«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының сайлауалды штабының мүшелері Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Сапа-2002» ЖШС ұжымымен кездесті. Жиын барысында кәсіпорынның өндірістік әлеуеті таныстырылып, партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды. Кәсіпорын бүгінде 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда 8 мың басқа арналған ұсақ мал бордақылау кешені жұмыс істейді. Сонымен қатар өндіріс ауқымын кеңейту мақсатында мақсары, мақта және пісте майларын терең өңдеу жобасы қолға алынған. Қазіргі таңда Қытайдан жеткізілген құрал-жабдықтар құрастырылып, алғашқы өнімдер сынақтан өткізілуде. Құны 200 миллион теңгені құрайтын жобаның тәуліктік өндірістік қуаты 15 тоннаға дейін жетеді. Жоба іске қосылғанда қосымша 5 жұмыс орнын ашу көзделген. Кездесу барысында «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат әрі сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов партияның алдағы бес жылға арналған бағдарламасының басымдықтарын таныстырды. Штаб жетекшісі өз сөзінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығын қолдау, өндіріс орындарын көбейту, кәсіпкерлікті дамыту және халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталды. Бағдарламада «Заң мен тәртіп», «Тиімді институттар», «Қуатты өңірлер», «Әділ экономика», «Цифрлық мемлекет», «Әлеуметтік ынтымақтастық», «Адами әлеует», «Жаңа мәдениет» және «Таза Қазақстан» бағыттары бойынша бірқатар міндеттер белгіленгенін атап өтті.

Ауылдық аумақтардың дамуы үшін жергілікті кәсіпорындардың әлеуетін арттыру, инвестициялық жобаларды қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды. Бұл бағыттар партияның сайлауалды бағдарламасында да негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырылған,- деді Алмас Алтайұлы. Кездесу барысында штаб мүшелері кәсіпорын ұжымының алдағы жұмыстарына табыс тілеп, өңір экономикасын дамытудағы өндіріс орындарының маңызын атап өтті. Сондай-ақ, көпшілікті алдағы сайлауға белсенді қатысып, «Әділет» партиясы атынан ұсынылған кандидаттарды қолдауға шақырды.