ТҮРКІСТАН: БАТЫРДЫҢ ДАҢҚТЫ ЕРЛІКТЕРІ


Кеңес Одағының Батыры Жолдас Сүлейменовтің ерлігі туралы баяндамақпыз. Иә, біз соғысқа өз еркімен сұранып кеткендер туралы көп естігенбіз. Ал, бүгінгі кейіпкеріміз әскер қатарына жасы жетпеген соң, туған жылын өзгертіп, өжеттікпен соғысқа өзі сұранып барған. Ж.Сүлейменов 1941 жылы 16 желтоқсанда Сарыағаш аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылды. Ташкент пен Ақтөбеде алғашқы әскери дайындықтан өтті. Сөйтіп, 1942 жылдың қаңтарында өз еркімен майданға аттанады.
Жолдас Сүлейменов 1922 жылы 5 мамырда дүниеге келген. 1942 жылдың ақпан айында 65-армияның 69-атқыштар дивизиясының 120-полкі құрамында қатардағы жауынгер ретінде алғаш рет соғысқа қатысты. Кейін барлаушы болды. Бұл дивизияда Орта Азия мен Қазақстаннан да көптеген ұлт өкілдері болды.
1943 жылдың қазан айы. Бұл жолғы ұрыс күнделікті қай шайқастан да маңызды әрі жауапты еді. Ол – Днепрден өту. Днепрден өту Ұлы Отан соғысындағы тарихи маңызы зор шайқастардың бірі һәм бірегейі. Тіпті, Днепрден өтуді кеңес әскеріндегі әскери шабуылдардың тарихқа мәңгіге жазылған ерліктерінің бірі деп қабылдауға тұрарлық. Сондықтан Днепрден өту әскери мемуарларда, тарихи очерктер мен романдарда арнайы тақырып болып келеді. Белоруссияның Гомель облысындағы Лоев елді мекенінде «Днепр үшін шайқастар» атты (Битвы за Днепр) музейі бар.
Днепр өзенінен өту тек әскерилерге ғана емес, Бас штаб қолбасшыларына да, жергілікті тұрғындар мен әскери құрамалардың барлық бөлімшелеріне де жауапты тапсырма ретінде жүктелді. Арнайы жоспар жасалып, әр күннің тәртібі мен кестесі жан-жақты сараланды. Қазанның 16-на қараған түнде 18-ші және 27-ші корпустардың бірлескен негізгі соққысының арқасында алға жылжу жалғасты. Таң ата полктің барлық жауынгерлері Днепрден өтіп үлгерді. Осы 16 қазан күні түске қарай артиллерия мен әуе күштерінің көмегімен шабуылға шығу жалғасып, басып алған жерлердің аумағы едәуір кеңейді. Жау әскері кері шегінуге мәжбүр болды. Сөйтіп Каменка, Радуль аудандарында өзенге өтпелі көпір қойылды. Ал, 17 қазанға қараған түні Днепр өзенінен 18-ші корпустың, сондай-ақ 60-шы дивизияның толық өтуіне мүмкіндік жасалды. Кеңес әскері сол күні 15 шақырымға дейін алға жылжып, Лоев, Крупейко елді мекендерін жаудан азат етті. Бас-аяғы бес күннің ішінде 65-ші армия тиянақты жасалған жоспардың нәтижесінде үлкен жеңіске қол жеткізді. Жау Лоев аумағындағы бірнеше бекіністерінен айырылды. Олар жай шегініп қана қойған жоқ, оған қоса мыңдаған әскерлерінен, сандаған техникасынан да айырылды.
Кеңес жауынгерлері өжеттік пен қайсарлық танытты. Ол өз нәтижесін берді. Соның арқасында 65-ші армия алдына қойған мақсатына қол жеткізді. Ең бастысы, өнеркәсіпті аймақ саналатын Днепрдің төңірегін алу аса маңызды міндет болды.
1942 жылдың қаңтарынан 65-армияның 69-атқыштар дивизиясының 120-атқыштар полкі құрамында болған Жолдас Сүлейменов майдан жолын Сталинград шайқасынан бастады. Барлаушы Жолдас Сүлейменов кезекті бір тапсырманы орындау барысында жау штабының бастығын құнды деректері бар құжаттарымен қоса қолға түсірген. Сонымен қатар Курск иінінде болған ұрыстарға, Белгородты азат етуге де қатысқан. 1943 жылы 15 қазанға қараған түні Днепр өзенінен (Украина, Чернигов облысы, Репки ауданы, Радуль кентінің маңы) өту үшін болған ұрыста ағам Жолдас Сүлейменов басқарған барлаушылар 300-ден астам фрицтің көзін жойып, 8 зеңбірегін, 3 минометін, 60 әскерін қолға түсірген. Оған 1943 жылы 30 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ағам 1946 жылы запасқа шығып, Арыс пен Отырарда, кейін Сарыағаш ауданында тұрды. 1951 жылы Алматыдағы заң мектебін бітіріп, тергеуші, мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарды. Ленин, 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, медальдармен марапатталды. Зейнеткерлікке шыққан соң қазіргі Жібек жолы ауылдық округіндегі Амангелді мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Барлық өмірін халқының бақытты өмір сүруіне арнаған батыр Жолдас Сүлейменов 1992 жылы 70 жасында өмірден озды.
Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын ерекше атап өтті. Елордада әскери парад ұйымдастырылды. Онда Тәуелсіз Қазақстан әскерінің күш-қуаты паш етілді. Оған жер-жерден соғыс ардагерлері, тыл ардагерлері қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол жиында ең басты мақсат ұлт мүддесін қорғау екенін ерекше атап өтті.
– Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, оның ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Кешегі сұрапыл соғыста Жолдас Сүлейменов сынды батыр аталарымыздың өшпес ерлігі мен қаһармандығы бізді бүгінгі бейбіт күнге, тыныш заманға жеткізді. Олардың қай-қайсысы болсын, жеңісті жақындатып, елді, жерді жаудан қорғады. Сол үшін де біз оларға қарыздармыз. Ерлігіне тағзым етіп, есімдерін ұлықтауға тиіспіз. Ағам – Кеңес Одағының Батыры Жолдас Сүлейменовтің ерлік жолдары жас ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Марияш АБДУЛЛАЕВА,
батырдың қарындасы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы