
Мен әскер қатарына жиырма алты жасымда шақырылдым. Сөйтіп, 1980-1982 жылдары Орта Азия әскери округіне қарасты Үшарал әскери гарнизонында Отан алдындағы борышымды өтедім. Ол уақыттағы әскери өмір жылдар бойы айта жүретіндей түрлі оқиғаларға толы болушы еді. Менің де Үшаралдағы кездерім ұмытылмастай болып есімде қалды.
Үлкен ағам ол уақытта Киров ауданындағы «ХХ партсъезд» кеңшарында партком хатшысы болып жұмыс істейтін. Оған Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітіріп келген мен де қосылдым. Мамандығым қаржы жағына жақын болған соң кеңшар басшылығы құрылыс бөліміне аға есепші етіп қабылдады. Сол кезде Қарулы Күштер қатарында жоғары білімді офицерлер жетіспей ме, әйтеуір, ауылдан жоғары білімді жастарды шақырып, әскери қызметке тартатын үрдіс болатын. Сондай қызметке мен де шақырту алдым. Әлі есімде, 1980 жылдың 7 қыркүйек күні аудандық комиссариаттың бастығы үйге әскерге шақыру қағазын алып келді. Оның айтуынша, ертеңіне Орта Азия әскери округінің Алматыдағы кеңсесінде болуым керек екен.
Сөйтіп, қыркүйектің 8-і күні ауданнан үш жігіт Алматыға жолға шықтық. Барған бетте үшеумізді жан-жаққа бөліп тастады. Мені Орта Азия әскери округіне қарасты Аягөз әскери гарнизонына жіберді. Бірақ, ол жерде көп тұрақтай алған жоқпын. Басшылық табиғаты келісті әрі курорттық аймақ саналатын Үшаралға баруға үгіттеген соң сондағы №40398 гвардиялық әскери полкінің взвод командирі болып бекітілдім. Үй-жаймен қамтамасыз еткен соң ауылдан әйелім мен ұлымды алдырдым.
Үшарал гарнизонында сол кезде 25-ке жуық әскери бөлім болатын. Тіпті, авиациялық дивизия да жұмыс істеді. Ал, менің взвод командирі ретіндегі ең басты міндетім – сол кезде Кеңес Одағы көлемінде қолға алынып жатқан азық-түлік бағдарламасын сарбаздарға түсіндіру болды. Мен оны ауылда қызметте жүргенде-ақ бүге-шігесіне дейін жаттап алған болатынмын. Сондықтан оны түсіндіру, әскерилер арасында насихаттау аса қиынға соққан жоқ. Есесіне, мамандығыма байланысты білімімді жетілдіріп, көп нәрсеге көзім ашыла түсті.
Осы ретте естен кетпес мына бір оқиғаны айтпай кетуге болмас. Мен партия қатарына әскерде жүргенде қабылдандым. Гарнизондағы мыңдаған әскери қызметшілердің арасынан санаулы адам ғана осындай құрметке ие болдық. Бұл оқиғаның қаншалықты маңызды екенін замандастарыма түсіндіріп жатудың қажеті жоқ шығар. Ол кезеңдерде партия қатарына өту оңай шаруа болмайтын. Бұған қол жеткізу үшін моральдық-іскерлік қасиеттерге сай болуың керек. Оған қоса партия қатарына өтуге лайық екеніңді білдіретін ұсыныс талап ететін. Әдетте, мұндай ұсынысты беделді адамдар ғана беретін. Әскерге кетердің алдында ауылдағы соғыс ардагерлері, партия мүшелері Дүйсекең Мәмбетәлиев пен Сырымбай Мамрасиловтан партияға өту туралы ұсыныс жаздырып алған болатынмын. Сол екі ақсақалдың ұсынысы менің партия қатарына өтуіме себепкер болды. Сондықтан осы бір оқиғаны әлі күнге дейін үлкен тебіреніспен еске аламын.
