ТҮРКІСТАН: «ЖАУ ЖОҚ ДЕМЕ, ЖАР АСТЫНДА»


Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жауынгерлік дайындығы мен қорғаныс қабілеті – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығының кепілі. Әлемдегі геосаяси жағдай бүгінгідей барынша күрделі болып отырған кезеңде бұл мәселе бұрынғыдан да өзекті бола түскені белгілі. Мұндай аласапыран кезеңде тек өз еліміздің саяси-дипломатиялық потенциалы мен әскери күш-қуатына арқа сүйемесек, екіталай күн туғанда бізді сырттан келіп ешкімнің қорғамайтыны айдан анық.

Осы орайда алыс-жақыннан төнген қауіп-қатерлерді ескерген Қазақстан билігі еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған реформаларды қолға алуда. Оның ең маңызды бағыты – аумақтық қорғаныс жүйесін қалыптастыру. Яғни елімізде әскери резерв қызметі жасақталмақ.
Биыл қаңтар айында Мәжілістің қарауына ҚР Қорғаныс министрлігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары келіп түскен болатын. Жоспарға сәйкес бұл заң күз айларында қабылданып, келесі жылдан бастап елімізде резерв қызметі құрыла бастайды.
Сонымен әскери резерв дегеніміз не және оның қорғаныс жүйесіндегі маңызы қандай? Бұл жөнінде белгілі заңгер әрі әскери сарапшы, запастағы подполковник Дәулет Жұмабеков Ютуб желісі Barys media арнасындағы бағдарламалардың бірінде кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, қорғаныс саласы – отандық экономикаға ең ауыр салмақ түсіретін саланың бірі.
– Қуатты, жауынгерлік дайындығы жоғары деңгейдегі армияны ұстап отыру кез келген елдің экономикасы үшін оңай міндет емес. Сол себепті Қазақстан секілді дамушы экономикасы бар елдер шағын, есесіне, кәсіби деңгейі жоғары, ұшқыр армия құруға басымдық береді, – дейді Д.Жұмабеков.
Оның айтуынша, Қазақ-
станның мерзімді әскермен қатар, келісімшарт негізіндегі кәсіби армия құруының астарында осы экономикалық себеп жатыр. Бірақ, кәсіби деңгейі мен жауынгерлік даярлығы қаншалықты жоғары болғанымен, нақты әскери агрессиямен бетпе-бет келіп, басқыншылар соғыс ашқан кезде шағын армия бүкіл елді қорғай алмауы мүмкін. Оның үстіне Қазақстан бүкіл Еуразия құрлығының
5 пайызынан астамын алып жатқан ұлан-ғайыр территориясы бар ел екенін ескерсек, саны жағынан шағын армиямен оны қорғау қиынға соқпақ. Міне, осы тұста, резерв шешуші факторға айналады.
Әскери резервтің саны жөніндегі мәлімет әскери құпиялардың қатарына жатады. Дегенмен, ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елімізде 18 бен 60 жас аралығында 5,2 миллион ер адам бар. Әскери сарапшылар бұл көрсеткіштен мүгедектер мен денсаулығы жарамсыздарды шығарып тастаған күннің өзінде резервте 4 миллион адам бар деген болжамды айтып отыр. Бірақ, мұның бәрін потенциалды сарбаздар деп қарастыру асығыстық болар еді.
– Мемлекеттің әскери резервін екіге бөліп қарауға болады: Біріншісі, мобилизациялық резерв. Бұл – 18 бен 60 жас аралығындағы әскерге жарамды ер азаматтардың барлығын қамтитын резерв. Бірақ, әскери жағдай орнаған кезде бұл резервтегі азаматтарды әскер қатарына қосып, майдан даласына аттандыру өте күрделі әрі ұзақ процеске айналады. Біріншіден, есепте тұратындарды түгелдеп, оларға шақыру жіберу керек. Ондаған мың адамның байланыс мәліметін, тұрғылықты мекен-жайын анықтап, барлығын тауып, аумақтық қорғаныс департаменттеріне жинау деген оңай шаруа емес. Оның бәрін медициналық тексеруден өткізіп, ішінен әскерге жарамдыларын бөліп алу керек. Екіншіден, арасында ешқандай әскери тәжірибесі жоқ, сапта жүруді, қару ұстауды білмейтіндер көп. Оларды қысқа мерзімді дайындықтан өткізіп, әскери формамен, қару-жарақпен жабдықтау жағы тағы бар. Тек содан кейін ғана оларды әскери құрылымдарға бөліп немесе олардан жаңа бөлімдер құрып барып майданға аттандырасыз. Мұның бәрін ұйымдастыру бірнеше апта, тіпті, кейде бірнеше айға созылуы мүмкін. Ал, жау біздің дайындалып алуымызға мұрсат беріп, қарап отырмайтыны анық, – дейді Д.Жұмабеков.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы