Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ¬Жолдауында «Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды» деген болатын. Жолдау аясында Түркістан қаласындағы құқық қорғау органдары халықтың құқықтық сауатын ашуға жұмыстар атқаруда. Бұл ретте Түркістанның құқық қорғау органдары мен қалалық полицейлері қапы қалмай қаламыздағы мектептеп мен түрлі ұйымдарда конференциялар, ашық сабақтар, семинар-брифингтер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып жүр. Осы орайда бізде Түркістан облысының тұрғындарына ақпараттық сайтымыз арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырмыз.
Мемлекеттік және халықаралық деңгейге сай, бәсекеге төтеп бере алатын, жан-жақты, құқықтық сауатты ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі қоғамның басты талабы екені сөзсіз. Ішкі және сыртқы күрделі мәселелерді шешуде жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру ісін қайта қарау керектігі анық сезілді. Ал ол үшін құқықтық білім беру, құқықтық сана қалыптастыру, жауапкершілікті арттыру міндеттері алға шығады.
“Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады.Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын.Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі. Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мәселесіне менің айрықша мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Ал, былтыр мен бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға бағытталған Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы жарлыққа қол қойдым. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен бұдан басқа да бірқатар заманауи бастамалар жүзеге асырылды.Дегенмен, құқық қорғау мәселелері үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сондықтан өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санаймын”, деді Президент өз сөзінде.
Қоғам әрқашан тәртіпке негізделіп, арқа сүйеп қалыптасып, тіршілік етеді. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни келешегі болмайды. Мұны адамдар ежелден-ақ жақсы түсінген. Сондықтан да қоғамда тәртіп орнатудың жолдарын қарастырған. Дегенмен де, керісінше қоғамдық тәртіпті бұзуға бейім азаматтар да аз болмаған. Осыдан келіп құқық бұзушылық орын ала бастады. Құқық бұзушылық- қоғам өміріне тән дерт. Құқық бұзушылық- заңды, оның қағидаларын құқықтық нормалар жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салған әрекеттерді жасау. Ол адамдардың іс- әрекеті, қылығы, мінезі немесе әрекетсіздігімен сипатталады. Адам өзінің іс- әрекеті, қылығы арқылы басқа адамдармен, қоғаммен, мемлекетпен қарым- қатынасқа түседі. Заң бұзушылық адамның мінез- құлқы арқылы байқалады. Демек, заң бұзушылық қоғам мен жеке тұлғаларға зиян келтіретін және құқықтық нормаларға қарсы әрекет немесе әрекетсіздік болып табылады.
“Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды. Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ. Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын. Осындай ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі. Сонымен бірге қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтармен тиімді күресу маңызды рөл атқарады.Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын. Мен Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжаттар заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет. Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде.Кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп арта түсуде. Бұл ретте, Жоғары сот кеңесі маңызды рөл атқарады. Осы құрылым Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі конституциялық өкілеттігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепілдік береді”, деді Президент.