Кейде біз жақын адамның маскүнемге айналғанын байқамай қаламыз. Бірақ маскүнемдік — бұл инфекция емес. Ол «кенеттен» келмейді, ептеп, білдіртпей, адамды билеп алып, оны өз құлына айналдырады. Алайда, алкоголь өмірдің жалғыз мақсатына айналатын межеге жақындауды байқауға болатын белгілер бар.
Біз қайсымыз өзімізді маскүнем деп санаймыз? Егер мен әр демалыс сайын бірнеше саптыаяқ сыра немесе бірнеше бокал шарап ішсем – мен маскүнеммін бе?
Маскүнемдік мойындамаудан басталады. Мәселе мынада: наркологтардың ерекше назарына адамдардың тек бір тобы ғана — спиртті ішімдікті жылына 2-3 рет, өте үлкен мерекелерде және өте аз мөлшерде ішетін адамдар ғана кірмейді. Тек осы топты ғана «ұстамды ішетіндер» деп атауға болады. Тұтынудың жиілігі мен мөлшеріне бөлінетін барлық басқа топтар, ықтимал маскүнемдер болып табылады.
№1-саты – психологиялық
Маскүнемдіктің бірінші белгісі – «психологиялық тәуелділік» деп аталатын мас болу процесінен ләззат алу.
Бірінші қадам — адам айына бір рет ғана ішеді, мысалы, «жалақыдан кейінгі алғашқы демалыс күндері біз достарымызбен барға барамыз».
Екінші қадам — адам өзін жиірек кездесуге көндіруге мүмкіндік береді, ал отырыстар айына бір рет емес, екі рет өтеді. Себептері: «жақсы отырмыз», «жағымды қарым-қатынас», «проблемалар бардың сыртында қалады» және т.с.с.
Үшінші қадам — адам спиртті ішімдік ішілетін іс-шаралардың бастамашысы болады, жиналуды және уақытты «жақсы өткізуді» өзі ұсынады.
Бірте-бірте алкоголь ләззат жағдайына қол жеткізудің құралына айналады және адам эйфорияның құшағына қайта түсу үшін уақыт аралықтарын қысқартуға тырысады.
Бұл сатыда болашақ маскүнем спиртті ішімдікпен бірге кеш өткізу туралы ойдың өзінен жағымды толқиды. Алкоголь қазірдің өзінде «жанның әміршісіне» айналып, өзінің жаңа жақтаушысын келесі сатыға ауыстыруға дайын.
№2-саты – физиологиялық
Бұл сатыда алкогольдің міндеті — ағзаның қорғаныс функцияларын толығымен ауыздықтау, ол бұл міндетті табысты орындай алады. Бәрі дозаны ұлғайтудан басталады.
Алкогольді тұтыну қандай жағымды сезімдермен (достармен көңілді кеш, шығармашылық қабілеттердің өсуі, тамаша секс) байланысты екендігі маңызды емес, бұл сезімдер масаюдың белгілі бір кезеңінде пайда болғаны маңызды. Осы кезеңге жету үшін барған сайын көбірек алкоголь қажет болады — ағзада спиртті ішімдікке төзімділік дами бастайды.
Осы сатыдағы меже — бұл құсу рефлексінің жоғалуы. Бұл қорғаныс функциясы — интоксикацияны сезінетін ағза барлық дерлік жүйелер мен мүшелердің жұмысына араласатын спирт уынан арылады. Құсу рефлексі жойылғаннан кейін немесе оның пайда болуы үшін барған сайын көп алкоголь қажет болса, алкоголь ағзаны өзінің «пайдалы» екендігіне «сендірді» деген сөз.
Осы сатыда есін жоғалтулар пайда бола бастайды. Бұл да өте алаңдатарлық ескерту.
Алкогольге физикалық үйренумен қатар психологиялық тәуелділік те дами түседі. Өзін «ретке» келтіру үшін міндетті түрде бас жазу қажеттілігі туындайды. Барған сайын алкоголь жиірек және көбірек қажет болады, негізінен, себептер де енді қажет емес – «шөлмек болса болды, себеп табылады».
