
Былтыр екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына сексен жыл толды. Төрт жылға созылған қиян-кескі ұрыста аталарымыз нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Рейхстагтың төбесінде Жеңіс туын желбірету үшін жан аямай шайқасты. Қан майданнан аман қайтқандары елге оралған соң да қарап жатқан жоқ. Еңсесі түскен елдің жарқын болашағы үшін қаруын күрекке айырбастады. Олардың ерлігі бүгінгі ұрпақтың жадынан өшпеу керек.
Бір әттеген-айы сол, майдангерлеріміздің көпшілігі соғыста басынан кешкен оқиғаларын, одан кейінгі бейбіт өмірде елге сіңірген еңбегін хатқа түсіріп кетпеген. Тек бірен-сараны ғана жазуды жанына серік етіпті. Сол ат төбеліндей аз ғана майдангерлерімізден қалған кітаптар бүгінде өте құнды тарихи жәдігерге айналып отыр.
Басынан кешкен қиындығы мен тауқыметін қағазға түсіріп кеткен аз ғана жауынгерлеріміздің бірі – 1921 жылы дүниеге келген түлкібастық Ынтымақ Үсіпбайұлы. Балалық шағы Көктерек ауылында өткен қария сексеннен асқан шағында «Өмірде туған толғаулар» атты кітабын жазған. Бүгін сол кітапты оқып отырып, қарияның ғана емес, еліміздің сол кездегі әлеуметтік-материалдық ахуалын, жалпы жағдайын көз алдымызға келтірдік.
«1942 жылдың ақпан айында Көктерек ауылынан төрт адам – Оразалы, Алтынбек, Исабек және мен төртеуміз майданға аттандық. Исабек екеумізді Қазалы стансасында алып қалды да, Оразалы мен Алтынбек майданға аттанды. Біз 369-шы атқыштар полкінде кіші командирлер даярлайтын әскери оқу-жаттығуларында болдық. Кейін Өзбекстанның Каттақорған қаласына апарды. Сол жерде ауа райының қолайсыздығы мен судың ащылығынан көп жігіттер іш ауруына душар болды. Аурулар саны көбейген соң, бізді Самарқан қаласына аттандырды. Сол жерде оқу-жаттығуды аяқтадық. Мені сержант шенімен Орел майданына алғы шепке аттандырды. Біздің бөлім 487-ші атқыштар полкінің құрамында болды. Бұл полк ұзақ қорғаныста жатты.
Қорғаныс деген азапты майдан екен. Күнде қауіп-қатерде жүресің. Қылт етіп көрінгенді екі жақ та аңдып, атып салады да тұрады. Әсіресе, бұл бөлімше командиріне ауыр тиді. Жауынгерлерді күндіз-түні күзетке қою, оларды әр екі сағатта ауыстырып тұру, солдаттарды тамақтандыру командирдің мойнында. Екі жақтың да барлаушылары күнде бір-бірінен «тіл» әкетіп тұрады. Кейде шепті бұзып өтуге тырысып, ауыр зеңбірекпен, минометпен атқылайды. Снарядтар жарылған жер тітіркеніп, қара түтін қаптаған сойқан ұрыс жүреді» деп жазады майдангер аталған кітабында. Қарияның майданда көрген қиындығы бұл ғана емес. Кітапты оқыған сайын қанды жылдардың аласапыраны көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жатады.
«1943 жылдың 13 ақпанында біздің полк шабуылға шықты. Ақпан айында қар қалың жауған еді. Немістер жолдың қарын екі жағына үйіп тастапты. Солдаттар осы қардың түбін паналайды. Үйілген қарды нысанаға алған немістер талай жігіттің басын жұтты. Менің бөлімшемнен үш жауынгер жараланып, қатардан шықты. Оқ жауып тұрғанына қарамай, «уралап» алға ұмтылдық.
Уралап жүріп біз көздеген деревняны жаудан тазарттық. Немістер шегініп, қыратқа бекінді. Кешіктірмей екінші деревняға да шабуыл жасадық. Сол шабуылда менің алдымда кетіп бара жатқан пулеметші солдаттың басына оқ тиіп, жантәсілім етті. Енді пулеметті өз қолыма алдым. Деревняға жақындағанда немістер әр тұстан пулеметпен атқылай бастады. Мен де қаруымның тиегін ағыттым. Кенет қабырғамнан тиген жойқын соққыдан теңселіп кеткендей болдым. Мен осы жарақатымнан госпитальде емделдім. Сол жерде жерлесім Исабекті көргенмін. Ол жеңіл жараланған екен. Аз ғана амандық сұрасудан аса алмадық. Марқұм Исабек майданнан оралмады» дейді ақсақал өз жазбасында. Майдангер Ынтымақ Үсіпбаевтың ауыр жарақаттан көрмеген азабы қалмаған.
«Госпитальде маған ота жасап, осколканы алды. Бірақ, оның ұсақ бөлшектері омыртқаға жақын жерде қалып кетіпті. Москва түбіндегі Пушкино деген жерде екі ай емделдім. Емделіп шыққан соң Смоленск майданына жіберілдім. Ол жақта мені рота командирі өзіне байланысшы етіп алды. Алғы шепте окоп, траншея, землянка қазу секілді жұмыстар үнемі қозғалысты талап етеді. Сондай кезде денемде қалған ұсақ жарықшалар етімді қажап, іріңдей бастады. Соның салдарынан бір күні дене қызуым көтеріліп, қайтадан «полевой госпитальге» жіберілдім. Ол жерден Джатск қаласына ауыстырды. Рентген денемде екі «осколканың» барын көрсетіп берді. Бірақ, дәрігерлер ота жасағанымен «оскольканы» таба алмай, денемді жаралап тастады. Содан кейін Москва жоғары медициналық институтына жіберді. Ол жерде жиырма күндей жатып, мені отаға дайындады. Осы кезде Курск доғасында ауыр ұрыс болып, жараланғандар госпитальге түсе бастады. Мені Қара теңіз жағасындағы госпитальге ауыстырды. Сол жерде екі ай емделгеніммен, денемдегі «осколканы» ала алмай, ақыры жарақатыма байланысты елге қайтарды» деп жазады автор өз кітабында.
* * *
Кітапта жазылған мәліметтерге сүйенсек, Ынтымақ Үсіпбайұлы елге оралған соң, әуелі Түркістан педучилищесін, содан соң Шымкенттегі мұғалімдер институтын бітіріп, Түлкібас стансасындағы бастауыш мектепте мұғалім, «Көктерек» бастауыш мектебінде меңгеруші қызметтерін атқарған. Бейбіт күнде де қарап жата алмай, жанына батқан жарақатын да ұмытып, елдің, жас ұрпақтың болашағы үшін қыруар тірліктер атқарған. Көктерек ауылында мектеп салынғанда құрылыстың іргетасынан бастап, шатыры жабылғанша басы-қасында болыпты.
«Мектептің қабырғасы қаланбай тұрып, ауласына мыңға жуық көшет отырғыздық» деп жазады майдангер өз кітабында. Ауылдастары майдангердің бастамасымен жүзге жуық алма, алхоры, өрік ағаштарын егеді. Бұл көшеттер екі-үш жылда жеміс беріп, талай жанның таңдайын үйірген екен.
Ынтымақ ақсақалдың ел үшін атқарған игі ісі бұл ғана емес. Ол ауылға клуб салу үшін ұйымдастырылған асардың да ұйытқысы болған. «Колхоз басқа бөлімшелерге клуб салып берді. Біздің ауылға жөнді көңіл бөлінбеді. Сондықтан ауыл жігіттеріне бір класты бес метрге кеңейтіп кино көретін зал салуға ұсыныс жасадым. Сол уақытта жігіттерде мейірім бар екен. Айтқан заматта қыш құйылып, қабырғасын көтеріп, залымыз дайын болды. Колхоз шатырын шифермен жауып берді» деп жазады майдангер.
Ынтымақ Үсіпбаевтың атына заты сай болғанын атқарған істерінен-ақ аңғаруға болады. «Ол жылдары ауылда балабақша болмағандықтан балалар кім тәрбиеші болса соның үйінде жататын» деп жазады автор. Бүлдіршіндердің жағдайына алаңдаған Ынтымақ ақсақал колхоз бастығына балабақша салуға ұсыныс жасайды. Қасына төрт әйел, бір бала, бір ат алып балабақша құрылысын бастайды. Әйелдер топырақ босатады. Бала топыраққа су салып, сабан шашып, атпен бастырып илеп береді. Он мың қыш құйылып, дайын болды. Басталған жұмысты басқа да азаматтар қолдап, құрылыс материалдарын дер кезінде жеткізіп беріп тұрған. Автордың жазуынша, балабақша бір айдан асар-аспас уақытта дайын болыпты.
Ынтекеңнің ел үшін атқарған тағы бір игі қызметі – ауылға су кіргізгені. «Ол кезде ауылда ауыз су мәселесі қиын болатын. Таудан келетін бұлақ суын мал кешіп, ластап жібереді екен. Бұл мәселе жайында ауыл тұрғындары «Мәдениет және тұрмыс» журналына арыз жазыпты. Жергілікті басшылар арыз бойынша ауыз су мәселесін қарастырып, қиындықтан шығудың жолын іздейді. Нәтижесінде үш шақырым жерден су құбырын тарту туралы шешім қабылданып, ол жұмысты орындау Ынтымақ ақсақалға тапсырылады. Ол кісі өзіне тапсырылған міндетті аса ыждағаттылықпен атқарып шығыпты. Шымкент, Жамбыл қалаларынан құбыр әкелу, оған көлік іздеу, үш шақырым арық қазу, оған тасталған құбырларды дәнекерлеу секілді жұмыстар да оңайға соқпаған. Әйтсе де, оқ пен оттың ортасында ысылған майдангер осы кедергілердің барлығын жеңіп шығып, ауылға су жеткізіпті.
Марқұм Ынтымақ Үсіпбаев сексеннен асып барып қайтыс болады. Майдангер ұстаздың артында қалған небәрі жүз беттік кітабы өткен ғасырдың шындығын бейнелейді. Аз ғана өлеңдерінде елдің тыныштығын, бейбіт күннің қадірін жырлаған, батагөй қарттың тілегі де аңғарылып тұрады. Өткен ғасырдан қалған бұл құнды жәдігер жас ұрпақтың тәрбиесіне зор әсер етеді. Естігенін емес, көргенін жазған Ынтымақ Үсіпбайұлының шағын ғана еңбегі келер ғасырдың да құнды мұрасына айналары анық.
П.САПАР