Бәйтерек болмысты ел ағасы. . .


Әр адамның өмір белестері әр алуан болады. Оның дұрысын да, бұрысын да қаз қалпында қағазға түсіру оңай шаруа емес. Өйткені, есіткеннің де, көргеннің де, білгеннің де бәрі бірдей уақыт өте есте қала бермейді. Алайда, арада қаншама жылдар өтсе де ойлана келе жаңғырып ойға оралатындары да аз емес екен. Солардың арасынан өзінің табиғат жаратқан қалыпты жағ­дайынан қаншалықты биліктің биік баспалдақтарына көтерілсе де аспайтын да таспайтын. Бір сөзбен айтқанда, өзін өзгеріссіз турашылдығы мен әділдікті ту етіп тұрақты түрде ұстайтын, ыза жерді баспайтын парасаттылығымен, шар­уаны егжей-тегжей білетіндігімен, алымдылығымен, шалымдылығымен, жан-жақты іскерлігімен, қарапайым­ды­лығымен елдің, халықтың қадір­мен­дісіне айналған азаматтар болады. Ондай азаматтардың атқарған қыз­меттері, жасаған жақсы­лық­тары мен еткен еңбектері ел есінде тура бүгінгісіндей сақталатыны анық. Сондай тұлғалы басшылардың қата­рында болған, табиғаты тылсымға толы Түлкібас ауданының тарихында өзіндік үлесі бар, облыстың экономикасы мен мәдени-әлеуметтік жағдайын көтеруге белсенділікпен ара­ласқан, әсіресе ауыл шаруашылығын өркендетуге кешегі кеңес дәуірі ке­зінде тікелей атсалысқан айтулы аза­маттардың бірі –
Айтбек Меңлібеков.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар қазақта. Ауданның Құрметті азаматы жақсылығын ауыз толтырып айтуға да, қағаз біткенді бітіріп жазуға да тұрарлық жан. Қазақстан халқының ғана емес шетел азаматтарының асыға келетін республикалық маңызы бар – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының директоры болып қаншама жыл тер төккен Айтбек Меңлібеков бүгінде зейнеттегі арда азамат. Абыройлы азамат, сенімді серік, жақсы дос, білікті басшы бола білген Айтбек ағамыз жайлы қай жерде болмасын әңгіме бастала қалса ел біткеннің бәрі ағамыздан көрген азды көпті жақсылығын айтып жарысады. Оның көзінше де, өзі жоқ жерде де осы әрекет. Ал, жақсы адам жақсы басшы да бола біледі. Жақсы басшы мәселені күшпен емес, ақылдасып-кеңесіп, келісіп отырып, өзін мойындатып отырып шешеді. Айтекең осындай басшы. Қоғамның талабына, халықтың мүддесіне үнемі ден қойып, зер сала жүреді, өзекті дейтін талай түйіндердің тарқауына өзіндік үлес қосып та келеді. Осынау өмір жолында талай белестерді бағындырған Айтекеңнің өмірлік тәжірибесі мол, кәсіби тұрғыда әбден шыңдалған. Ол – «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерінің иегері, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы.
Адал еңбектің мәртебесін ерте ұғынған Айтбек Меңлібеков еңбекпен, бірнеше қиындықпен есейген. Қиындықтарға төзе біліп, ерінбей еңбек етудің арқасында, бірбеткей, талапшылдығының арқасында биік белестерге көтерілді. Ауылда туды, өсті, өнді, әлі сонда тұрады. Ауылының әр тасын, шүйгін шөбін сүйеді, әр азаматын өз туғанындай жақсы көріп, құрметтейді. Қандай жиын, той болмасын ағамыздың бас болып арнайы уақытын бөліп, ауыл қуанышын бөлісуге келетініне өзіміз куәміз. Сондықтан, ауылдың жайын айтқызбай-ақ түсінеді. Кішкентайынан бәрін көріп, көңілге түйіп өскен есті жігіттің еңбек жолы да, өмір белестері де алтын бесік ауылмен тығыз байланысты.
Алғабас ауылында дүние есігін ашқан Айтбек Нарынбайұлы Қапланбектегі малдәрігерлік техникумды, одан соң Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын өз ауылы Алғабаста ферма зоотехнигі болып бастаған. Аудан орталығынан шалғайлау орналасқан түкпірдегі Жабағылыдан бастау алған тіршіліктің сан тарау жолында жөн сілтеген жақсы жандармен, тәлімгерлермен жолығып, солардың дұрыс бағыт берулерінің арқасында абырой биігінде өрлеп келеді. Айтбек Нарынбайұлы 30 жасқа енді толған жас маман кезінде «Алғабас» ұжымшарында ферма меңгерушісі бола жүріп, қажырлы еңбегі мен қол жеткізген табыстары үшін алғашқы орденін алған. Сол кездегі КСРО-ны басқарып тұрған Ю.Андроповтың қолы қойылған Жарлықпен «Құрмет белгісі» орденін алуы жас болса да істің тетігін таба білетін Айтекеңнің еңбектегі алғашқы жемісі еді. Одан кейін де «Алғабас» ұжымшарының бас зоотехнигі, басқарма бастығының орынбасары болып жемісті еңбек етті. Кешегі «өлара» кезеңде өмірдің үлкен тәжірибесінен өткен Айтбек Нарынбайұлы басшылық Жабағылыдағы құс фабрикасына жұмысқа жібереді. Түпкі мақсат осы өндіріс орнын қалай да сақтап қалу болатын. Ол алғашында цех бастығы, бас зоотехник, басқарушы, соңынан фабриканың бас директоры лауазамына дейінгі еңбек баспалдақтарынан өтті. Күн-түн демей еңбек етті. Өндірісті құлдыратпай, қалыпты жағдайда ұстап тұруға ұжымды жұмылдырды. Сол жылдары жанқиярлық еңбектің арқасында құс фабрикасында шұжық, май, консерві цехтары, шағын диірмен, киім тігетін орындар ашылып, көптеген адамдар жұмыспен қамтылды. Фабрикада жер көлемі ұлғайып, бидай, арпа, мақсары, жоңышқа, сәбіз егіліп, бұл іске де көптеген жұмыс қолы тартылды. Шаруашылықта жылқы көбейіп, күніне 1500 литрге дейін қымыз өндірілді. Осы істердің барлығы бұрын тек құс еті мен жұмыртқа өндіретін құс фабрикасында жасалды. Бұл баламалы табыс табудың әрекеттері еді. Осындай әрекеттердің арқасында фабрика қалыпты жұмыс істеп тұрды. Сол жылдары барлық салада құлдырау жаппай етек алды. Бұрынғы тұрақты байланыстар үзіліп, қиындықтарға тап болып жатты. Осы шақта ауданымыздағы әлемге әйгілі «Ақсу-Жабағылы» қорығының жағдайы да мәз емес еді. Қай жерде қиыншылық болса, сол жерге басшы іздегенде Айтбек Нарынбайұлының есімі бірінші аталатыны бар. Ол түсінікті де. Сенімнен шығып, үмітті ақтап жүрген азаматтың абыройы әрқашан биік тұратыны рас. Айтбек аталмыш табиғи қорыққа басшы болып келгенде бұл мекемеде ұйымдастырылатын, үйлестіретін жұмыстар көп еді. Бұрынғы дағдысынша бар жауапкершілікті өз мойнына алып, Айтекең іске білек сыбана кірісіп кетті. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, белсенді ісімен мол абырой жинаған ол табиғи қорық жұмысын да аз ғана уақытта жолға қоя білді. Қорықтың кардондары, мал сарайлары, ғимараттар күрделі жөндеулерден өтіп, қорық инспекторлары тұрып, еңбек ететін жаңа үйлер салынды. Жаңа кардондар құрылып, ол жерлерге жаңа техника, штаттық бірліктер алынды. Тұрғындар жұмыспен қамтылды. 2000 жылы қорықта барлығы 32 адам еңбек етсе, қазір оның саны едәуір өсіп отыр. Қорықтың бүгінгідей бедел мен абыройға ие болуына Айтбек ағамыздың еңбегі өлшеусіз үлес болды десек артықтық емес. Жан-жақтылығының арқасында қиындықтар артта қалып, жайма шуақ күндер келіп, табиғат Анамыз риясыз алғысын білдіргендей кейіпке енді. Міне, төккен тер, ерекше қабілет, жұмысқа деген ықылас пен жігер Айтбек ағамызды бүгінгідей абырой мен беделге әкеліп отыр.
