
Фараб кітапханасының ұйымдастыруымен «Алаш арысы Міржақып Дулатұлы: Тарих. Тұлға. Тағылым» атты ғылыми-танымдық шара өтті.
Шара Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналды. Кездесу қатысушыларды ұлт ұстазының өмірі, қоғамдық қызметі және әдеби мұрасымен тереңірек таныстыруға бағытталды. Алғашқы бөлімде Міржақып Дулатұлының өмір жолын қамтыған бейнематериал ұсынылып, оның ұлттық сана қалыптастырудағы рөлі кеңінен таныстырылды.
Көркем сөз үйірмесінің оқушылары Міржақып өлеңдерін орындап, кештің рухани атмосферасын ерекше әсерге бөледі.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов қайраткердің әдебиеттегі орны мен қоғамдағы тарихи маңызын жан-жақты талдап өтті.
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ғылыми қызметкері Динара Сазанова Міржақыптың Алаш қозғалысындағы қызметін жан-жақты түсіндірді.
Колледж студенттері сахналық көрініс арқылы Міржақып тұлғасын жаңа қырынан көрсетті.
Сонымен қатар:
Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы Ұлжалғас Султанмуратова қатысушыларға маңызды тарихи деректерді түсіндіріп, Міржақыптың ел болашағы үшін атқарған қызметін кеңінен тарқатты.
Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы Таңшолпан Ізтлеуова Міржақыптың әдеби мұрасын талдап, оның шығармаларындағы тәрбиелік, рухани құндылықтарды түсіндірді.
Шара соңында кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызы қорытынды сөз сөйлеп, танымдық кездесуге қатысып, белсенділік танытқан қонақтарға алғыс білдірді. Ғылыми мәліметтер ұсынып, кәсіби біліктілігі мен шығармашылық шеберлігін көрсеткен спикерлерге кітапхана директоры атынан Сертификаттар табысталды. Сонымен бірге шараға белсенді қатысқан оқушылар мен студенттер Алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл ғылыми-танымдық жиын жас буынның тарихи санасын қалыптастыруға, Алаш арыстарының мұрасын дәріптеуге бағытталған маңызды рухани шара болды. Кездесу естелікке ортақ суретке түсу рәсімімен аяқталды.