Кез келген елдің дамуы оның энергетикалық қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Электр энергиясы жеткіліксіз болса, өндіріс тоқтайды, кәсіпорындар жұмысын баяулатады, экономикалық өсім тежеледі.
Сондықтан көптеген мемлекеттер сыртқы энергия көздеріне тәуелді болмауға тырысады. Өзінің энергетикалық әлеуетін күшейту арқылы олар ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан үшін де бұл мәселе аса маңызды. Ел экономикасы қарқынды дамып келеді. Халық саны өсуде. Жаңа өндіріс орындары ашылуда. Мұның бәрі электр энергиясына деген қажеттілікті арттырады.
Атом электр станциясы осы сұранысты ұзақ мерзімде қамтамасыз ете алатын қуатты энергетикалық нысан ретінде қарастырылады. Оның үстіне Қазақстан уран қоры бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі болғандықтан, атом энергетикасын дамытуға қажетті ресурстық базаға ие.
Бұл еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, ұлттық экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасайды.
Сондықтан атом электр станциясы туралы пікір қалыптастырғанда эмоцияға емес, ғылыми деректерге, халықаралық тәжірибеге және нақты экономикалық көрсеткіштерге сүйенген жөн. Себебі бүгін қабылданатын шешімдер Қазақстанның ғана емес, Түркістан өңірінің де келешек ондаған жылдағы дамуына әсер етеді.
Энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық тұрақтылық және болашақ ұрпақтың игілігі тұрғысынан қарағанда, атом энергетикасы Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Қазір әлем бойынша 415 реактор жұмыс істейді. Яғни 200-ден астам АЭС энергия беріп тұр. Озық елдердің арасында Германия, Швеция атомдық бағдармасына сақтықпен қарап жатыр дейтіндер бар. Бұған бұл елдердің ішкі себебі бар. Біріншіден, Германиядағы болсын, Швециядағы болсын атом станциялары алғашқы буынға жатады. Сосын толық жауып тастаған жоқ, экономикасына қажетті энергияның 50 пайызына дейін ескі АЭС-ден алып отыр. Қалған бөлігін көрші елдерден тасымалдайды.
Мәселен, Германия Франциядан, Швеция Финляндиядан электр энергиясын импорттайды. Еуропа мемлекеттері арасында экономикалық интеграция жоғары.
Франция тұтынатын энергияның 70 пайызын АЭС-тен алады және артығын көрші елдерге сатады. Ресми Париж үшін энергия көзге көрінбейтін мұнай болып тұр.
Біріккен Араб Әмірлігі АЭС-тен энергия алуға көшті. Өзбекстан атом энергетикасын дамытуға ниетті. Арабтарда – мұнай, өзбектерде газдың мол қоры бар. Солай бола тұра бұл елдер атом бағдарламасын ілгерілетуді басымдық етті.
Өзбекстан уран отынының бізден не Автралиядан алады. Мұның басты себебі жаһандық жылынудың алдын алу. Дизель, газ, көмір станцияларынан көмірқышқыл газы шығады. Париж келісімшартына байланысты әлем елдері 2060 жылға дейін ауаға бөлінетін газдың көлемін азайтуы тиіс.
ҚАЗАҚСТАН ҮШІН АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?
Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет болғанымен, энергетикалық теңгерімді сақтау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Елдегі электр станцияларының басым бөлігі өткен ғасырда салынған. Олардың бірқатары моральдық және техникалық тұрғыдан ескіріп келеді.
Энергетиктердің болжамынша, алдағы жылдары жаңа қуат көздері іске қосылмаса, электр энергиясына деген сұраныс пен өндіріс арасындағы алшақтық артуы мүмкін. Сондықтан жаңа генерация көздерін дамыту қажеттілігі туындап отыр.
Бұл ретте атом электр станциясы ұзақмерзімді стратегиялық жоба ретінде қарастырылады. Ол елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, импорттық электр энергиясына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды мәселе – Қазақстанның уран өндіру саласындағы әлеуеті. Еліміз әлемдік уран өндірісінде жетекші орындардың бірін иеленеді. Бұл атом энергетикасын дамыту үшін маңызды артықшылық саналады.
Сарапшылардың пікірінше, атом энергетикасы саласын дамыту арқылы Қазақстан тек шикізат экспорттаушы мемлекет емес, жоғары технологиялық өндірістерді меңгерген елге айнала алады. Бұл ғылымның, инженерияның және білім беру саласының дамуына да серпін береді.
БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН ШЕШІМ
Энергетика мәселесі – тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың да мәселесі. Сондықтан бұл бағыттағы шешімдер ұзақмерзімді перспектива негізінде қабылдануы тиіс.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған мемлекеттердің көпшілігі дәл осы жолды таңдауда. Олар жаңартылатын энергия көздерін дамытумен қатар атом энергетикасына да инвестиция салуды жалғастырып келеді.
Қазақстан үшін де басты мақсат – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрақты экономикалық өсімге жағдай жасау және халықты сенімді энергиямен қамту. Осы тұрғыдан алғанда атом электр станциясы тек энергетикалық жоба ғана емес, елдің ұзақмерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.
Сондықтан АЭС мәселесін талқылау кезінде эмоцияға емес, ғылыми деректерге, халықаралық тәжірибеге және экономикалық есептерге сүйену маңызды. Өйткені энергетика саласында қабылданатын әрбір шешім мемлекеттің болашақтағы дамуына тікелей әсер етеді. Атом энергетикасы төңірегіндегі пікірталастар жалғаса бергенімен, әлемдік үрдістер мен сарапшылардың тұжырымдары оның ұзақмерзімді перспективадағы сенімді әрі тұрақты энергия көзі екенін көрсетіп отыр.