
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков жазғы демалыс кезеңін тиімді пайдаланып, өзі сайланған округ тұрғындарымен жиі-жиі кездесулер өткізуде. Төлеби, Түлкібас, Сайрам, Созақ, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласын қамтитын бұл өңір тұрғындарын не толғандырады? Біз бұл сұрақты халық қалаулысының өзіне қойдық.
– Ұласбек Сәдібекұлы, аудандарға жасаған сапарыңыздан қандай ой түйдіңіз? Елді не мазалайды екен?
– Парламент депутатының өңірлерге сапары – жай есеп беру емес, шынайы мәселелерді нақты шешімге айналдыру жолындағы жүйелі жұмыс деп білемін. Сондықтан әр барған сапарымда жергілікті халықты мазалаған, шешімін күткен түйткілді мәселелерді көзбен көріп, онымен толық танысуға назар аударамын. Өйткені біз Үкіметке, министрліктерге депутаттық сауал жолдағанда, мәселені жан-жақты зерттеп, негіздеп, нақты деректермен жеткізуіміз қажет. Бұл жолғы сапар барысында да бірнеше маңызды әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экологиялық проблемалар бар екеніне көз жеткіздім.
– Төлеби ауданындағы Ақбастау карьеріне қатысты тұрғындардың алаңдаушылығы жиі айтылып жүр. Осы мәселе бойынша не айтасыз?
– Иә, бұл – тұрғындар көптен бері айтып жүрген экологиялық проблема. Ақбастау карьері – цемент зауытына қарасты өндірістік аймақ, шамамен 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ондағы шаң, топырақтың ауылды басып қалатын кездері көп. Сондықтан тұрғындар мұның денсаулыққа кері әсері бар деп дабыл қағуда. Тиісті меморандум бойынша компанияның белгілі бір әлеуметтік жауапкершілігі болуы тиіс. Тұрғындар карьердің заңдылығы мен зияндылығы жөнінде зерттеу жүргізуді сұрап отыр. Біз бұл мәселені толық зерделеп, тиісті қорытынды жасаған соң, Үкіметке депутаттық сауал жолдаймыз.
– Жергілікті инфрақұрылым нысандарына да назар аударған екенсіз, қай жобалар көңіліңізден шықпады?
– Аққұм ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысы баяу жүруде. Біз барғанда құрылыс алаңында жауапты өкіл де болмады. Мердігерге қатысты сын-ескертпелер айтылды. Осындай кішігірім нысандардың «сақалды құрылысқа» айналып кетуінен қауіптенеміз. Бұл мәселені аудан басшыларына нақты ескерттім.
Ал, Төлеби ауданындағы кәріз жүйесі бойынша айтар болсам, жұмыстар жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Мердігермен кездесіп, жұмыстың мерзімінде аяқталуы қажет екенін айттық. Себебі, біздегі кей аудандарда қолға алынған жобалардың көптеген жылдарға созылып кеткен кездері аз емес. Осы жағдайлар қайталанбауы тиіс.
– Білім беру нысандарына қатысты қандай ұсынысыңыз бар?
– Кентау қаласындағы «Дарын» мектебіне бардым. 300-ден астам оқушы спортзалы жоқ, материалдық-техникалық базасы сын көтермейтін мектепте білім алып жүр. Мұнда дарынды балалар оқиды. Жастардың жетістіктері өте көп. Сондықтан бұл мектепке күрделі жөндеу жүргізгеннен гөрі, жаңа типтік мектеп ғимаратын салу қажет деп есептеймін.
– Созақ ауданындағы газдандыру жұмыстарын да көріп келдіңіз. Жергілікті тұрғындар биыл табиғи газды тұтына ала ма?
– Шолаққорған ауылында ішкі жүйелер толық дайын, магистраль тартылған. Бірақ, газ әлі берілмеген. Себебі, магистральға газ жіберу үшін Жаңатастағы құрылыс бітуі керек. Жергілікті билік құбырдағы ашып-жапқыш кран арқылы жүйені реттеуге болатындығын айтуда. Яғни Жаңатас бағытына баратын жүйені уақытша жауып, Шолаққорғанға газ бере беруге болады. Қыс та таяп қалды. Халық тағы бір қысты газсыз өткізбеуі керек. Сондықтан тиісті мекемелерге хат жолдап, мәселені оңтайлы шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.
– Мәжіліс төрінде өңірлердегі қуаңшылық мәселесін көтердіңіз. Шындығында оңтүстік аудандарда ағынсу мәселесі үлкен проблема болып отыр. Жалпы, өңірлерді аралау барысында ауыл шаруашылығы саласындағы қандай проблемаларға куә болдыңыз?
– Биылғы қуаңшылық Бәйдібек ауданына үлкен көлемдегі шығын әкелді. 25 мың гектардан астам жерде егін өнім бермей қалды. Шаруалардың бірі 1000 гектарға арпа мен бидай егіп, оған 78 миллион теңге жұмсаған. Бірақ, алған өнімі шығынды жаппайды. Бұл – диқан отбасылары үшін үлкен ауыртпалық. Олар несие төлемдерін шегеруді сұрап отыр. Біз бұл өтініштерді Үкіметке жеткіземіз.
Қуаңшылықтан зардап шеккен аудандар қатарында Бәйдібек, Ордабасы, Түлкібас, Төлеби, Арыс, Сарыағаш және Созақ аудандары бар. Сонымен қатар, тұқым мәселесі де өзекті болып тұр. Сапалы тұқым жетіспейді. Осыған байланысты Ресейдің Краснояр өлкесінен бидай тұқымын алып келу жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
– Мал азығы мәселесі де күрделі…
– Дәл солай. Жайылымға шөп шықпай қалғандықтан, мал азығын дайындау да қиынға соғып отыр. Биыл 1 гектар жерден 200-300 нығыздалған орама шөп (пресс) орнына, әрі кеткенде 40-50 пресс ғана алынуда. Мал азығы тапшылығы сезілуде. Бұл ертеңгі күні мал ұстауға, ет-сүт өндірісіне кері әсер ететін жағдай. Осы мәселе туралы мәслихат депутаттары мен шаруалар да нақты ұсыныстарын айтты. Микроқаржы ұйымдары немесе төтенше резерв есебінен қолдау тетіктері қарастырылуы керек.
Шөптің бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда қымбаттаған. Ол шаруалардың келісімі бойынша әр өңірде әртүрлі бағада сатылып жатыр.