Айтбек Нарынбайұлы ел алдындағы еңбегі елеусіз емес. Орден-медальдардан бөлек, әр жерлерден алған Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары жетерлік. Бірақ, Айтекеңді жақсы танитындар оның атақ-даңқ үшін емес, ел үшін, қоғам үшін еңбек етіп жүргенін жақсы біледі. Айтбек Меңлібеков дәл осындай тынымсыз әрі қалтқысыз адал еңбегінің арқасында 1985 жылы “ҚҰРМЕТ БЕЛГІСІ орденімен, 2004 жылы 2035 Әскери бөлімінің грамотасымен, 2005 жылы ОҚО мәслихаты Құрмет грамотасымен, ҚР АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің Құрмет грамотасымен, 2006 жылы Түлкібас ауданының “ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ” атағымен, 2007 жылы “ҚҰРМЕТ ОРДЕНІМЕН”, ҚР Спорт және Туризм министрінің Құрмет грамотасымен, 2008 жылы Нұр Отан ХДП орталық комитетінің төрағасының Алғыс хатымен, 2010 жылы ҚР Спорт және Туризм министрінің «Құрмет грамотасымен», Қазақстан құс өсіру саласының “Құрметті қызметкері” белгісімен, 2011 жылы ОҚ облыс әкімі –Нұр Отан ХДП ОҚОФ төрағасы А.Мырзахметовтің Алғыс хатымен, 2013 жылы Өнеркәсіптік құс өсіру 50 жылдығы медалімен, 2015 жылы сәуір айында Президенттің Алғыс хатымен, мамыр айында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Грамотасымен, Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл мерекелік медалімен, ОҚО мәслихатының Грамотасымен, 2016 жылы ҚР Президентінің ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл мерекелік медалімен, 2017 жылы ҚР АШМ Орман шаруашылы және жануарлар дүниесі комитетінің І- дәрежелі төс белгісімен, 2018 жылы ҚР Президентінің «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен, Түлкібас ауданы әкімінің «Түлкібас ауданына – 90 жыл» медалімен, «Қазақстан маслихаттарына -25 жыл» Қазақстан маслихат бірлестігінің медалімен, 2018 жылы ОҚО қалалық және аудандық маслихат хатшылар бірлестігінің «Облыстың құрметті депутаты» медалімен, 2019 жылы Ардагерлерге көрсеткен қамқорлығы үшін «Алтын жүрек» медалімен, «Мухаммед Хайдар Дулати» медалімен, 2020 жылы ҚР Президентінің Қазақстан Конституциясына -25 жыл» медалімен марапатталды. Бұл біз білетін марапаттаулары мен төсбелгілерінің тізімі ғана. Ал, ел ағасы мұндай марапаттың ең биігі халықтың сенімі мен алғысы деп білетінін қай кезде де айтып отыратын.
Ардақты азамат, ел сыйлаған ер – Айтбек Нарынбайұлы еңбекпен жетіліп, биыл 70 жастың жотасына шығып отыр. Үлгілі отағасы. Төрт ұл-қыз өсіріп, олардан немере сүйіп отырған ардақты ата. Ауылдастарына абыройлы ақсақал. Айтбек ағамыздың көңілі сондай кең, жүрегі мейірімге толы екенін жақын жандарының бәрі біледі. Сырт келбеті қатқыл, сұсты көрінгенімен ағамыздың жан жүрегі үлкен мейірімге толы. Адам баласына алалық ойлаудан ада жүрегіне жаратушымыз бар ізгілікті салып қойғандай. Ағамыз тек қана іскерлігімен емес шығармашылық қабілетімен де елге танылып үлгерген. Ол кісімен дастархандас болып жүрген жандардың барлығы ағамыздың әуелетіп ән шырқап, күмбірлеген күй тартарын жақсы біледі. Әрбір жиында «Ана» жайлы шырқаған әні талай жанның анасына деген сағынышы мен ықыласының оянуына себеп болғандай көрінеді. Бар пейілімен, бар ынта шынтасымен орындайтын ағамыз көпшілікке тек басшы, депутат болып қана емес қоңыр даусымен де танылып үлгерген. Ел аузында есімі құрметпен аталатын Айтбек ағамызды жаңа жасымен, мерейлі тойымен редакция ұжымы да шын жүрекпен құттықтайды. Жайма шуақ күндеріңіз, жарқын әрі қуанышқа толы сәттеріңіз көп болсын дейміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы