ТҮРКІСТАН: ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП КЕРЕК ЖАУЫНГЕРГЕ


ҚР Конституциясы, 36-бап:
«Қазақстан Республикасын қорғау –
Оның әрбір азаматының қасиетті борышы және міндеті».
Бүгінгі Ұлттық ұлан әскерлеріне жүктелген негізгі тапсырмалардың бірі – мемлекеттік ғимараттар мен түзеу мекемелерін күзету. Оларға түзеу мекемелерін күзетіп қана қоймай, ондағы темірдей тәртіпті де қадағалау міндеті жүктелген. Сондықтан мұндай жауапты қызмет сарбаздардан сергектік пен қырағылықты талап етеді.
Айталық, подполковник Нұрлан Сакибеков басқаратын ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6698 әскери бөлімі Шымкент қаласында орналасқан ИЧ 167/3 түзеу мекемесін күзетеді. Мұндағы қарауылдық постта тұрған әрбір сарбаз ауа райының ыстық-суығына, жауын-шашынға, қарлы боранға қарамай, жауынгерлік қызметін адал атқарып келеді. Олар сотталған азаматтардың қашып кетпеуін қадағалап, тыйым салынған заттардың мекеме аумағына өтуіне жол бермейді.
Біз жалпы режимдегі түзеу мекемесіне барған күні әскери бөлімнің 1-ші атқыштар ротасының 3-ші взвод командирі, лейтенант Еламан Данабекұлы басқаратын қарауыл құрамы жауынгерлік қызметтерін атқарып жатты. Данабек мұнда әрбір сарбаздың жауынгерлік және іскерлік қабілетін ұштап, қарауылдық қызметке бейімдеу жұмыстарымен айналысады. Біз барғанда ол кезекті ауысымға нұсқаулық сабағын жүргізіп жатқан болатын.
– Қарауылдық қызмет – әскери қызметшілерді қырағылыққа, батылдыққа, табандылыққа үйрететін мектеп. Сарбаздар осы күзет мұнарасында жазасын өтеушілердің әрбір пиғылын бағып, оқыс оқиғалардың алдын алып жатады. Қашуға талпынғандардың ойы іске аса қалса, бұл тұрғындардың өміріне үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан да қарауыл қызметіндегілерге жүктелген жауапкершілік жоғары.
Сырттай қараған адамға олардың қызметі оңай сияқты көрінеді. Бірақ, қару асынып, күзет мұнарасында кірпік қақпай тұратын сарбаздың қызметі жұрт ойлағандай оңай емес. Біз кез келген сарбазды бірден қарауылдық қызметке қоя алмаймыз. Қарауылға түсерден бұрын олар жауынгерлік даярлықтан, психологиялық тестілеуден өтеді. Бұл жерде олардың атыс қаруын қолдану қабілетіне де жете мән беріледі. Содан мүдірмей өткендер ғана қарауылдық қызметке жіберіледі. Қазір әскери борышын өтеуге келген сарбаздарды қарауылдық қызметке дайындап жатырмыз. Қарамағымдағы 25 сарбаз қазір сынақтан өтіп жатыр. Алды кешелі бері постқа түсіп үлгерді. Олар үш сағат сайын ауысып отырады. Мұндай сәттерде сарбаздар бір-біріне бауыр болып кетеді, – дейді взвод командирі.
Иә, түзеу мекемесіндегі жауынгерлік қызмет басқа қызметтерге қарағанда күрделірек. Сарбаздар қарауыл бөлмелерінде бірге жүргенімен, бекеттерге жалғыз шығады. Мұнарада түн баласы көз ілмей, таңды жалғыз атырады. Оларға іштен де, сырттан да кез келген уақытта қауіп төнуі мүмкін. Мүлгіп отыруға немесе бөтен ойларға беріліп кетуге болмайды. Жауынгер өжет, сергек және шапшаң болуы қажет. Бұл – қарауыл сақшысына қажет қасиеттер.
Мүмкіндікті пайдаланып, біз де ауысым кезегімен бірге периметрге шықтық. Күн 38 градусты көрсетіп тұр. Пост жанына келгенде лейтенант Еламан Данабекұлы қатардағы жауынгер Мақсат Таимовқа «Постты уақытша күзетуге, қорғауға ал» деп бұйрық берді. Өз кезегінде қатардағы жауынгер Мақсат Таимов командирге постта оқыс оқиғалардың болмағанын баяндады. Қарауыл бастығы постты алмастырушы қатардағы жауынгер Жарас Архатұлымен бірге із қадағалау жолағы мен негізгі қоршауды мұқият сүзіп шықты.
– «Жауынгерлік қызметті атқару – біздің әскердің жеке құрамы үшін негізгі міндет, – дейді қатардағы жауынгер Жарас Архатұлы. – Біз үшін жарғы талаптарын қатаң сақтап, жоғары қырағылық пен шұғыл шешімді қабылдай білу қажет. Негізгі жауапкершілік постта тұрған сарбазға жүктеледі. Біз үшін әскер – нағыз ер азаматтың орны. Өзіме жүктелген істі талапқа сай орындауды жауынгерлік парызым деп есептеймін. Біздің бөлімде қызметімізді алаңсыз атқаруға барлық жағдай жасалған. Мақсатым – Отан алдындағы борышымды адал атқарып, келісімшарт бойынша әскери қызметте қалу».
Бақылау мұнарасында күзетшілікте жүрген қатардағы жауынгерлер Мақсат Таимов пен Жарас Архатұлы қызметтеріне дән риза. «Қарауыл бастығы, рота басшылығы қызмет аяқталғанда жақсы қызметіміз үшін бізге алғыс жариялайды. Ал, біз үшін қару алып, Отанды қорғау – ең басты борышымыз» дейді қос сарбаз. Осылайша біз ауысым кезегімен бірге барлық посттарды аралап шықтық. Қызметтеріне қырағы сақшыларға сақтық, абырой тілеп қайттық.
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы