Түркістан облысы – мақтаның мекені. Мақта «ақ алтын» болып саналады. Өкінішке қарай, үлкен сұранысқа ие болған мақта алқаптары азайып барады. Оңтүстік өңірді мақтасыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, ақ алтынның жайылып кетуіне жол бермеу керек. Қайта, керісінше, мақта кластерін құрып, өңдеу ісін жолға қою қажет. Мемлекет басшысы да өнімді алған соң, өңдеп түрлі заттар өндіруші елге айналуды алға тартып жатыр. Мақташылар біресе судан, біресе бағадан қиналды. Өздеріне тиесілі гектарлық субсидиясын ала алмай Астанаға дейін ат арылтып келді. Мақташылардың мұңын Үкіметке жеткіздік.
Біріншіден, отандық мақтаның сапасын жақсарту және оны жаһандық нарыққа шығару үшін, бірінші кезеңде республикалық бюджеттің есебінен элиталық жоғарғы дәрежелі шитті сорттарын сатып алып, қолжетімді бағамен мақта өндіруші шаруаларды қамтамасыз етуді, заманауи озық технологияларды енгізу арқылы шитті мақтаның элиталық жоғарғы дәрежелі сорттарын өз елімізде шығару мәселесін шешуді, екіншіден, шаруалардың шығарған шығындарын ішінара өтеу мақсатында және көктемгі агротехникалық дала жұмыстарын толық көлемде жүргізіп, мақта дақылын өз уақытында өсіру үшін өндірушілерге күзде өткізілген өнімің әр тоннасына субсидия беру жолдарын қарауды, үшіншіден, елімізде өндірілген мақта өнімін тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, ол өнімдерді өңдейтін және мата жасайтын тоқыма фабрикаларын салу мәселесін ұйымдастыруды сұрап депутаттық сауал жолдадым.
Текстиль өнеркәсібі арқылы әлемдік нарықты жаулап жатқан мемлекеттер баршылық. Өзімізде мақта өсіріп, жіп иіріп, мата тоқып, киім тіге алмау ұят болады. Бұған қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабын алдық. Онда тоқыма кластерінің 2026 жылға дейін құрылатыны, бұл бағытта бірқатар жобалардың жүзеге асырылатыны айтылған. Түркістан облысы Шымкент қаласынан бөлінбей тұрғанда мақта кластері құрылып, бірқатар кәсіпорындар іске қосылған еді. Енді облыстың өз алдына еркін экономикалық аймақ құрып мақта өсіру және өнім өндіру мәселесін мықтап қолға алмақ керек деп есептеймін. Өйткені, мақта алқаптары жалпы егістіктің 70 пайызын құрап,
1 миллиондай адам осы шаруамен айналысып жүр.
Жылыжай көкөнісін өсірушілер де экономикаға үлес қосатын саланың бірі. Алайда, облыстағы жылыжайлардың 94 пайызы диқандардың өз күшімен салынған. Нарықты жыл он екі ай көкөніспен қамтамасыз ету үшін көп шығындалады. Сол себепті нарқы қымбат болады. Десе де, жылыжайларды заманауи стандарттарға көшіру керек. Отандық өнімді қолдамасақ, импорт жаулап алады. Сол себепті Үкіметтен жылыжай көкөнісін өсірушілерге төмен пайызды несиелеу, электр энергиясы мен көмір, тұқым, тыңайтқыштарды субсидиялауды сұрадық. Премьер-Министрдің орынбасары ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерін ынталандыруға арналған мемлекеттік қолдау шараларының қаралатынын, инвестициялық субсидиялар шеңберінде жылыжай кешендерін салу мен заманауи технологияларды енгізуде шығындардың бір бөлігін өтеу көзделгенін жеткізді. Сондай-ақ, “Кең дала” бағдарламасы бойынша несиелеу пысықталып жатыр.
Сайлаушылармен кездесу барысында ауылдарда мәдени, спорттық нысандар ашу ісін жандандыру мәселесі көтерілген еді. Барлық ауылдарда Мәдениет үйі, Спорт кешені заманауи талапқа сай болса, жергілікті жұртшылықтың игілігіне жарап тұрады. Өйткені, мәдениет те, әдебиет те, спорт та қоғамға қажетті дүниелер. Сайлаушылардың осындай да аманатын тиісті министрліктерге депутаттық сауал етіп жолдадым.
Туризм және спорт министрлігі ауылдар мен қалаларда клуб пен кітапхана және спорт кешенін салу облыстық әкімдіктің міндетіне кіретінін хабарлады. Керек десеңіз, заңмен белгіленген тәртіппен театр, цирк, музыка өнері және кино өнері, мәдени-демалыс қызметі мен халық шығармашылығы, кітапхана және музейді де облыстық бюджет есебінен салынады. Байқаймыз, мәдени іс-шаралар көп, мәдениет ошақтары аз, спорттық жарыстар көп, спортпен шұғылданатын орындар аз болып тұр. Тиісті басқарма ауылдық жерлерде Президент тапсырмасын іске асырса деген тілек бар.
