
Қазақстан Республикасы Мәслихат депутаттарының сайлауын әзірлеу және өткізу мәселелері бойынша Түркістан облысының аудандық, қалалық аумақтық және округтік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинары мен біліктілікті тексеру тестілеуі ұйымдастырылды.
120-ға жуық комиссия мүшесі бас қосқан жиынға Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қуандық Құлажанов модераторлық етті. Іс-шараға ҚР Орталық сайлау комиссиясының Электораттық оқытуды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ерлан Абдақасов арнайы қатысып, комиссия мүшелерінің кәсіби даярлық деңгейін айқындау мақсатында тестілеу жүргізді.

Семинар барысында сала мамандары сайлау процесін ұйымдастырудың негізгі бағыттары бойынша баяндама жасады:
• Қаржылық мәселелер: Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Гүлбала Махамбетова сайлау науқанын қаржыландыру тетіктері мен қаражатты тиімді игеру тәртібіне тоқталды.
• Тәжірибе және шешімдер: Бәйдібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Марат Қырықбаев учаскелік сайлау комиссияларының қызметіндегі тәжірибе мен өзекті мәселелерді шешу жолдарын талдады.
• Науқан кезеңіндегі міндеттер: Созақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Руслан Оспанов комиссиялардың сайлау науқаны кезеңінде атқаратын негізгі міндеттерін түсіндірді.
• Шиеленісті жағдайларды реттеу: Сайрам аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сәбит Реметов дауыс беру күні туындауы мүмкін шиеленісті жағдайлардағы комиссия мүшелерінің іс-қимыл алгоритмімен таныстырды.

Жиын аясында қатысушылар нақты кейстерді талқылап, өзара тәжірибе алмасты және интерактивті ойындар арқылы практикалық дағдыларын пысықтады. Соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасу өтіп, тестілеу нәтижелері жарияланды.
Сайлау процесінің сапасы мен ашықтығы комиссия мүшелерінің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Осы орайда жыл басынан бері өңірде каскадтық және заманауи интерактивті (Gamification) әдістерді қолдану арқылы 581 оқу семинары (оның 218-і каскадтық тәсілмен) ұйымдастырылды. Ал тікелей мәслихат депутаттарын сайлау науқанына дайындық аясында аудандық, қалалық аумақтық, учаскелік және округтік комиссия мүшелері үшін 307 оқыту семинары өткізілді. Оқу бағдарламасында ахуалдық модельдеу, оқыс оқиғалар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері және заңнама аясында жедел шешім қабылдау тетіктері қамтылды.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысы бойынша мәслихаттар сайлауын өткізуге барлығы 1 282 сайлау комиссиясы жұмылдырылып, олардың құрамында 7 976 мүше қызмет атқаруда. Өңірдегі жалпы сайлау учаскелерінің саны – 952, оның ішінде 26 жабық сайлау учаскесі бар.