Келесі жылдың күзінде мені Қостанай облысы, Орджоникидзе ауданына қарасты Комаровский кеңшарына астық жинауға жіберетін болды. Дивизия командирі, генерал-лейтенант Юсупов деген ұлты татар кісі болатын. Сол кісі шақырып: «Байқасам, бүкіл дивизияда қаржы-экономист жалғыз сен екенсің. Біз астық жинау науқанына арнайы көлік батальонын жібергелі жатырмыз. Сен соның қаржы жағына жауап бересің» деп бұйыра сөйледі. Сөйтіп, Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген жұмысшылармен бірге біз де бидай жинау науқанына атсалыстық. Мұнда келген соң кеңшар басшыларымен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді. Сонда жүріп кеңестік экономиканың олқы тұстарын байқадым. Мәселен, біздің сарбаздар 150 шақырым жердегі алқаптан қамбаға бидай тасыды. Оны кузовы әбден ескірген «Газ-66» көлігі апаратын. Үстіндегі бидай жолай шашылып-төгіліп баратын. Бірақ, оған ешкімнің бас ауыртып жатқанын көргенім жоқ. Сарбаздарға болса да бәрібір. Мамандығым экономист болған соң ба, маған осы жағдайлар қатты әсер етті. Бүгінгі шаруа бидайын қамбаға төгіп-шашып апара ма? Әрине, жоқ. Өйткені, бүгінгі нарықтық заман оған жол бермейді.
Қостанайдан келгеннен кейін мені генерал шақырып: «Қазақ (мені үнемі осылай атайтын), сен туралы әріптестеріңнен жақсы пікірлер естіп жатырмын. Егер осында қалатын болсаң, полктың қаржы бөлімін басқарасың. Бір-екі жылдан кейін Германияға жіберемін» деп қызметімді жалғастыруымды өтінді. Жайлы жұмыс, жоғары жалақы, келісті үй-жай кімге ұнамасын? Ал, ауылдың тірлігі маған мәлім-тін. Көктем шыққаннан мақта алқабына қуады. Содан қар түскенше жүресің. Өзіңді маман ретінде көрсете алмайсың. Оның үстіне, әке де жоқ, жолымды тосып жүрген анам да болмағасын ауылға барғым келмеді.
Бұл ойымды ағаларыма айтып едім, олар:
– Біздің тұқымда әскердің нанын жеген адам жоқ. Елге кел, көппен бірге көрерсің, – деп қатаң талап қойды. Әке орнына әке болған ағаларымның сөзін қимай, әскермен еріксіз қоштасуға тура келді.
Бірақ, бұл шешіміме кейін еш өкінген жоқпын. Елге келген соң баяғы жұмысыма қайта орналасып, партком хатшысы, кеңшар директоры, аудан әкімі, басқарма басшысы, облыс әкімінің орынбасары сияқты қызмет сатыларынан өттім. 1995 жылы Мақтаарал ауданының әкімі қызметінде жүргенде облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы, ұмытпасам, Саттаров деген азамат келіп, ұжым алдында сол кездегі Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың бұйрығын таныстырып, Орта Азия әскери округіндегі қызметім үшін иығыма «полковник» шенін тақты. Міне, содан бері отставкадағы полковникпін.
Иә, әскер қатарында болған жылдарымды өмірімнің ең бір жарқын кезеңдерінің бірі дер едім. Себебі, әскерден көп нәрсе үйреніп қайттым. Замандастарыма мәлім, біздің кезімізде әскер қатарында болмаған жігіттер өздерін басқалардан төмендеу санап, ыңғайсыз жағдайларға қалып жататын. Тіпті, кей қатарластары «жігіт емессің» деп қағытып та жатушы еді. Ал, қазіргі жастардың азаматтық борышын өтеуге селқостық танытуы құптарлық шаруа емес. Кешегі Ұлы Отан соғысында аталарымыз бен әкелеріміз небәрі он сегіз, жиырма жастарында Отанды ерлікпен қорғаған жоқ па? Біз – сол жеңімпаздардың ұрпақтарымыз! Сондықтан майдаланбауымыз керек.
Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ,
еңбек ардагері,
Түркістан облысының құрметті азаматы.