Түркістан облысы әкімдігі тарапынан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында Ұлттық экономика министрлігіне 51 жобаны іске асыру үшін 18,9 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылыпты. Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 29 өтпелі жобаға 9,4 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, Арыста өткен кездесулерде сайлаушылар «Ақдала», «Байырқұм», «Дермене», «Жиделі», «Монтайтас» ауылдық округ жастарының спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін спорт кешендері керектігін айтты. «Ақдала» а/о, сметалық құны – 256780,469 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0028/22 сараптама қорытындысы); «Байырқұм» а/о, сметалық құны – 257710,289 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0030/22 сараптама қорытындысы); «Дермене» а/о, сметалық құны – 251554,705 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0031/22 сараптама қорытындысы), «Жиделі» а/о, сметалық құны – 244895,531 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0032/22 сараптама қорытындысы), «Монтайтас» а/о, сметалық құны – 252240,844 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0033/22 сараптама қорытындысы) жобалары дайын болғандықтан, алдағы жылдың бюджетінен қаржыландыруға Үкіметке ұсынылды.
Менің сайлауалды бағдарламамда көтерілген мәселелердің барлығы да – депутаттық сауалға сұранып тұрған мемлекеттік деңгейде шешілетін істер.
Сарыағаш пен Жетісай арасындағы жолдар тозып, қозғалыс қиындап кеткен. Ол транзиттік жол болғандықтан, көкөніс, бау-бақша өнімдерін тасымалдайтын көліктер де, жалпы, Шымкент, Түркістан бағытында қатынайтын жолаушылар күндіз-түні тыным таппайды. Оның үстіне Сарыағаш ауданының аумағында көлік және жолаушыларға арналған кедендік бекеттердің бары да қозғалысқа әсер етеді әрі жолдардың тақтайдай тегіс болуын талап етеді.
Мәжіліске депутат болып сайланғанғалы облыс бойынша маған мұңын шағатындар өте көп. Өз сайланған округқа қарамаса да, одан тыс жерлерден шағымданушыларға құлақ аспасқа амалым жоқы. Әсіресе, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Сайрам, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласынан хабарласатындар баршылық. Ала жаздай Сарыағаш пен Жетісай арасындағы тас жол жыр болды. Расында да, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны біткен жерден бастап, Жетісайға жеткенше жолдың сапасы сын көтермейді. Ол республикалық трасса десе де болады. Себебі, Жетісай мен Сарыағаш арасынан сауда керуені күндіз-түні үзілмейді. Бір емес, бірнеше кеден бекеті бар. Жол азабын тартқан жолаушылар мен жүргізушілер жанайқайын Үкіметке жеткіздім.
Индустрия және даму мминистрлігінің мәліметінше, «Жизак-Гагарин-Жетісай-Киров-Қызыләскер-Сарыағаш-Абай-Жібек жолы» А-15 74-220 км (ұзындығы 48 км) автожолын орташа жөндеуден өткізу биыл басталып, келесі жылы аяқталады екен. Қозғалыс қарқындылығының өсуіне байланысты, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында ұзындығы
102 шақырымды құрайтын (4 жолақты) «Қонысбаев өткізу пункті арқылы Өзбекстан Республикасына шыға отырып, Сарыағаш қаласын айналып өту жолы» республикалық маңызы бар автомобиль жолын салу көзделген. Жоба Халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен іске асырылады. Бұл бойынша өткен жылы ҚР Үкіметі мен ХҚҰ арасындағы Әріптестік туралы негіздемелік келісімдерді іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің шешімімен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азия Даму Банкімен ынтымақтастық бағдарламасына жобаны енгізу және оны 2024 жылы іске асыруды бастау мерзімімен мемлекеттік кепілдікпен қарыз есебінен қаржыландыру туралы өтінімі мақұлданған. Қазір мемлекеттік және экономикалық сараптамадан өту және қорытынды алу үшін техникалық-экономикалық негіздемені түзету жұмыстары жүргізулуде. Жалпы, құрылыс 2025 жылы басталады деп күтілуде. Сондықтан, «көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, көбі кетіп азы қалды.
Соңғы кездері жол қозғалысын бақылауға арналған бейнекамералардың айналасында дау-дамай көбейіп кетті. Жұртшылық айыппұлды азайтуды талап етуде. Жол жүру ережесінде пайдаланылатын, автоматты режимде жұмыс істейтін «Фото және бейнежазба» арнайы техникалық құралдары қазір қоғамымызда тек келеңсіз оқиға тудырып отыр. «Сергек» бейнебақылау камералар жүйесі онсыз да күнін әрең көріп жүрген халықтың қалтасын қағып, жаппай наразылығын туғызып жатыр. Орнатылған бейнебақылау камералары жайлы ескертетін жол белгілерінің жоқтығы да жығылғанға жұдырық болып, қарапайым азаматтар «Конституциялық заң бұзылды» деп дабыл қағуда. Адамның және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың мүлтіксіз орындалуы – «AMANAT» партиясының қадағалауында.
Қайрат БАЛАБИЕВ.