САУРАН: ҚЫЗЫЛША АУРУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ


Қызылша – кең таралған жіті инфекциялық ауру, көбінесе балалар ауырады, дене қызуының 38—40°C дейін көтерілуі, мұрын, көз, тамақ қабыну, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады. Қызылша — бүгінгі күні ең жұқпалы аурулардың бірі. Бұл инфекцияға шалдығу 100% — ол дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары.
Аурудың шығу себептері: Берілу жолы — ауа-тамшы арқылы.Вирус сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейінен сыртқы ортаға түседі. Инфекция көзі – төртінші күн бөртіп, ауырып жүрген адам. Бесінші күннен бөртіп жүрген адамнан жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойына иммунитет сақталады. Анасы қызылшамен ауырып қойған балада туғаннан 3 айға дейін шалдығу болмайды, өйткені осы уақытта оның қанында сақтайтын анасының қарсы денелері сақталады. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда өмір бойы ауруға шалдығу қаупі кез-келген жаста болады.
Қызылшаның белгілері:Ауру жұққан алғашқы күндері баланың тамаққа зауқы соқпай, мұрнынан су ағып, жөтеледі. Көзі жасаурап, былшықтанады. Температурасы көтеріліп, жөтелі күшейе түседі. Көзі қызарып, жасаурап, жарыққа қарай алмайды. Еріндері кезеріп, тамақ ішкісі келмейді. 3—5 күн өткен соң ұртында ұсақ ақ теңбілдер пайда болады. Тамағы қызарады. Күннен-күнге баланың жалпы жағдайы нашарлап, денесінің қызуы көтеріле береді. Ауырған күннен бастап арада 6—7 күн өткенде бетіне, құлақтарының сыртына, мойнына қызыл бөртпелер шығады, ал келесі күндері дәл осындай бөртпелер көкірегіне, қарнына, қолдарына, ал сонан соң шаттарына, аяқтарына шыға бастайды. Егер ауру асқынбаса, баланың көңіл күйі бірте-бірте жақсарып, температурасы төмендейді, тамаққа тәбеті артады. Ал бөртпелер қалай пайда болса, сол тәртіппен кете бастайды, яғни алдымен беттегі, құлақ сыртындағы, мойнындағы, сонан соң кеудедегі, қолдағы, арқадағы, қарындағы, шаттағы, аяқтағы бөртпелер кете бастайды. Теріде бөртпелердің орнында қоңыр дақтар қалады. Бұл дақтар 2-3 апта өткен соң барып кетеді. Қызылшамен ауырған бала айналасындағы сау балалар үшін бірінші күннен бастап қауіпті. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері білінісімен тез арада дәрігерге хабарлап, ауру баланы сау балалардан оқшаулаған жөн. Ауру баламен бірге болған балалар 17 күн бойы балабақшаға, мектепке жіберілмейді.
Алдын алу жолдары Қызылшамен ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстаған жөн. Әсіресе, тамаққа жарымаудан болатын аурумен ауыратын, туберкулезбен немесе бойға сіңіп кеткен басқадай аурумен ауыратын балаларды сақтандыру керек. Қызылшамен ауырып жатқан баласы бар үйге басқа үйдің балаларының келуіне болмайды. Қызылша ауруы бар үйдің балалары, егер олар бұл аурумен ауырмаған жағдайда мектепке, дүкенге немесе басқа да қоғамдық орындарға 10 күнге дейін баруына болмайды. Бөлменің ауасын жиі-жиі тазартып, күн сайын еденді, терезені, есікті сулы шүберекпен сүртіп отырады. Терезеден бөлмеге күн сәулесі жақсы түсуі тиіс, бірақ оның баланың бетіне түспегені дұрыс. Сырқаттанған бала шуды жақтырмайды, сондықтан да үйде тыныштық болғаны жөн, сонымен бірге тұмауратқан, және тағы да басқа сырқаттармен ауырып жүрген адамдардың науқас баланың қасына баруына болмайды. Өйткені ауырып, қорғаныс күші әлсіреген бала басқа ауру жұқтырып, жағдайын бұрынғыдан да нашарлатып алуы мүмкін. Баланы кызылшадан алдын ала сақтау үшін екпе ектірудің пайдасы зор. Әсіресе ҚЖИ-ға жататын 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балалардың ата-аналарын, сондай-ақ қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы жоспарлы иммундауға жататын 1 және 6 жастағы балалардың қызылшаға қарсы екпені уақытылы алу үшін ата-аналары тұрғылықты жері бойынша емханаға барып салдыра алады. Егілген бала қызылшамен ауыра қалған күннің өзінде де оның ауруы егілмеген балаларға қарағанда жеңіл өтеді. Сондықтан бұл шараны ата-аналар алдын ала қабылдаулары керек.
Әсел Нұрекешова.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы