ТҮРКІСТАН: ЕРЕКШЕ ТӘРТІП САҚШЫСЫ


Тарихтың көзіндей болған көне бұйымдар мен жәдігерлер кім-кімді болмасын бей-жай қалдырмаса керек. Ал, оларды жинақтап, арнайы орында сақтау, сөйтіп келер ұрпаққа жеткізу – сауапты тірліктердің бірі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – түркістандық тәртіп сақшысы, полиция подполковнигі Сухраб Ирназаровтың көне жәдігерлерге деген әуестігі бүгінде сүйікті ісіне айналған. 45 жастағы полицей тұратын үйдің шатырынан Кеңес дәуірінде қолданылған заттардың түр-түрін кезіктіруге болады. Түймесін баса қалсаңыз сайрай жөнелетін ескі музыкалық аспаптардың осы күнге дейін бұзылмай сақталуы тіптен тәнті етеді.
Көне жәдігерлер, түрлі коллекциялар жинау Сухраб Ирназаровтың бала кезінен қалыптасқан әуес ісі. Оның мұражайынан тиынның мыңға жуық түрін, байырғы телефондарды, тігін машиналарын, фотоаппараттар мен қабырға сағаттарын, радио, аудио және видеомагнитофондарды көре аласыз. Түркістандық полицей бұл жәдігерлерді жинақтау үрдісін 2014 жылы бастапты.
Полиция подполковнигі техника тілін терең біледі. Бұл қабілеті мұражайға жинақталған ескі құралдардың ақауын түзетуге сеп болып келеді. Одан бөлек, қолы қалт еткенде сағат механизмдерінен трансформер көліктер құрастырады. Тіпті, тігін машиналарын іске қосып, жұмысқа жарамаса да ойыншық көлік, мотоцикл сияқты дүниелерге айналдырады. Ағаштан түрлі мүсіндер жасауды да жақсы көреді.
Коллекционер тәртіп сақшысы мұражай қорын жиі-жиі толықтырып тұрады екен. Мәселен, биылғы қыркүйек айында коллекция қатарына шартты сигналдар жүйесін білдіру үшін қолданылған «Морзе әліппесін» қосқан. Одан бөлек үш ескі бейнекамера сатып алған. Полицейдің айтуынша, мұндай көне бұйымдардың бағасы арзан. Кейде адамдар қолданбайтын заттарын тегін бере салады екен. Бүгінде Сухраб өзі секілді ескі жәдігерлерге қызығатын адамдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Коллекционерлер бір-бірімен жиі-жиі зат алмасып отыратын көрінеді.
– Мұражайда кеңестік әскер құрылымының нысанды киімдері бар. Қазақстан полициясы күніне орай арнайы шығарылған барлық мерекелік төсбелгілерді көре аласыз. Полиция қызметкерлерінің нысанды киіміне тағылатын жұлдызшалардың 15-ке тарта түрін жинадым, – дейді ол.
Сухраб мырзаның жеке мұражайындағы ең ескі бұйым – 1953 жылы шығарылған магнитофон. Дүние жүзі бойынша санаулы ғана данасы шыққан техникаларды да Сухрабтың үйінен табуға болады. Коллекционер көне заттарды базарлардан немесе жарнама арқылы өзге аймақтардан сатып алады. Өзінің фотоаппараттарға деген қызығушылығы да ерекше. Бүгінде мұражайында кеңес заманында қолданылған фотоаппараттардың 300-ге жуық түрі сақталған.
– Фотоаппараттың түрі көп. Сондықтан оны жинау өте қызықты. Мысалы, магнитофон кассеталарының түрі айтарлықтай көп емес. Бір жылдары мен криминалистика саласы бойынша «Арнайы техника» сабағынан Шымкенттегі оқу орнында дәріс оқыдым. Онда қылмыстық дәлелдерді анықтау дәл осы фотоаппараттармен байланысты болды. Шынымды айтайын, ол кезде фотоаппаратқа қатты қызығушылығым болмады. Кейіннен сала ауыстырған соң ғана фотоаппараттың түр-түрін жинауға ден қойдым. Қазір де біреу фотоаппараттың менде жоқ түрін ұсынса ала беремін. Мысалы, менде жетпісінші жылдары КСРО-да көптеп шығарылған «МТО-1000» фотоаппаратының объективі бар. Бұл құрылғы аспандағы айды да жақындатып түсіре алады. Одан бөлек коллекциямда бұрын әскери барлау мақсатында пайдаланылған жеті фотоснайпер бар. Алыстағы нысанды түсіретін бұл құрылғы өте аз көлемде шығарылған. Алғашқыда мұны ішкі істер органдарының арнайы барлау бөлімі қолданса, кейін фотоқұрылғыны аңшылар да пайдаланған. Қазіргі уақытта фотоснайперді табу қиын әрі басқа дүниелерге қарағанда бағасы да қымбат, – дейді коллекционер полицей.
Сухраб Ирназаров жинаған фотоаппараттардың ішінде өткен ғасырда кезекші милиция бөлімі қолданған түрі де бар. Айтуынша, ол фотоаппаратпен ішкі істер бөліміне кірген адамдарды суретке түсіріп отырған.
Музыкалық мұражай
Сухрабтың мұражайындағы құнды заттардың басым бөлігі – магнитофондар. Одан бөлек дыбыс жазу құрылғыларын да көптеп кездестіруге болады. Олардың кейбіреуінің түймесін түрте қалсаңыз, әлі де қызмет етуге дайын. Жиналған заттардың көпшілігі өткен ғасырда Кеңес Одағында, Оңтүстік Корея мен Жапонияда жасалған.
– Магнитофондардың өзі түрлі санаттарға бөлінеді. Олардың көпшілігін әлі де қолдануға болады. Дегенмен, ертеде шыққан түрлерінің дыбысы анық шықпайды. Жоғары санатты, әлі де қолдануға келетін магнитофон түрлерін үйде жиі қосып, ән тыңдаймын, – дейді ол.
Сухрабтың түрлі магнитофондарының арасында тарихи жәдігерлер де кездеседі. Мәселен, Кеңес Одағының белгілі рок-әншісі Игорь Тальковтың студиясында тұрған магнитофон бар. Тальков қолданған музыкалық аспапқа қалай қол жеткізгені туралы полиция подполковнигі бізге әңгімелеп берді.
– Бұл «Тaskam» атты жапондық магнитофонды мен тоқсаныншы жылдары танымал рок-әртістің музыкалық студиясында дыбыс режиссері болып қызмет істеген адамнан сатып алдым. Ол – Сайрам ауданының тумасы еді. Айтуынша, дыбыс режиссері болып қызмет атқарып жүрген кезінде осы магнитофонды студиядан өзіне естелікке алған. Маған соны тарту еткен ол кісінің жасы қазір жетпістен асты. Коллекционер ретінде қызығушылығым бар екенін естіп, маған беремін деп шешкен екен. Әйтпесе, ескі бұйымдарды сатып алып, кейін үстінен ақша қосып сататын саудагерлер де кездеседі. Олар мұндай құнды дүниелердің бағасын білмейді, – дейді полицей.
Ерекше хобби иесі мұражайына қойылған әр бұйымның тарихын айтып бергенді де ұнатады екен.
– Мысалы, мен мұражайдағы 1979 жылы шыққан видеомагнитофонға тәнті боламын. Себебі, алғашқы иесі мұны жарық көрген жылдары-ақ сатып алған екен. Мұндай техникаларды, тіпті екі мыңыншы жылдардың басында қолға түсіру оңай болмайтын. Кеңес Одағы кезінде бұл видеомагнитофонның бағасы 2 800 сом еді. Ал, ол кездері халық 5000 сомға «Москвич» көлігін сатып алатын еді, – дейді ерекше жәдігер жайлы баяндаған ол.
Ескі жәдігерлерді жаны сүйетін полиция қызметкері коллекция жинаудың еш қиындығы жоқ екенін және жеке мұражайын кеңейтуді жоспарлап жүргенін де жеткізді.
Қойын дәптердегі ойлар
Бүгінде полиция қызметкері Сухраб Ирназаров Сайрам аудандық полиция бөлімінде штаб тобының аға инспекторы қызметін атқарып жүр. Ішкі істер саласындағы еңбек жолы 1998 жылы басталған. Бастапқыда Павлодар облысының Ақсу ауданында учаскелік полиция инспекторы болған. 2003-2014 жылдар аралығында Сайрам АПБ-ның аға жедел уәкілі қызметін абыроймен атқарған. 2014-2016 жылдары Шымкент қаласында орналасқан Б.Момышұлы атындағы оқу орталығында «Криминалистика және арнайы техника» циклінде аға оқытушы болса, 2016 жылы штабқа ауысқан. Сухрабтың әкесі де ішкі істер органдарында қызмет етіп, зейнеткерлікке подполковник шенімен шыққан. Атасы – Ұлы Отан соғысының ардагері және ел басқарған абыройлы азаматтардың бірі. Ата жолын жалғаған кейіпкеріміз бес қыздың әкесі. Екі үлкен қызы болашақ медицина маманы болса, қалған үш қызы мектеп қабырғасында білім алып жүр.
Сайрамдық сақшы қызметтен қолы қалт етсе, өз ойлары мен пікірлерін қағаз бетіне түсіріп қойғанды жақсы көреді. Мұны дағдыға айналдырғанына 20 жылдан асқан. Кейіпкеріміз өзінің қызығушылықтары туралы көп айта бермейді екен. Оның ретро стильдегі мұражайы бар екенін, тіпті көршілері де көп уақытқа дейін білмеген. Сол сияқты қағаз бетіндегі жан сырын да көпшілікке көрсеткенді дұрыс көрмейді.
– Бұл әдет 2003 жылы басталды. Алғашында қолыма түскен кез келген қағазға жаза беретінмін. Кейіннен бірнеше қойын дәптерді толтырдым. Олардың кейбіреуін достарыма беріп те жібергенмін. Енді біреулерін жәй ғана тастай салдым. Мұны «Күнделік жазбалары» деп атауға болатын шығар. Олар көлемді де емес, қағазға түскен ойларымның басты тақырыбы полиция қызметіндегі оқиғалармен байланысты. Сондықтан жазғанымды әріптестеріммен ғана бөлісемін. Олар менің басты оқырмандарым. Жазуға көп уақытым кетпейді. Күн сайын жарты сағат бөлемін, – дейді түркістандық тәртіп сақшысы.
Сухрабтың жазбаларын оқитын әріптестері оған «Қабырға газеті» немесе «Фельетон әңгімелер» деп ат қойған. Қазір полицейдің қолында үш қойын дәптер қалған. Бір дәптерді толтыруға шамамен екі-үш жыл уақыт кетеді. Қайта оралмас күндердің белгісіндей болатын құнды дүниелердің иесі алдағы уақытта да бұл ісін жалғастыра бермек. Біздің Түркістанда осындай парасатты полицей қызмет етіп жүр.
Б.Ерман

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы