ОТЫРАР: ӘР САЛАДА СЕРПІНДІ ДАМУ БАР


Отырар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында айтарлықтай оң динамикаға ие болды. Аудан әкімі Қ.Жолдыбайдың баяндамасына сәйкес, жалпы өңірлік өнім көлемі 76,9 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,6 пайыз өсім көрсетті. Бұл көрсеткіштің 35,2%-ы өнеркәсіпке, 48,4%-ы ауыл шаруашылығына, 4,4%-ы саудаға және 12,0%-ы құрылыс салаларына тиесілі. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 1 531 мың теңгені құрап, өсім 39,7 пайызды көрсетіп отыр.
Өнеркәсіп саласында өнім көлемі 27,0 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 90,6 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі 647,5 млн. теңгені құрап, 60,0 пайыздық нақты көлем индексін көрсетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 29,6 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 148,9 пайызға өсті. Инвестициялық әлеуетті арттыру мақсатында Қарғалы ауыл округі аумағында 85 гектар жерге индустриялды аймақ құрылған, қазіргі таңда мақта өңдеуге арналған зауыт құрылысын аяқтап, құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Қарақоңыр ауылдық округінен 86,5 гектар жерге «Отырар-Мақта» индустриялды аймағын құру жоспарлануда, мұнда мақта өңдеу және тамшылатып суғару құрылғыларын шығаратын кәсіпорындар құрылысы аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 37,2 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 117,8% болды. Оның ішінде мал шаруашылығы 11,2 млрд. теңгені, ал өсімдік шаруашылығы 25,8 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестициялар 11,5 млрд. теңгені құрап, 187,3 пайызға артығымен орындалды. Тамақ өнімдеріне тартылған инвестициялар көлемі 551,3 млн. теңгені құрады.
Су үнемдеу технологиялары бойынша 11 603 гектар жоспарланса, 9 айда 28 180 гектарға ендірілді. Туризм саласында 215 837 турист келіп, оның ішінде 11 458 шетелдік турист болды. Аудан көлемінде 8 қонақ үй туристерге қызмет көрсетіп, жеке кәсіпкерлік жобалар да іске асырылуда.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 9,2 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 112,4 пайызды құрады. Тұрғын үй саласында «NK Building» ЖШС есебінен 4 қабатты, 32 пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуде, нысан қараша айында пайдалануға беріледі. Ш.Қалдаяқов ауылында шағын футболға арналған жабық спорт залы пайдалануға қабылданды.
Инфрақұрылым саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 37 елді мекеннің 35 орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, жаңа су жүйелері салынуда және қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Автомобиль жолдары жөндеуден өтіп, 2025 жылы 25 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Аудандық маңызы бар жолдардың жөндеуі де қарастырылған. Балалар ойын алаңдары, спорт алаңшалары салынып, елді мекендер абаттандырылуда.
Түнгі жарықтандыру жұмыстары 5 елді мекеннің 7 көшесінде жүргізілуде. Сонымен қатар, экологиялық іс-шаралар – «Таза Қазақстан» акциясы аясында 69 санитарлық-тазалық сенбіліктері ұйымдастырылып, 852 тонна күл-қоқыс шығарылды. Аудандық бюджет есебінен арнайы техника сатып алынып, туристік аймақтарда сенбілік жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Қоғамдық қауіпсіздік саласында қылмыс саны 60-қа дейін төмендеді, оның ашылу көрсеткіші 93,8 пайызды құрады. Аудан аумағында 35 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жалпы анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 94 млн. 367 мың теңге айыппұл салынып, 83,5% өндірілді.
Білім саласында ауданда 41 мектепте 11 955 оқушы білім алуда, мұғалімдер саны – 2 318. Мектеп бітірушілердің 794-і ҰБТ тапсырды. Апаттық жағдайдағы мектептер жоқ, 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шәуілдір ауылындағы 600 орындық мектеп толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Денсаулық саласында 9 айда 622 нәресте туылып, 1 жасқа дейінгі 7 нәресте шетінеген. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға берілді. Аудандық ауруханаға демеушілер есебінен 3 жедел жәрдем көлігі алынды.
Мәдениет саласында Шәмші Қалдаяқов мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, құны – 24 млн. теңге.
Әлеуметтік салада 9 айда 3 695 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамтылу деңгейі 80,8%-ға жетті. Аз қамтамасыз етілген 105 отбасыға 41,5 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Кедейшілік деңгейі 2,3%-дан 1,3%-ға төмендеді. Қоғамдық жұмыстар аясында 661 азамат жолданды, 530 зейнеткерге қызмет көрсетілді.
Отырар ауданы 2025 жылдың 9 айында өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуында жоғары көрсеткіштерге жетіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды іске асырды. Әкімдік тұрғындармен тұрақты байланыста болып, көтерілген мәселелерді шешуді бақылауда ұстап отыр. Ауданның әрбір саласы – экономика, білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру – кешенді түрде дамып, Отырарды тұрақты әрі гүлденген аймаққа айналдырып келеді.
Е.Сағындық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы