
Бүгінгі таңда обыр ауруларының негізгі бірнеше түрлері ішінде жатыр мойны обырының (рак шейки матки) үлес салмағы жылдан-жылға артып келеді. ДДСҰ мәліметі бойынша жыл сайын әлемде жатыр мойны обырының 600 000-ға жуық жаңа жағдайы және жатыр мойны обырынан болатын 300000 өлім жағдайы тіркеледі.
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі немесе күн сайын жатыр мойны обырының 5 жаңа жағдайы диагностикаланады. Осы аурудан жыл сайын 600-ден астам әйел қайтыс болады немесе басқаша айтқанда, күн сайын 2 әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдерде таралған онкопатологиялар арасында, сүт безі обырынан кейін, 2-ші орында тұр.
Жатыр мойны обырының дамуы-әйелдің адам папилломавирусын жұқтыруымен тікелей байланысты, бұл туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 95%-дан астам жағдайда жатыр мойны обырын (ЖМО) адам папилломавирусы (АПВ) тудырады. АПВ бар әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы АПВ жоқ әйелдерге қарағанда 6 есе жоғары.
Адам папилломавирусы (АПВ)-тері мен шырышты қабаттардың эпителийіне әсер ететін өте кең таралған вирустар тобы. 200-ден астам типі бар, оның 14 түрі онкогенді, яғни онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі.
Вакцинация жатыр мойны обырының шалдығуына жол бермеудің бірден-бір тиімді баламасыз құралы болып табылады. Бұл ғылыми практикалық түрде дәлелденген. Оған көп жылдардан бергі дамыған елдердің бағытталған іс-шараларының нәтижелері дәлел бола алады. Бүгінгі күндері адам папилломасына қарсы вакцинациялау 135 елдің ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілген. Орталық Азия елдері ішінде көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанда белгіленген контингенттер АПВ-ға қарсы егіледі.
Елімізде «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 20 ақпандағы №102 қаулысына сәйкес Республикалық бюджет қаражаты есебінен оларға қарсы жоспарлы профилактикалық екпелер жүргізілетін инфекциялық аурулар тізіміне 11 жастағы қыздарды АПВ-на қарсы вакцинациялау енгізілді. Бұл жас ДДҰ, онкологтардың ұсыныстарына сәйкес таңдалды, себебі 11-14 жас аралығындағы иммундау ересек жасқа қарағанда тиімді, себебі тұрақты иммунитет қалыптасады. Қызбалаларды вакцинациялау тек ата-анасының келісімін алғаннан кейін жүргізіледі.
Вакцина тегін негізде білім беру ұйымдарының егу кабинеттері арқылы қолжетімді болады. Сондай-ақ, ата-аналардың өтініші бойынша вакцинацияны тіркелген жері бойынша емханалардан алуға болады.
ҚР ДСМ-нің бұйрығына сәйкес қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау 2024 жылдың 3 тоқсаны, қыркүйек айынан бастап жүргізілетін болады (вакцинациялау курсы 2 рет, 6 айлық интервалмен). Осы жоспарланған ауқымды іс-шараны жүзеге асыру мақсатында облыс бойынша арнайы кешенді жоспар мен бірлескен бұйрықтар дайындалып, бекітілді. Екпе егудегі мақсат-адам папилломасы вирусымен байланысты өзге де қатерлі ісіктердің жиілігін төмендету. Екпенің денсаулыққа ешқандай кері әсері жоқ, қауіпсіз. Республикамызда 4 валентті «Гардасил» вакцинасын қолдану көзделіп отыр. Вакцина тегін негізде білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде жүргізіледі. Облыс бойынша 24 мыңға жуық қыз балаға егу жоспарланған.
Нұрбек НЫШАНОВ,
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.