Нұрлан Әбдіров Түркістан облысындағы сайлау науқанына дайындықты тексерді

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, алдағы мәслихат депутаттары сайлауының ұйымдастырылу барысын бақылады.
Сапар бағыты Отырар ауданынан басталып, Түркістан қаласында жалғасты. ОСК басшысы аудандағы №11 округтік және №520 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысты. Ал Түркістан қаласындағы №1 сайлау округі мен №128, №948, №949, №952 учаскелерінің техникалық жабдықталуы мен дауыс берушілерді қабылдауға әзірлігін ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман тексеріп, комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігіне назар аударды. Сапар аясында өткен арнайы мәжілісте саяси науқанды өткізудің негізгі тетіктері талқыланды.
Бүгінде 2 миллион 142 мыңнан астам халқы бар Түркістан облысында дауыс беру құқығына ие 1 210 974 азамат тіркелген. Бұл өңір тұрғындарының 56 пайызын құрайды. Жыл басынан бері сайлаушылар қатары тағы 16 мың адамға толыққан.
Саяси науқан күні өңірде 952 учаске (оның 26-сы жабық) есігін айқара ашады. Бұл процеске 1 282 комиссия мен 7 976 маман жұмылдырылған.
Биылғы науқанда ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқығын қорғауға айрықша көңіл бөлінген. Облыста тіркелген 15 104 мүмкіндігі шектеулі сайлаушының (3 491-і кресло-арбаға таңылған, 7 750-і көру, 3 863-і есту қабілеті төмен жандар) дауыс беруіне ешқандай кедергі болмауы тиіс. Оларға 65 инватакси, 105 әлеуметтік такси, 209 сурдоаудармашы және І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған 770 жеке көмекші қызмет көрсетеді.
Сайлаушыларға бағыт-бағдар беру ісі заманауи форматқа көшкен. Учаскелердің шекарасы, партиялық тізімдер мен кандидаттар туралы барлық ақпарат ресми порталдарда ашық жарияланды. Тұрғындар өз учаскесін облыс әкімдігінің сайтындағы «Өз сайлау учаскеңізді табыңыз» сервисі арқылы лезде анықтай алады. Сондай-ақ дауыс беру күні 557 учаскеде онлайн-сервистер тікелей қолжетімді болмақ.
Мәжілісті түйіндеген Нұрлан Әбдіров науқанның басты өлшемі — заңдылық, ашықтық және әрбір азаматтың өз таңдауын жасауына қолайлы жағдай туғызу екенін қадап айтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы