ТҮРКІСТАН: ҚАҺАРМАН ҚАРСЫБАЙ

Сталинград шайқасы – Ұлы Отан соғысындағы ең ауыр шайқастардың бірі. Ол алты жарым айға созылып, екі жақтан 2 миллионнан астам жауынгер мен орасан зор әскери техниканың қатысуымен кең аумақта өтті. 1942 жылдың 17 шілдесінде басталып, 1943 жылдың 2 ақпанына дейін жалғасқан қан майданда Кеңес әскері бұрын-соңды ешбір соғыс тарихында болмаған теңдесі жоқ шайқастарды басынан өткізді. Неміс қолбасшылығы әрекет ететін күштерінің төрттен бірінен айырылды. Жаудың 1,5 миллионға дейінгі солдаты, офицері мен генералы қаза тауып, 24 генералы мен 2500 офицері тұтқынға алынды және фашистік Германия бұл шығын орнын соғыс біткенше толтыра алмады.
Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған барлық әскери құрамалардың үштен бірі қатысты. Олардың нақты санын анықтау іс жүзінде мүмкін емес. Дегенмен, 50 мыңнан кем емес екені анық.
Сталинград шайқасы қорғаныстық (1942 жылғы 17 шілдеден 18 қарашаға дейін) және шабуылдық (1942 жылғы 19 қарашадан 1943 жылғы 2 ақпанға дейін) болып екі кезеңге бөлінеді. Қорғаныс кезеңі өте қиын болды және соғыстың шектен тыс шиеленісуімен сипатталды. Қазақтар мен қазақстандықтар Сталинград шайқасына алғашқы күннен қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Ерен ерлік көрсеткен сондай ерлердің бірі Қарсыбай Сыпатаев еді.
Қарсыбай Сыпатаев туралы деректерде ол 1918 жылдың 15 сәуірінде бұрынғы Көктөбе, ал, кейбір деректерде «Төрткүл ауылында шаруа отбасында дүниеге келген» деп жазылған. Ұлты – қазақ. Әкесі Сыпатай Балапанов қарапайым шаруа адамы болған. Атасы Балапан Қоқан ханына қарсы көтеріліске қатысса, әкесі Сыпатай ерлігі үшін Амангелді Имановтан ең жақсы ат пен алмас қылыш алған. Демек, Қарсыбай әулетінің ерлік тарихы сонау көне замандардан басталады. Қарсыбайдың бес ағасы, бір інісі болған. Ол алғашқы кезде бастауыш мектепті, кейіннен «Шаян» жалпы орта мектебін бітіреді. 1936-1937 жылдары ұжымшарда бригадирдің көмекшісі болып жұмыс істесе, 1938 жылы арнайы курс оқып, есепші қызметін атқарған. 1940 жылы Бүкілодақтық Лениндік коммунистік жастар одағына, комсомол қатарынан коммунистік партия қатарына өтіп, аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызмет атқарады. 1942 жылдың наурызында бұрынғы Бәйдібек аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 1942 жылдың 21 қарашасынан бастап Сталинград соғысына қатысқан.
Қарсыбай Сыпатаев соғыс жылдарында Оңтүстік майданның 4-ші кавалериялық корпусының, 61-ші атты әскер дивизиясында 13-ші дербес атты-артиллерия дивизионы, 2-ші батареясының минометшісі болып қызмет етті. Сталинград қоршауы басталғанға дейін ол Ортаазиялық әскери аймақтан теміржол арқылы қаланың оңтүстігінде орналасқан ауданға шұғыл түрде аттандырылған еді. 1942 жылдың 19 қарашасында Қызыл Армия Сталинград маңында фашистік әскерлерді қоршауға алу мақсатында кең ауқымды операция бастайды. Сыпатаев қызмет ететін 4-ші кавалериялық корпустың 61-ші атқыштар дивизиясына Дарганово, Кануково, Кенкря, Шарнут елді мекендерінде ұрыс жүргізіп, оған іргелес орналасқан ауылдарды азат ету жүктеледі. Бұл кезде Қарсыбай қаруының қыр-сырын жақсы меңгерген ең үздік минометшілердің бірі болатын. Ол әр ұрыс кезінде жаудың бір взводқа жуық әскерін жойып отырды. Немістер оның минометі орналасқан жерге қарай жылжыған сайын ажал құшты. Соның нәтижесінде Сталинградтың оңтүстік-батысында жаудың бірнеше шабуылы тойтарылды.
1942 жылдың 21 қарашасында 61-ші атқыштар дивизиясына бірнеше күннің ішінде Плодовитая, Обгонирова селоларын, 4-ші румын жаяу әскерлері дивизиясымен бірге Тунгутова ауданын жаудан тазарту туралы тапсырма беріледі. Овладела, Соляной, Уманцево селолары үшін болған жанкешті ұрыста Қызыл Армияның мерейі үстем болады. Келесі ұрыс «Красный герой» колхозына қарасты елді мекендерде жүріп, 2-ші батарея минометшісі, қатардағы жауынгер Сыпатаев минометтен дәл нысаналап атқылау арқылы жаудың жолын бөгейді, бір взводқа жуық фрицтің көзін жояды.
1942 жылдың 26 қарашасындағы соғыс күнделігінде Шарнут елді мекені алдындағы биіктікке қырыққа жуық танк, одан кейін мотоцикл мінген, оның соңынан жаяу әскердің жылжығаны жазылған. Кеңес әскерлері күшімен салыстырғанда жау әскерінің саны да, күші де әлдеқайда басым болған. Танк пен автоматшылар тобынан жасақталған жау әскерлері 2-ші батареяны үш жағынан қоршай отырып, шабуыл жасайды. Жаудың әскер жағынан да, техникасы мен қаруы жағынан да әлдеқайда көп екенін көрген кеңес жауынгерлерінің бойын үрей билей бастайды.
Бұл – Сталинградтың қорғаныстық кезеңнен өтіп, шабуылдық кезеңін бастаған алғашқы күндері болатын. Бұрын қорғаныста болып, аракідік, оқта-текте ғана шабуылға шығатын кеңес әскерлері әлгінде командирлерінің «жаудың бетін тойтарып қана қоймаймыз, қарсы шабуылға шығамыз» деген бұйрығын есіткен еді.
Қарсыбай минометін ұрысқа дайындай бастайды. Алдымен жаяу әскер мен танктердің арасын бөлуді ойлайды. Бірақ, қанша атса да, атқаны нысанаға дәл тиіп жатса да жау әскерін танктерден ажырата алмайды. Өйткені, күш тең емес еді. Үш жақтан қыса соққы беріп, жарып өткен жау танкілері батареяға жақындайды. Техника мен қару-жарақ жағынан үлкен артықшылыққа ие немістер қорғанысты бұзып өтуге үмітті еді. Қарсыбайдың расчеті түгел қаза табады. Жалғыз өзі әрі оқ тасушы, әрі орнатушы, әрі оқтаушы, әрі дәлдеуші-нысанашы болып, қарсы келе жатқан жаудың бірнеше техникасын істен шығарады. Осы кезде Сыпатаевтың бір ғана снаряды қалады. Ол бір неміс танкісінің өзіне қарай жер бауырлап келе жатқанын байқайды. Қарсыбайдың жанындағы жыраға тығылып, жан сақтап қалуына болатын еді. Бірақ, ол олай етпеді. Әлгі танк 2-ші батареядағы қаруластарының жаралы денелері мен қару-жарақтың бәрін таптап, жойып жібереді деп ойлап, соңғы минаны қолына ұстап, өзіне жақындап қалған танкке қарай беттейді. Минаны құшақтаған бойда танктің шынжыр табанының астына өзін тастайды…
Кенет… гүрс еткен дауыс шықты. Жарылыс салдарынан танктің алды артқа қарай айналып кетеді де, шырқ айналып бір орында тұрып қалады. Әлгіндегі басып-жаншып, таптап, бәрін қырып-жойып келе жатқан екпіні басылып, тына қалады. Артынша аспанға қою қара түтін көтеріледі. Бұл оқиғаны да, ерлікті де көргендер аз, тым аз еді. Бірақ, бұл туралы хабар бірден бүкіл полкке, кейін дивизияға, соңынан Сталинград пен күллі қазақ даласына тарады.
Қарсыбай жаудың бетін тойтарып, шайқастың нәтижелі шешілуі үшін өз өмірін қиды. Ал, қаруластары сол күннен бастап Сталинград шайқасы тарихындағы шешуші кезең – жаппай шабуыл кезеңін бастады. Қарсыбай Сыпатаевтың ерлігі ол қызмет еткен 61-ші атқыштар дивизиясының жаппай шабуылға шығуына негіз қалады.
Қарсыбай Сыпатаевтың денесін қаруластары сол күні қазіргі Ресей Федерациясы, Қалмықия Республикасы, Сарпинск ауданы, Шарнут елді мекені маңындағы төбешікке жерлейді. Соғыстан кейін Шарнут селосы орталығындағы Бауырластар зиратына қайта жерленеді.
Айта кетейік, Қарсыбай Сыпатаев Қызыл Әскер қатарына 1942 жылдың наурызында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауданынан шақырылып, сол жылдың қарашасынан бастап белсенді армия қатарында болады.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 17 сәуірдегі Жарлығымен неміс басқыншыларына қарсы күресте қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі әрі мінсіз орындағаны және көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін Қызыл Әскер жауынгері Қарсыбай Сыпатаевқа Кеңес Одағының Батыры (қайтыс болған соң) атағы беріліп, Ленин орденімен марапатталды.
Сыпатаев Қарсыбайдың ерлігі мен есімін мәңгі есте сақтау үшін туған жерінде және Шымкент қаласындағы №7 мектепке оның мүсіні орнатылды. Туып-өскен ауылы, ондағы мектеп және денесі жерленген Қалмықия еліндегі бірқатар білім ошақтары Қ.Сыпатаевтың есімімен аталады. Жауынгердің есімі Волгоград облысының Октябрьский ауданы орталығындағы мемориалға жазылған.
Қазыбек ТӘЖИЕВ,
әдебиеттанушы-фольклорист, тарихшы-өлкетанушы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы