. Ол әлемдегі ең көлемді құқықтық құжат болып есептеледі. Соған қарамастан ол Конституцияға 100-ден аса өзгерту мен толықтыру енгізілген. Егер уақыт соны талап етіп тұрса, ел үшін қандай да бір пайдасы болса, Конституцияны заман көшіне сай дамытып отыру – қалыпты құбылыс.
Бүгінгі жаңарған Конституция қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғырту үшін қажетті құқықтық негіздерді қалады. Мұның қатарында саяси өзгерістер, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін және құқық қорғау тетіктерін жетілдіру бағыттары бар. Соның ішінде, Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен жасалып жатқан кең көлемді реформалардың басты бағыты – Президент өкілеттілігін қысқартып, Парламенттің рөлін күшейту және шешім қабылдау үрдістеріне азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету. Ауыл, аудан, қала әкімдері тікелей дауыс беру арқылы сайланып, саяси партиялардың Мәжіліске өту межесі 5 пайызға дейін қысқарып, үміткерлерге бір мандатты округтер бойынша сайлауға түсуге мүмкіндік берілді. Бұл – біздің еліміз үшін мәні зор оқиға.
Конституцияға енгізілген өзгерістердің құқық саласы үшін де маңызы өте зор. Өйткені, сот жүйесі, соттардың мәртебесі қайта қаралып, заңсыз иемденген активтерді қайтару туралы заң қабылданды. Ол өз кезегінде «Прокуратура туралы» конституциялық заңға да өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Конституциялық сот құрылды. Міне, қоғамның қайта түлеп, заман көшіне ілесуіне түрткі болған Ата Заңымыздың 30 жылдық межесіне де келіп жеттік.
Конституцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетілгендей, бүгінде мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы болып саналатын әрбір адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары заңдық тұрғыда қорғалып келеді. Сонымен қатар, еліміздегі этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі қазіргі күні әлемдік деңгейде мойындала бастады. Бұл модель барлық елге үлгі болып, қазіргі уақытта толықтай зерттелу үстінде. Біле білсек, этносаралық келісімнің қайнар көзі Ата Заңда жатыр және ол әртүрлі заңдар мен нормативтік актілермен реттелген.
Бүгінде даму жолына түскен мемлекетіміз әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналды. Мемлекеттің қоғамдық-саяси ахуалы мен экономикалық жағдайының тұрақты дамуына қазақстандық бірегейлік пен бірліктің ықпалы зор. Конституцияда қоғамдық келісім мен этнос¬ара¬лық толеранттылықтың құқықтық негізі қаланды. Осының негізінде, қоғамдық келісім конституция қағидасына негізделе отырып халықтың біртұтастығын қалыптастыруға бағытталды. Елімізде этнос¬аралық татулықтың салтанат құруы – мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Түсінген адамға толеранттылық – үлкен құндылық!
Өзара татулық, ұлтаралық және дінаралық келісім жайында сөз қозғалып жатқанда мен бүгінгі күні қоғамда, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, пікірталас тудырып жүрген мәселе жайында заңгер ретінде пікір білдіргенді жөн көріп отырмын. Атап айтқанда, мектептерде діни рәсімдерді өткізуге жағдай жасауға, оқушыларға белгілі бір дінге жататындығын көрсететін киім мен атрибуттар киюге шақырулар күшейе түсті. Конституциямыздың аясында әрі заң бойынша осы мәселені қалай шешу керек? Діннің білім беру жүйесіндегі орны туралы сұраққа жауап Конституциямыздың бірінші бабында тұр: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».
Бұған қарап отырып, біз бір жағынан елдің басты құндылығы – адамның құқықтары мен бостандығы, соның ішінде ар-ождан бостандығы екенін, ал, қандай да бір дінді ұстану немесе ешқандай дінді ұстанбау осының ішіне кіретінін түсінеміз. Екінші жағынан, еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, дін – мемлекеттен бөлінген. Бұл жерде ешқандай қайшылық жоқ. Расында, зайырлық – діннің де, мемлекеттің де баяндылығы, дамуы мен жаңғыруы үшін ең басты ұстаным. Тек оны дұрыс насихаттап, елге дұрыс жеткізу керек. Сондықтан зайырлы ел екенімізді ұмытпауымыз керек.
Жоғарыда аталған мәселе Ата Заңымыздың аясында бүгінгі жүргізіліп жатқан саяси, құқықтық реформалар шеңберінде дұрыс шешімін табады деп сенеміз. Мәселен, елге игілігін тигізеді деп күтіп отырған жұмыстардың бірі – заңсыз иемденген активтерді қайтаруға қатысты заңның қабылдануы. Мемлекет сені «жемқорсың» деп кінәламайды, тек қолыңдағы мүлкіңнің қайдан келгенін дәлелде деп талап қояды. Заңды жолмен тапқан дүниең болса, дәлелдеп бер де әрі қарай тыныш өмір сүре бер. Дәлелдей алмадың ба, онда жемқорлықпен айналысқан болып саналасың да, мүлкіңді мемлекетке қайтарып беруге міндеттісің. Бұл өте әділетті шешім дер едім. Осы бағытта үлкен жұмыстар басталды. Қазір жемқорлардан қайтарылған ақшаларды негізінен мектеп салуға жұмсап жатырмыз. Енді алдағы уақытта оларды халықтың әлеуметтік жағдайын түзеуге жұмсасақ, елдің әл-ауқатын көтеруге үлкен септігін тигізер еді. Ата Заңымыздың да басты мұраты осы емес пе?!
Мұрат ТЛЕУБЕРДИЕВ,
Түркістан облысының прокуроры.