
Түркістан қаласының экономикасын көтеретін негізгі саланың бірі – өнеркәсіп. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, Түркістан қаласы соңғы жылдары айтарлықтай серпінді даму үстінде. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табуы үшін бірқатар стратегиялық шешімдер қабылданған. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың алғашқы 7 айында Түркістан қаласында халық саны 241,7 мың адамнан асқан. Жалпы өңірлік өнім 31,3 пайызға артып, 272 миллиард теңгені құраған. Қаладағы екі өндірістік аймақта жалпы құны 225 миллиард теңгеден асатын 50-ден астам жоба іске асырылып жатыр. Өңдеу өнеркәсібіне 29,1 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағының маңызы аса зор. 2019-2025 жылдардың қорытындысы бойынша «TURAN» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелі жалпы құны 751,6 миллирд теңгені құрайтын 221 жоба қаржыландыру көзделген. Оның ішінде бүгінгі күні 253,9 миллиард теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылған. Жүзеге асырылған жоба аясында 1353 тұрақты жұмыс орны ашылған. Бүгінгі күні арнай экономикалық аймақта 137 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның жалпы құны 464,6 миллиард теңге. Бұдан бөлек арнайы экономикалық аймақта 45 жоба жүзеге асып, қонақүйлер, туристік кешендер, сауда ойын-сауық орталықтары елге қызмет көрсетіп жатыр.
Қала әкімінің сөзінше, арнайы экономикалық аймақтағы жобалардың құрылысы барысында жаңа 11236 жұмыс орындарын құру жоспарланған. Осы жыл соңына дейін 46,5 миллиард теңгеге 1360 тұрақты жаңа жұмыс орнын құратын 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда жаңадан қосымша 104 миллиард теңгені құрайтын 11 әлеуетті жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын жетілдіру, инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында да тиісті тірліктер атқарылып келеді. Өнеркәсіптік аймақтар газбен, қоршаумен, абаттандыру, су және кәріз жүйелерімен қамтылуда. Тиісті жұмыстар жалғасуда.
Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілдерінің айтуынша, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында көптеген өндіріс ошақтары жұмыс істеуде. Яғни, арнайы экономикалық аймақта тіркелген, ашылған және енді ашылатын ең ірі өндіріс орындарына тоқталар болсақ, олардың қатарында «BASPOLYMER» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі полимерлі құбырлар, пластмасса бұйымдары, тамшылататын таспалар шығаратын ірі зауыты, «QazEcoPack» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастапқы және қайталама полиэтилен шикізатынан орау материалдарын (скотч, стрейч-пленка, полиэтилен, көпіршікті пленка) өндіретін кәсіпорныбар.
Айта кетейік, жыл басынан облыс экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша жарты жылдың қорытындысымен өсім 118 пайызды құрап, облыс республика көлемінде бірінші орынға шықты.
Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 миллиард теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 триллион теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 триллион теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 миллиард теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 миллиард теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады. Қаланың кіріс көздерін ұлғайту жұмыстарын күшейтуді міндеттеді. Өндіріс, туризм, инвестиция тарту, кәсіпкерлік және өзге де маңызды бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің тұрақты бақылауымызда болып, қаланың әлеуметтік экономикалық бағытын арттыра беретін боламыз, — деді өала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.