
Екінші дүниежүзілік соғыстан елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде қажымай еңбек еткен қаншама ардагерлеріміз кеше ғана дүркіреп өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығын көре алмай кетті. Солардың бірі – Асқарбек Жандаров еді. Сұрапыл соғыста жауға жоғарыдан шүйліккен батыр ағамыз елге келген соң қажымай еңбек етіп, алты бірдей ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Оның соғыстағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еселі еңбегі ел есінде қалды. А.Жандаров шын мәнінде жүрегінде Отанға деген адалдық ұялаған халықтың батыры еді.
Қызыл төңкеріс уақытында дүние есігін ашқан Асқарбек ағамыздың балалық шағы ауыр тұрмыс пен жоқшылықта өтті. Бір жасқа толғанда әкесі Әнетбай қайтыс болып, анасы Қадишаның тәрбиесінде болды. Кіндік қаны Отырар жерінде тамғанымен, Бөген су қоймасында тұратын нағашысы Жандарбектің қолында тәрбиеленеді. Білімге құштар зерек бала 1931 жылы Темір стансасы арқылы өтетін жүк пойызына жармасып, Ташкентке кетіп қалады. Онда рабфакта сауатын ашады. Екі жылдан кейін Жамбыл қаласындағы есеп-қисап техникумына қабылданып, оны 1935 жылы бітіріп шығады. Бұдан соң комсомолдық жолдамамен Челябинскідегі әскери ұшқыштар даярлайтын училищеге оқуға түсіп, оны 3 жыл 6 айда бітіріп шығады. Лейтенант шеніндегі жас маман алғашқы әскери қызметін Омбыдағы аэродромда бастады. Кейін полкімен бірге Ашхабад қаласына ауысып, көп ұзамай ол қызмет ететін әскери құрылым Белоруссиядағы Витебск қаласына қоныс аударады. Оның әскери жолы дәл осы сәттен басталып, артынша ерлікке толы шежіреге айналды.
Жас та болса жасындай жарқылдаған жігерлі Асқарбек соғысты әуеде қарсы алды. Польшаның Субалка қаласына шабуыл жасап, бірінші рет әскери тапсырманы мүлтіксіз орындады. Алайда, күші тең емес әуе шайқасында қандыкөйлек әріптестері көп шығынға ұшырады. Төрт жыл ішінде 250 рет әуеге көтеріліп, жау ұшақтарымен бетпе-бет келген жерлесіміз қаншама қауіп-қатердің ортасында жүріп, аман қалды. Бірде истребителіне оқ тиіп, парашютпен секіре бергенде ұшағы жарылып, жалыны мұның жүзін шарпып өтеді. Кезекті бір жауынгерлік тапсырманы орындап келе жатқанда жанармайы таусылады. Секірейін десе, жерге жақындап қалған. Сондықтан амалсыз егістік танапқа қонуға тура келеді. Бұл жер немістердікі ме, әлде біздің әскерлер орналасқан алаң ба, ажыратып болар емес. Айнала тұман. Кейін білгеніндей, ол жер ұжымшардың егіс алқабы екен. Ұшақ тереңдеу арыққа түсіп кетіп аударылады да Асқарбек аға жеңіл жарақат алады. Келесі жолы биіктігі 8-10 метр келетін қарағайға парашюті ілініп қалады. Бір тәуліктей асылып тұрған оны сол маңнан өтіп бара жатқан партизандар құтқарып алады.
Оның өміріндегі ұмытылмас мына бір эпизодты айтып өткеніміз жөн шығар. Бірде әуе күштері әскерінің қолбасшысы, генерал-полковник
М.Громов жерлесімізді өзіне шақырып алып, жауапты жауынгерлік тапсырма жүктейді. Жау тылына өтіп, партизандардан тың деректер алып келу үшін оған өзінің бронды «ИЛ-2» ұшағына отыруға рұқсат береді. Асқарбек ағамыз сол тапсырманы мүлтіксіз орындап, маңызды деректерді алып қайтады. Аэродромда батыр ұлды Громовтың өзі күтіп алып, алтын сағат сыйлапты. Ертеңіне сапқа тұрған полк алдында авиация генералы Асқарбек Жандаровтың кеудесіне жауынгерлік «Қызыл ту» орденін қадайды. Мұнан бөлек соғыстағы ерліктері үшін екінші және үшінші дәрежелі жауынгерлік «Қызыл ту», үшінші дәрежелі Богдан Хмельницкий, «Қызыл жұлдыз» және екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталады. Бұл марапаттар тек кеудедегі төсбелгі ғана емес, өнегелі өмір жолының, азаматтық ұстанымының, елге адалдығының айшықты дәлелі еді.
Майданнан елге оралғаннан кейін де Асекең бір сәтке де тыным таппады. Оның ерен ерлігі бейбіт өмірдегі еңбек майданында да жалғасын тапты. Көп жыл Шымкенттегі Шымкент облыстық трестер басқармасында кадр бөлімін басқарды. Біраз жыл Арыс қаласындағы әскери бөлімде жұмыс істеді. Кейін Сайрам аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Созақ аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, Төлеби аудандық партия комитетінің идеология, кейін өнеркәсіп жөніндегі хатшысы қызметтерін атқарды. «Путь Ильича» ұжымшарын, Түлкібас ауданында мал бордақылау кеңшарын басқарды. Құрметті демалысқа шыққан соң да жұмыстан қол үзбей, Леңгір аудандық зағиптар қоғамына жетекшілік етті. Төлеби және Отырар аудандарының құрметті азаматы атанды. Запастағы полковник, республикалық дәрежедегі зейнеткер 1999 жылы Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін алды.
Бүгінде қаһарман ұшқыштың ұрпақтары еліміздің әр түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Олардың ішінде ұстаз да, дәрігер де, инженер де, қарапайым шаруа да бар. Уақыт өз дегенін істесе де, Асқарбек Жандаровтың жас буынға қалдырған тәлімі, өшпес өнегесі ұрпақ санасында жатталып қалды. Оның перзенттерінің толқын буыны зейнет жасына жетіп, кейінгілері елге қызмет етудің жолында жүр. Олар да әзиз әкелерінің есімін мақтанышпен атап, оның өмір жолын тек отбасының емес, тұтас бір ұрпақтың рухани қазынасы ретінде қастерлейді. Асқарбек Жандаровтың жарқын бейнесі ел есінде шын мәніндегі батыр, еңбек ардагері ретінде сақталып қала бермек.
Д.ЖҮСІП.