Адамның шекте тұруының тағы бір белгісі — онымен болатын өзгерістер. Ол ашуланшақ және агрессивті бола бастайды. Ол қарым-қатынас және отбасы проблемаларына алаңдамайды. Қызығушылықтар шеңбері өзгереді (олардың барлығы алкогольмен байланысты), достар өзгере бастайды және т. б. Бұл бір нәрсені білдіреді — ол төменге құлдырататын баспалдақтың соңғы сатысынан өтуге дайын.
№3-саты – созылмалы
Есте сақтау және ақыл-ой қабілеті айтарлықтай нашарлайды. Адам ауыр, эпизодтық сипаттағы психикалық бұзылулардан зардап шегеді, мысалы: маскүнем елесі, галлюцинациялар, алкогольдік эпилепсия, паранойя. Сырт әлпеті өзгереді. Маскүнемдікпен қатар жүретін аурулар қарқынды дамиды. Алкогольді тұтыну процесі үздіксіз болады.
Ауыр, айқын мастық салдары тіпті ішілген алкогольдің ең елеусіз порциясынан кейін де пайда болады.
Кез келген алкогольдік сусынның тіпті бір тамшысына қол жеткізу үшін науқас кез келген сендіру әдісін қолдана отырып, өзіне «шебер» болып көрініп, өтірік айтады. Бұндай сәттерде маскүнем өзінің өтініштері «айдан анық» екенін білмейді, оған тек аяққы нәтиже ғана маңызды.
Алкогольге төзімділік айтарлықтай төмендейді: барынша уланған ағза тіпті бір рөмкеден-ақ қарсыласпай беріледі.
Бұндай адамның денсаулығы мен психикасын қалпына келтіру мүмкін емес деуге болады. Олар ұзақ та өмір сүрмейді — жазатайым оқиға, мас күйінде төбелес немесе қандай да бір мүшенің тоқтауы салдарынан қаза табады.
Не істеу керек?
Біз алкогольден толығымен бас тартуға шақырмаймыз — бұл орынсыз. Бірде-бір әлеуетті маскүнем межеден өткенін тіпті өзіне де мойындамайды. Бірінші және екінші сатылардың белгілерін тағы бір рет оқуға шақырамыз. Егер ол белгілер сізде бар болса, айналаңызға көз салыңыз – балаларыңызға, сүйіктілеріңізге қараңыз… Өмірдің басымдықтарын қайта қараудың мағынасы бар шығар?
Егер мұндай белгілер сіздің жақындарыңызда байқалса, дереу шайқасқа шығыңыз. Бірінші және екінші сатылар жылдарға созылуы мүмкін, ал басталып келе жатқан маскүнемдікті емдеуге болады — тәсілдер көп. Бірақ қиын күреске дайындалыңыз — азғырушы әзәзіл өз құрбанын құшағынан оңай босатпайды. Ең бастысы — қолды түсірмеу.
Ішімдікке тәуелділік (маскүнемдік, этилизм) – ішімдікке (этил спиртіне) әуестікпен сипатталатын, психикалық және физикалық тәуелділігі бар созылмалы үдемелі ауру. Маскүнемдік ағзалардың уытты зақымдалуын шақырады. Ер адамдар әйелдермен салыстырғанда 5 есе жиі ауырады. Тұқымқуалаушылыққа бейімділік аурудың дамуын жылдамдатады. Неғұрлым адам жас болса, соғұрлым оның маскүнемдікке апарар жолы қысқа болады.
Диагностикасы
Дәрігер-наркологтар «маскүнемдік» диагнозын қою үшін бірнеше көрсеткіштерді негізге алады. Науқасты қарап тексеру кезінде тері серпімділігінің (тургор) төмендеуі, домбыққандық, беттің қызғылт түсті болуы, бауырдың зақымдалу белгілерінің болуы сияқты өзгерістер анықталады.
Сонымен қатар науқасты және оның туысқандарын сұрастырғанда ішімдікті көп мөлшерде қабылдағанға науқаста құсу реакциясының жоқтығы белгілі болады. Ол ішетін ішімдік мөлшерін бақыламайды, мас кезінде болған жағдай оның есінде қалмайды. Маскүнемдік салынып ішу сипатына ие (бірнеше күндер немесе апталар кезеңімен).
Ішімдіктен бас тартқан кезде абстиненттік синдром айқын көрінеді:
• ашушаңдық, көңілсіздік, жылауықтық, үрейлік;
• бас ауруы;
• ұйқысыздық;
• ішімдікке деген қатты құмарлық;
• қимыл-қозғалыстың белсенділігі немесе аз қозғалушылық;
• қолдың, дененің түгел дірілдеуі;
• әлсіздік;
• тершеңдік.
Ауыр жағдайда алкогольді психоз дамиды.
Жалпы зертханалық талдаулар мен аспаптық зерттеулер (жүрек, іш қуысы ағзаларының УДЗ) ішімдік әсерінің белгілерін көрсетеді. Мысалы, қабыну үрдісінің болуы, иммунитеттің әлсіреуі, бауыр, бүйрек, жүрек, асқазан-ішек жолдары жұмысының бұзылыстары,қан қысымының жоғарылауы.
Клиникалық белгілер
Науқас адам өзін сырқат екенін мойындамайды және ем алғысы келмейді. Мұндай жағдай тәуелділіктің көптеген түрлерінде кездеседі. Сондықтан төменде көрсетілетін клиникалық белгілер науқас адамның туыстарында үрей тудырып, тәуелділікті жеңуге көмектесу үшін олардың мамандандырылған наркологиялық медициналық мекемесіне баруына түрткі болады. Аурудың алғашқы кезеңінде емделу немесе ұзақ ремиссия мүмкіндігі жоғары болады.
Наркологтар маскүнемдікті 3 кезеңге ажыратады. Бірінші кезеңде адам ішімдік ішуді қатты қалайды, бірақ кейде бұл ынтызарлық басылады. Алайда егер ол ішімдік іше бастаса, онда ішкен ішімдік көлемін бақылай алмайды, мастық кезінде не болғаны есінде қалмайды. Сонымен қатар мас кезінде адам ашулы және агрессивті болады. Ішімдікті ішу себебін табуға тырысады, сылтау іздейді, жанындағы адамдарға ішімдік ішуді ұсынады. Ішімдікке әуестік мастықтың кері салдарынан (бас ауруы, қан қысымының жоғарылауы, лоқсу, құсу, бас жазу синдромы) басым болып кетеді.
Маскүнемдіктің екінші кезеңінде ішімдікке төзімділік ұлғаяды. Мас болу үшін адамға бұрынғыдан да көп мөлшерде ішімдік ішу керек. Психикалық және физикалық тәуелділік дамиды. Ішімдік ішуді тоқтатқан кезде абстинентті синдром байқалады. Маскүнемдікті кенет тоқтату психозға («маскүнем елесі») әкелуі мүмкін. Науқас ішімдік ішу үшін себеп іздеуге тырыспайды. Ішімдік ішкенге дейін оның көңіл-күйі нашар, ашушаң болуы мүмкін. Бірақ ішімдік ішіп алған соң көңілі жайланады. Ішімдік ішпеуге шын көңілмен уәде береді, кез келген уақытта тоқтата алатынына сенімді болады.
Үшінші кезең ішімдіктің қажетті мөлшерінің азаюымен сипатталады. Маскүнемге мас болу үшін бір рөмке жеткілікті. Науқас әлеуметтік кейпін жоғалтады, сырт келбетіне, жұмысына, туысқандық қатынастарға мән бермейді. Ішуге деген құмарлық шыдамсыз болады. Егер мастық медициналық көмексіз тоқталатын болса, көп жағдайда психоз дамиды. Интеллектуалды қабілет төмендейді, сөйлеу анық емес, мағынасыз болады. Ішкі ағзалардың зақымдалу, ағзаның әлсіреу белгілері байқалады. Бұл кезеңде емделу өте сирек жағдай болып табылады.
Алғашқы көмек
Маскүнемдікті алғашқы кезеңде тоқтатуға жақын адамдармен сенімді, жылы қатынастар көмектеседі. Жоғарыда айтылған клиникалық белгілерді байқағанда науқасты нарколог дәрігеріне қаралуға көндіру керек. Маскүнемдік – созылмалы, негізінен емделмейтін, ем жүргізілмесе өлімге әкелетін ауру. Ресей статистикасы бойынша 15 — 54 жас аралығындағы ер адамдар өлімінің жартысы қалай болғанда да ішімдікті қабылдауымен байланысты.
Ауыр жағдайда (көп күндік ішімдікке салыну, ағзаның әлсіреуі, алкогольді психоз) алғашқы көмек тек ауруханада көрсетіледі. Міндетті түрде арнайы (психиатриялық) жедел жәрдем бригадасын шақыру қажет. Науқастың агрессиялық жағдайында, сандырақ, галлюцинация кезінде ауруханаға өздігінен апару өте қауіпті болады.
Емі
Тәуелділіктің басқа да түрлерінің еміне ұқсас кешендік ем тиімді әсер көрсетеді. Оған келесі ем түрі кіреді:
• дезинтоксикация (ағзадан уды шығару);
• медикаментозды ем (ішімдікпен үйлестіргенде кері әсерін беретін дәрі-дәрмектерді енгізу); бұл ем «ішімдік ішсең -өлесің» деген қорқынышты қалыптастыруға негізделген;
• психологиялық және әлеуметтік оңалту (ішімдіксіз өмір сүруге болатынына сенімді қалыптастыру, еңбекке, отбасына оралу);
• қайталамалардың алдын алу.
Маскүнемдіктен кодтаудың бірнеше түрі ажыратылады. Инъекция, «тігу» және дәрілерден басқа кодтау мақсатында психотерапия, гипноз, лазермен, электр тоғымен, жоғары температурамен әсер ету қолданылады.
Асқынулары
Маскүнемдік науқастың өліміне әкелетін барлық ағзалар мен жүйелердің ауыр зақымдануын шақырады. Осындай маңызды ақпаратты ішімдікке әуестеніп жүрген, маскүнемдік — барлық адамдарға тән қарапайым дағды деп есептейтін адамға жеткізу керек.
Маскүнемдік кезіндегі болатын аурулар:
• бауыр циррозы (әйелдерде жылдам дамиды)
• алкогольдік энцефалопатия (бас миы қызметінің тежелуі)
• деменция (ақыл-ой кемістігі)
• гастрит, асқазан жарасы, асқазанның қатерлі ісігі
• өңештің қатерлі ісігі
• тік ішектің қатерлі ісігі
• анемия
• аритмия мен кардиомиопатия (жүрек бұлшықетінің әлсізденуі)
• панкреатит
• атеросклероз
• алкогольдік полинейропатия (жүйке жүйесінің патологиясы)
• миға қан құйылу
• импотенция, аталық безінің атрофиясы; әйелдерде — бедеулік, ұрық кемтарлығы.
Себептері
Ішімдікке тәуелділік әр түрлі факторлардың әсерінен қалыптасады. Олар:
• тұқымқуалаушылық
• қоршаған ортаның әсері, қоғамдағы маскүнемдікке шыдамдылық, отбасында, ұжымда, достардың арасында ішімдікті ішуді қолдау
• генетикалық шартталған бейімділік (ішімдікке жеңіл көндігу қабілеті)
• ауыр өмірлік жағдайлар
• қажырсыздық, жауапсыздық