«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: «БАТСУ ВОДОКАНАЛ» ҰЖЫМЫМЕН ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Түркістан облысында «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстыру және еңбек ұжымдарының ұсыныс-пікірлерін зерделеу бағытындағы кездесулер жалғасуда. Осы орайда партияның Түркістан облыстық сайлауалды штабының мүшелері мен облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар «Батсу Водоканал» ЖШС-нің еңбек ұжымымен жүздесті.

Кездесудің негізгі мақсаты – өндірістік сала қызметкерлерімен пікір алмасу, еңбек адамдарының күнделікті жұмыс барысында кездесетін мәселелерін тыңдау және партияның сайлауалды бағдарламасында қарастырылған міндеттерді түсіндіру. Басқосу барысында жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызы, еңбек құқықтарын қорғау, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және өндірістік ұжымдардың мүддесін ескеру мәселелері кеңінен қозғалды.

Жиын кезінде кандидаттар кәсіпорын қызметкерлерінің ұсыныстарын тыңдап, еңбек жағдайына, әлеуметтік қолдау тетіктеріне және мамандардың кәсіби дамуына қатысты мәселелерге назар аударды. Сондай-ақ өндірістік саладағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, білікті кадрларды қолдау және жұмысшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңыздылығы атап өтілді.

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов өз сөзінде ел экономикасының дамуы еңбек адамдарының кәсібилігіне, жауапкершілігіне және адал еңбегіне тікелей байланысты екенін жеткізді.

– Қоғамның тұрақты дамуы мен экономиканың өркендеуі білікті мамандардың еңбегіне негізделеді. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды міндеттердің қатарында. «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасында жұмыспен қамтуды қолдау, әлеуметтік кепілдіктерді жетілдіру, еңбек жағдайын жақсарту және отандық өндірістің әлеуетін арттыру бағыттарына басымдық берілген, – деді Алмас Салимов.

Сонымен қатар кездесуде өндірістік кәсіпорындардың экономикалық дамудағы орны, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес кадр даярлау мәселелері де сөз болды. Еңбек ұжымдарының тұрақты жұмыс істеуі үшін қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету және олардың кәсіби өсуіне мүмкіндік жасау қажеттігі айтылды.

Кездесу барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, кәсіпорын қызметкерлерімен ашық пікір алмасты. Өз кезегінде жұмысшылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, еңбек жағдайы мен әлеуметтік мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Жиында айтылған пікірлер мен көтерілген мәселелердің маңыздылығы атап өтіліп, еңбек ұжымдарымен тұрақты кері байланыс орнатудың қажеттігі жеткізілді. Кәсіпорын қызметкерлерінің ұсыныстары өңірдегі еңбек қатынастары мен өндірістік саланы дамытуға қатысты міндеттерді талқылау барысында ескерілетіні айтылды.

Мұндай кездесулер еңбек адамдарының пікірін тыңдауға, олардың талап-тілектерін назарға алуға және сайлауалды бағдарламада көзделген әлеуметтік-экономикалық міндеттерді түсіндіруге бағытталған.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы