ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ҚАЛАЙ ДАМЫП КЕЛЕДІ? — 2


Қазіргі таңда еліміздің әскери басқару жүйесін дамыту мақсатында Қарулы Күштер қызметінің барлық саласы цифрлы технологиямен жарақтандырылып жатыр. Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, бұған дейін енгізілген «Цифрлық жергілікті әскери басқару органы» жобасы бірыңғай ақпараттық ортаны қалыптастыруда және азаматтар үшін Қорғаныс министрлігі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуде тиімді екенін көрсетті. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу цифрлық форматқа ауысты. Бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ былтыр қорғаныс саласы қызметкерлерінің жалақысы бір жылда 15,9 пайызға артып, 206,9 мың теңгеге көтерілді. Дегенмен бұл саладағы орташа жалақы орташа дейгейден төмен. Мысалы, елдегі орташа жалақы көлемі 2021 жылы 243,7 мың теңге болса, биыл 285,5 мың теңгені құрады. Астанада мемлекеттік басқару және қорғаныс саласы қызметкерлерінің ең жоғары жалақы көлемі 331,8 мың теңге. Жалақысы жоғары аймақтарға Алматы, Қызылорда кірсе, ең төменгі жалақы Шығыс Қазақстанға тиесілі екен. Қарулы Күштерде офицерден қатардағы жауынгерге дейін кәсіби тұрғыда маманданған, моральдық рухы биік болуы тиіс. Сондықтан кадрлық әлеуетті күшейту бойынша әскери білім жүйесін жетілдіру мен кадр саясатын дамыту шаралары қабылдануда. Осы ретте Қарулы Күштердің кадр саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы даярланды. «Жас Ұлан» мектептері, әскери колледждер, үш әскери жоғары оқу орны және Ұлттық қорғаныс университеті әскери кадрлар даярлауда үш деңгеймен қызмет етеді. Одан өзге, әскери қызметшілердің курстық дайындықтан өтуі де қамтамасыз етілген. Жетіспейтін мамандықтар, сондай-ақ қажетті мамандықтар бойынша дайындық шетелдің жетекші әскери оқу орындарында да ұйымдастырылған.
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов еліміз қазақстандық бітімгерлерге қосымша квоталар алуға, Қазақстанның бітімгершілік әлеуетін нығайтуға және БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысу географиясын кеңейтуге ынталы екенін атады. Оның айтуынша, әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар бастамалар әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, әскери қызметшілерге мерзімді қызметін атқару уақытында «несиелік демалыстар», коммуналдық қызметтерге ақы төлеу кезінде сарбаздардың отбасыларына жеңілдіктер ұсынылады. Білім беру саласында жеңілдіктер беру және мемлекеттік органдарға жұмысқа орналастыруға қатысты ұсыныстар да қарастырылған. Сондай-ақ «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы шеңберінде Қорғаныс министрлігі қазіргі күні еңбек нарығында сұранысқа ие 16 мамандық бойынша мерзімді әскери қызметшілерді электрик, тракторшы, кран машинисі, дәнекерлеуші және т.б. мамандықтарға дайындап жатыр. Жастар әскерде қызмет ету кезінде Қарулы Күштер мен әскери бөлімдердің оқу-жаттығу орталықтары базасында кәсіптік білім, білік және дағдыларды тегін алуға мүмкіндігі бар.
«Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл өзгерістер әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін жақсартуға, олқылықтар мен қайшылықтар туындаған сәтте әскери қызмет мәселелерін реттеуге бағытталған», -деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары.
Әскери салада жүзеге асып жатқан жобалардың бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы. Бұл жоба заманауи қоймалар мен әскери қоймаларды салуды, сондай-ақ техникалық қауіпсіздік құралдарымен және автоматты өрт сөндіру жүйелерімен жұмыс істеп тұрған қоймалардың жұмысын жетілдіруді мақсат тұтады. Оның міндеті – нысандардың қауіпсіздігіне қатысты белгіленген талаптар мен ережелерді мүлтіксіз орындауға негізделеді. Мұндай нысандардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар мен ережелерінің қатаң сақталуы қадағаланатынын айтқан Сұлтан Камалетдинов «Қоймалар айналасында тыйым салынған аймақтар мен аудандарды құруға байланысты қатынастар заңнамалық деңгейде реттелгенін түсіну керек. Жергілікті атқарушы органдар бұл талаптарды қатаң сақтауға тиіс», — деді.
Қазақстан қорғаныс саласын әскери техниканың, қару-жарақтың заманауи, жоғары деңгейлі технологияларымен қамтамасыз етуді жоспарлы түрде іске асырып отыр. Қарулы күштердің компоненттерін жетілдіру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға баса назар аударылуда. Басым бағыттар бойынша әскери өнімдер тізбегі анықталып, отандық өнімге басымдық берілмек. Оларға: майдандық және әскери-көлік авиация ұшақтары, зымыран-артиллериялық қару-жарақ, сауытты танктік техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, робототехникалық құралдар, оқ-дәрілер және басқа да номенклатуралар жатады. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновтың сөзінше, отандық кәсіпорындардан шыққан өнімдерді пайдалана отырып, импортқа тәуелділікті азайтамыз. Ол осы салада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы