
Отырар — тарихымен ғана емес, бүгінгі дамуының қарқынымен де көптің назарын аударатын аймақ. 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша аудан әлеуметтік-экономикалық өсімнің тұрақты сызығын сақтап, бірқатар салаларда айқын серпін көрсетті. Әр көрсеткіш — нақты жоспарлы жұмыстың, дұрыс бағыттағы мемлекеттік саясаттың және өңірдің өз әлеуетін тиімді пайдалана білуінің нәтижесі.
ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК ӨНІМ: СЕНІМДІ ӨСІМ БАҒЫТЫ
Аудан экономикасының жалпы өлшемі саналатын жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 76,9 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың 9 айындағы 56,3 млрд теңгемен салыстырғанда 36,6 пайыздық өсім.
ЖӨӨ құрылымы да өңірдің нақты даму бағытын айғақтайды:
• Өнеркәсіп — 35,2%,
• Ауыл шаруашылығы — 48,4%,
• Сауда — 4,4%,
• Құрылыс — 12%.
Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемінің 1 531 мың теңгеге жетуі, былтырғы кезеңмен салыстырғандағы 39,7 пайыздық өсім — аудан экономикасына жаңа тыныс берілгенін көрсетеді.
ӨНЕРКӘСІП: ҚАЙТА ӨҢДЕУ БАҒЫТЫН КҮШЕЙТУ
Өнеркәсіп саласы биыл 27 млрд теңгеге өнім өндіріп, нақты көлем индексі 90,6% болды. Былтырғы жылдың нақты көлемі 29,2 млрд теңге екенін ескерсек, биыл өндіруші кәсіпорындардың жұмыс ырғағы қайта құрылымдауға бағытталғаны байқалады.
Өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші — 647,5 млн теңге. Бұл салада негізінен қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдеу бағыттары дамып келеді.
ИНВЕСТИЦИЯ: АУДАН ҚАРҚЫНЫ АРТУДА
Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 9 айда 29,6 млрд теңгеге жетіп, нақты индекс 148,9 пайыз болды. 2024 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 18,4 млрд теңге еді.
Инвестицияның артуы — индустриялды аймақтардың құрылуымен тікелей байланысты.
• Қарғалы ауыл округінде 85 гектарлық индустриялды аймақ құрылып, мақта өңдеу зауытының құрылысы аяқталды.
• Қарақоңыр округінде 86,5 гектар жерге «Отырар-Мақта» индустриялды аймағы салынуда. Мұнда екі кәсіпорын — мақта өңдеу және тамшылатып суғару құрылғыларын шығару өндірістері толық дайындық үстінде.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: НЕГІЗГІ ҚОЗҒАЛТҚЫ КҮШ
Ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2025 жылдың 9 айында 37,2 млрд теңге болды. Бұл — 117,8 пайыздық нақты индекс.
Салыстыру үшін: өткен жылдың 9 айында — 27,2 млрд теңге.
Құрылымы бойынша:
• Мал шаруашылығы — 11,2 млрд тг,
• Өсімдік шаруашылығы — 25,8 млрд тг.
Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 11,5 млрд теңге, бұл былтырғы кезеңнен 187,3 пайызға артық.
Техниканы жаңарту бағыты да қарқынды:
жоспарланған 64 техниканың орнына 67 техника алынған.
Су үнемдеу технологиясында ерекше нәтиже тіркелді:
жоспарланған 11 603 гектардың орнына 28 180 гектарға тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Бұл — 2024 жылғы 1 894 гектармен салыстырғанда бірнеше есеге өсім.
ТУРИЗМ: ОТЫРАР — ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА
2025 жылдың 9 айында ауданға 215 837 турист келді. Оның 11 458-і — шетелдік.
2024 жылдың осы кезеңінде 183 927 турист келгенін ескерсек, өсім айқын — туризм Отырар экономикасының жаңа драйверіне айналып келеді.
Жаңа нысандардың қатарында:
• 100 орындық қонақ үй (ЖК «Нұрыш А») — жыл соңында іске қосылады;
• «PANA ASIA» ЖШС Отырар төбе маңынан қонақ үй, монша, тамақтану орталығы және тарихи көрме кешенін салуды жоспарлап отыр.
БЮДЖЕТ: ӨСІМ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ
Өзіндік кірістер жоспары 3 млрд теңге болса да, нақты түсім 3,9 млрд болды. Бұл — жоспардан 905 млн теңгеге артық.
Өткен жылдың дәл осы мерзімінде кіріс 2,5 млрд болатын. Демек, биылғы өсім — 56%.
ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТҰРҒЫНЫ ҮЙ: ЖАҢАРУ ҮРДІСІ
Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 9 айда 9,2 млрд теңге, нақты индекс — 112,4%.
2025 жылы жеке бастама есебінен 32 пәтерлі тұрғын үй салынуда, қарашада пайдалануға беріледі. Ш.Қалдаяқов ауылында 742,5 млн теңгелік жабық спорт залы іске қосылды.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ: АУЫЗ СУ, ЖОЛ, ЖАРЫҚ
Ауыз сумен қамтуда аудан көрсеткіші жоғары:
37 елді мекеннің 35-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.
2025 жылы:
• Сырдария ауылына су жүйесі тартылып, нысан пайдалануға берілді;
• Ақкөл ауылында құрылысы жүріп жатыр;
• 4 елді мекен бойынша қайта құру жобалары әзірленді;
• Балтакөл мен Аққұм ауылдарында ірі құрылыс жұмыстары атқарылуда.
Жол жөндеу:
• «Ауыл – Ел бесігі» арқылы 25 көше жөнделіп, 23-і пайдалануға берілді;
• Жергілікті бюджет есебінен 26 көше,
• Облыстық бюджеттен 8,8 шақырым жол жөнделуде.
Абаттандыру:
• 8 ауылда балалар ойын алаңдары,
• 3 ауылда спорттық алаңшалар,
• «Шығыс қақпасы» және бірнеше ауылды көріктендіру жұмыстары жүргізілуде.
Жарықтандыру:
2024 жылы 7 көшеге жарық орнатылса, 2025 жылы 80,6 млн теңгеге 7 көшеде жарықтандыру жұмысы жүріп жатыр.
2025 жылдың 9 айы — Отырар ауданы үшін қарқынды дамудың, жаңа жобалардың және нақты нәтижелердің кезеңі болды. Экономикадағы өсім, инфрақұрылымның нығаюы, туризмнің жандануы мен ауыл шаруашылығының серпіні — ауданның болашағының берік екенін аңғартады.