
Ұлы Отан соғысы әрбір жүркке қасіретін қалдырып кетті. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғысқа біздің Майбұлақ елді мекенінен 168 адам аттанып, соның 105-інің сүйегі жат жерде қалды. Аман келген 63 жауынгер және еңбек майданында болған 23 азамат елге оралған соң шаруашылықтарды қалпына келтіруге үлес қосты.
Сондай ерлердің бірі – төлебилік Әбіш Пиялиев (1903 – 1967 ж.ж.) аға болатын. Ол Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, елге 1945 жылы 23 маусымда оралды. Майдангер 1967 жылы қайтыс болды. Оның екінші ұлы Әбдірайымбек әкесі туралы мардымды мәліметтердің жоқтығын айтатын. Кейін құжаттары Құран кітабының арасынан кездейсоқ табылған.
Ағаның құжаттарын алғызып, төмендегідей жәйттерге көз жеткіздім. Әбіш Пиялиев Сталинград шайқасына қатысады. 1943 жылдың тамыз айында мойнынан және иығынан жеңіл жарақаттанады. Жан берісіп, жан алысқан алапат қырғыннан аман қалып, жеңімпаз Кеңес армиясы Қарулы Күштерінің сапында соғысты Берлинде аяқтайды.
2018 жылға дейін құпия сақталған құжаттарда қатардағы жауынгердің 1942 жылдың ақпанынан 1945 жылдың 23 шілдесіне дейін 4-ші гвардиялық атқыштар полкінің 277-ші танкіге қарсы артиллериялық батальонында зеңбірекші болғаны, Сталинградты қорғаудағы кескілескен ұрыстарға қатысқаны жазылыпты. Гитлершіл армияның үлкен күшін талқандаудағы қаһармандығы үшін III дәрежелі «Даңқ», кейін I дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және «Сталинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Жоғарғы Бас қолбасшыдан алған Мақтау грамотасы және бар.
Қарияның көзі тірісінде бізге айтып берген мына әңгімесі әлі есімнен шықпайды.
…Днепр үшін шайқаста Әбекеңнің көз алдында бір сарбаз жақын жерге түскен бомба жарылысынан үйінді топырақ астына көміліп қалады. Әскер қатарына енді шақырылған жас жауынгер Михаил Александрович Мороховты Әбіш аға жаңбырша жауып тұрған жау оғына қарамастан шалажансар күйінде топырақ арасынан аршып алады. Тез арада оны әскери госпитальға жеткізіп, ажалдан арашалап қалады.
– Көз алдымдағы өрімдей орыс баласына жаным ашыды. Өзі сондай сүйкімді болатын. Қасымнан бір елі ажырамай, туған баламдай бірге ілесіп жүретін. Аллаға шүкір, көретін жарығы бар екен, –
дейтін.
Соғыстан кейінгі жылдарда Новокуйбышевск қаласында тұратын М.А.Морохов Әбіш Пиялиевті аудандық әскери комиссариат арқылы іздестіріп, тауып алады. Осылайша 1962 жылы майдангерлер сағынышпен табысады. Екеуі ұзақ әңгімелеседі. Сосын олардың арасын хат жалғап тұрды. Морохов әр хатын «Әке» деп бастайтын. Майданнан еліне жеңіспен оралған жауынгер жоғары техникалық білім алады. Кейін Новокуйбышевск қаласындағы бір зауытта бас инженер болып жұмыс істейді. Жұбайы тігін фабрикасында цех басшысы қызметін атқарады. Морохов өз жағдайларының жақсы екендігін айтып, хат арқылы үзбей хабарласып тұрған. Пошта арқылы жәшік-жәшік қант, шай, мата, жеңгейге тоқылған түбіт орамал, т.б. түрлі сәлемдемелерді «әкесінің» үйіне үзбей жіберіп, көмек қолдарын созады. Әбіш аға мен Жарқынай жеңгей екеуі де қарап қалмай, бұл жақтан апорт алма, жаңғақ, түрлі жеміс-жидек қақтарын жіберіп тұрыпты.
Әбіш аға қаншама жыл өзі туып-өскен колхозда есепші, кейінгі жылдарда пошташы болып жұмыс істеді. Ел қатарлы қарапайым ғұмыр кешті, 7 ұл-қызын жетілдіріп, олардан ұрпақ сүйді.
Жыл сайын Жеңіс мерекесі қарсаңында есіме Әбіш ағам түседі.
Жақсылық СЫДЫҚБАЙҰЛЫ.