ТҮРКІСТАН: АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ


Жуырда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлы Жеңіс ұрпаққа аманат» атты іс-шара мен «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты көрме ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты жас ұрпаққа Отан үшін жан қиған ата-бабаларымыздың ерлігін үлгі ету, Ұлы Жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі туралы деректермен таныстыру, бейбіт күнге жете алмай кеткен боздақтардың рухына бас иіп, құрмет білдіру болатын.
Көрмеге 126-дивизияның 690-атқыштар полкінің құрамында соғысқа қатысқан Қарақозы Әбдалиевтің мылтығы, сөмкесі, үтігі, құжаттары қойылды. Қарақозы Әбдәлиев Мелитополь қаласы үшін болған ұрыста өз взводымен дұшпан бекінісіне шабуыл жасап, 17 үйді жаудан босатып, фашистердің оқ жаудырып тұрған 23 ұясының көзін жойған. Көше бойындағы қолма-қол ұрыста сол қолынан жараланғанына қарамастан, жау танкілеріне пулеметтен оқ жаудырып, тұтанғыш гранаталар лақтырып, бірнешеуін істен шығарып, жиырмадан аса фрицтің көзін жойған.
Сонымен қатар, көрмеде майдангер Г.Г.Пономаренконың «Партизандар», «Побратимы», «Даңқ» орденінің толық иегері Қ.Қалтаев немересімен» деп аталатын картиналары, Кеңес Одағының Батыры, танк механигі К.И.Жәрменовтің берген ППШ автоматының дискісі, «Максим» пулеметі, Қажымұқан Мұңайтпасовтың 100 мың сомға ұшақ жасау туралы өтініш етіп мемлекеттік қорғаныс комитетіне жазған хаты, Серікбай Әбдіқұловтың Ұлы Отан соғыс қорына 100 мың сом аударғаны туралы И.В.Сталинге жолдаған хаты, майдангер, музей директоры болған Ераш Қазыхановтың әскери киімдері мен наградалары, «Майданға сыйлықтар», «Әскери госпиталь», «Ормандағы барлаушылар», «Окоп» диорамалары қойылған.
Іс-шараның салтанатты ашылуына тыл ардагерлері Сексенбай Тұрысбеков, Төрехан Қадырқұлов, Захира Бекмұрзаева, «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Гүлмира Оспанова, Абылай хан атындағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Шекерова, облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Балзия Тәжібаева, Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық әжелер алқасының төрайымы Тұрсынай Барлыбаева, ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің командирі, полковник Марат Рахпанов, Семей сынақ ядролық полигонының ардагерлері Бахтияр Анарбаев, Нұрлыбек Шаметов, Еркінбек Өтенов, Оралбай Әмірханов, қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, әскери бөлімінің сарбаздары мен мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара барысында Абылай хан атындағы мектептің директоры Гүлсім Толықбек тәуелсіздіктің қастерлі ұғым екеніне тоқталып, оны қорғау патриот ұландарымыздың негізгі борышы екендігін тұрлі мысалдармен жан-жақты түсіндірді.
Салтанатты іс-шарада Абылай хан атындағы мектеп оқушылары «Соғыс қасіреті!» атты сахналық қойылым көрсетті. Шымкент университеті музыкалық білім факультетінің студенті Нұрай Бектұрғанова «Түркінің тамшы жаңбырымын» атты патриоттық ән шырқады, би биленді, бейнефильм ұсынылып, кездесу концерттік бағдарламаға ұласты. Сонымен қатар, музейден тыс жерлерде де Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты жоба аясында ҚР Ұлттық ұланы 6698 әскери бөлімінде «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты және 9 мамыр күні Түркістан қаласының тұрғындарымен шетелдік қонақтарға Жеңіс саябағында арнайы көшпелі көрме ұйымдастырылды.
Айта кетейік, биыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне 105 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде музей қызметкерлері көненің көзіндей жәдігерлерді жинақтап, бүгінгі күнге жеткізіп, өлкенің тыныс-тіршілігін, тарихымызды дәріптеп, өскелең ұрпаққа насихаттап, танымдық жұмыстарды жоғары дәрежеде атқарып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы