ТҮРКІСТАН: ЖАУЖҮРЕК ЖАУЫНГЕР


Шалғайдағы Созақ ауданынан Ұлы Отан соғысына 4862 адам аттанса, соның 4002-сінің сүйегі жат жерде қалып қойды. Сол соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, елге аман-есен оралған жауынгерлердің бірі – Ысқақ ҰЛЫҚСАТОВ.
Ысқақ көкеміз 1910 жылы қаңтарда Бетбақдаланың Ұңғы аймағында дүниеге келген. Әуелі сауатын ауыл молдасынан ашқан. Есейе келе ауылдағы сауатсыздықты жою курсында оқып, жаңаша сауат ашты. Қызылордадағы есеп қызметкерлерін дайындайтын курста оқып, 12-ші ауылда (бұрынғы «Талапты» колхозы) есепші болып істеп жүргенде, 1942 жылы соғысқа алынды. Ленинград майданында соғысқа кіріп, қаланы жаудан азат етуге қатысты. Тұс-тұстан бораған оқ пен оттың астында, өмір мен өлім арасында қаланы жауға бермеу үшін шайқасты. Қан майданда елден бірге барған талай жерлесінен көз жазып қалды. Окопта бой тасалап жатқан неміс офицерін қолға түсіріп, штабқа тапсырған кезі де болды. Тергей келгенде ол неміс офицерінің жауынгерлері оққа ұшып, өзі бас сауғалап жүрген кезі екен.
Ленинград түбіндегі жаудың жойқын шабуылы кезінде Сақаң ауыр жарақат алады. Білегін оқ тесіп өтіп, снаряд жарықшағы оң аяғының өкшесін талқандап кетеді. Қансырап ес-түссіз жатқан жерінен санитарлар зембілмен алып кетеді. Әскери госпитальда операция жасап, қорғасын жарықшақтарын тазалайды. Содан алты ай госпитальда жан азабын тартып жатып, жауынгерлік жорыққа жарамсыз деп тапқан арнайы комиссия шешімімен ауылға қайтады.
Туған жерге оралған соң майданда алған жарақатынан құлан-таза айығып кетпесе де бейбіт еңбекке араласып, аудандық тұтынушылар қоғамында ұзақ жыл еңбек етті. Ауылда жүргенде он жылдан кейін соңынан келген «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін әскери комиссариаттағылар табыс етті. Сол бір сұрапыл соғыс жылдары Ленинград майданындағы жауынгерлік ерлігін әскери бөлім командирлерінің ұмытпағанына қуанды. Майдандағы қанды шайқастар мен ауданда еңбек еткен жылдары екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.Жуков», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін» жауынгерлік және бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.
Сақаң кешегі отызыншы жылғы Созақ көтерілісінің, одан кейінгі ашаршылық жылдарының тірі куәгері еді. Өмірінде нешеме қиындықты көрсе де кісілік болмысын сақтап, тектілігін жоғалтпады. Бала кезде молдадан оқыған ескіше сауатымен Құран Кәрім мен араб тілінде жазылған кітаптарды еркін оқыды. Ауылдағы молдалар Сақаңнан дәріс алып, ол кісіні өздеріне ұстаз санады. Көкірегі алтын сандық қарияның әңгімесін тыңдауға біз де құмбыл болып тұратынбыз. Жасы ұлғайған шағында да атқа мініп, ауылдан ұзап, жылқы қайырмалап жүрді. Ысқақ көкеміздің шаңырағында екі әжеміз бен екі анамыз, балдаққа сүйенген ағамыз бар, жағдайы ауыр отбасы еді. Сақаңның ұлы Зейнолла ағамыз үйленіп, Жеңіс күні дүниеге келген Жеңіс жеңгеміз осындай ауыр шаңыраққа келін болып түсіп, бар қиыншылықты қайыспай көтерді. Сол жылдары әр үйдің ауласында үйелмелі-сүйелмелі оншақты бала ойнап жүретін, балабақша жоқ кез еді. Жеңіс те бес ұл, үш қызды дүниеге әкеліп, Сақаңның шаңырағын базарлы ортаға айналдырды. Шаруасын дөңгелетіп, берекесін келтірген Жеңіс ауыл-аймаққа жақты. Осындай ауыр бейнетпен жүріп, үйдегі әжелер мен аналарды мәңгілік мекендеріне шығарып салды. Өмірінің соңғы жылдары Сақаң көзден қалып, төсек тартып жатып қалды. Табан жолын көруден қалғанымен ақыл-есінен адаспаған қарттың көкірегі сайрап жатты. Ауыл мен қаладағы үлкен-кіші ағайын-туыстың атын атап, түсін түстеп, амандығын сұрайтын. Сүйегі асыл бұрынғының адамдары мейірім-шапағат пен бауырмалдықты ұрпағының бойына сіңірумен болды. Кемпірі Күләй анамыздың бұрын кетуі де ауыр тисе керек, Жеңіс келінінің күтімі арқасында Ысқақ көкеміз жүзге келіп, ақыл-есінен адаспаған күйі өмірден өтті. Бұл күнде Жеңіс жеңгеміз Сақаңның қарашаңырағында ұлы Қайраттың қолында, немерелеріне қамқор болып отыр. Ауылға барған сайын «Үлкен үйдің» кешегі базарлы шағын еске алып, Жеңіс жеңгеміз жайдары қалпымен қарсы алады. Көп балалы ардақты ананың ұл-қыздары жоғары оқу орындарын бітіріп, немерелерінің алды мемлекеттік қызметте істеп жүр.
Ғасыр жасап өмірден өткен, сұм соғыста толарсақтан қан кешіп, ерлік көрсеткен Ысқақ Ұлықсатовтың рухын Жеңістің 80 жылдығында еске алуды жөн көрдік.
Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы