ТҮРКІСТАН: ӘСКЕРИ САЛА – АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТ


Барлығымыз білетіндей, отанды қорғау бұл абыройлы қызмет. Алайда отан алдында абыройлы қызмет атқару үшін әрбір адам психологиялық тұрғыдан мықты болуы қажет. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан әскер қатарына отан алдында борышын өтеуге келген әрбір азаматқа психологиялық тұрғыдан көмек беру үшін, әскери психологтар қызмет атқарады. Бүгінгі біздің мақаламызда тамыры тарихқа терең жайылған бұл салаға өз өмірінің он бес жылдай уақытын арнаған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның әскери психологы, капитан Халилова Айнура Закарияқызы туралы сөз қозғайтын боламыз.
Кейіпкеріміз Айнура Закарияқызы 1983 жылы 11 қарашада дүниеге келген. Кейіпкеріміздің әкесі Закария көптеген жерлерде қызмет етіп отбасын адал еңбекпен асыраған ардақты әке. Ал анасы Унзира жеке кәсіппен айналысып қана қоймай, ұлы мен қызын мәпелеп өсірген асыл ана. Ал біздің кейіпкеріміз осы бақытты отбасының кенжесі, ерке қызы болып өскен. Закария әкеміз бен Унзира анамыз, өз балаларын кішкентайынан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, бір-біріне бауырмал болуға тәрбиелеп өсірген. Айнура Закарияқызы мен әңгімелесу кезінде ол қасиеттерді бірден байқауға болады. Мектеп қабырғасында жүргенде кейіпкеріміз көптеген жетістіктерге жетіп, оқу үлгерімі де жақсы болған. Сабақпен қатар өнер мен спортты бірге алып жүрген кейіпкеріміз үстел теннисімен және би өнерімен айналысқан. Бастауыш сыныптан бастап бала Айнура өзінің болашақ мамандығын ойластыра бастаған екен. Сондықтанда, мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ, кейіпкеріміз психолог маманы боламын деп нақты шешім қабылдаған. Он бір жылдық мектепті аяқтаған кейіпкеріміз, өзінің болашақ мамамандығы мен оқу орны туралы көп ойланбапты.
Психолог мамандығында оқып жүрген шағында, болашақтағы жұмыс орны туралы көп ойланған кейіпкеріміз. Өзінің ойын әскери психология саласына аудара бастаған. Бұл ойдын пайда болуының жалғыз бір себебі бар, кейіпкеріміз жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде, үйінің жанында полиция бөлімшесі болған екен.
— Күн сайын таңғы уақытта оқуға қарай бет алғанымда, үйімнің жанында тұрған полиция бөлімшесінің алдынан өтетінмін. Сол кезде бөлімшеге кіріп-шығып жүрген қызметкерлерді көріп, өзімде осы салада жұмыс істесем ғой, иығыма пагон тағып жүрсем деген ойлар мені өзіне қатты баулитын деп – жастық шағына көз жүгіртіп күліп есіне алды кейіпкеріміз Айнура Закарияқызы.
Алғашында қарапайым қызметкер болып қызмет атқарған кейіпкеріміз араға жарты жылдай уақыт салып, әскери бөлім сарбаздарымен бірге әскери ант қабылдап Ұлттық ұлан әскери қызметшісі атанады. Жалпы 2010 жылы әскери бөлім табалдырығын аттаған Айнура Закарияқызы он төрт жыл ішінде капитан шеніне дейін жетіп отыр. Кейіпкеріміз өзінің алғашқы офицерлік шеніне 2016 жылдың желтоқсан айында қол жеткізген. Қызметте жүрген он төрт жыл ішінде кейіпкеріміз көптеген әскери қызметкерлерге психологиялық-моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп, қол ұшын созып, жас сарбаздарға өз көмегін беріп, оларға әскери салада бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолға салып жүр.
— Мен өзім әскери салаға келген сәттен бастап, әскери психология ұғымына терең ене бастадым. Алғашында әскери терминдерді жаттап әскери саланың қыр-сырын меңгердім. Әрине, адам баласының жұмыс орнындағы негізгі әсер етуші ортасы ол ұжымы екені анық. Менде өзімнің әріптестерімнің арқасында әскери қызметке бірден сіңісіп кеттім. Әскери қызметте өткізген он төрт жыл ішінде, әскерге шақыртылған жас сарбаздармен қоса, сержанттармен және офицерлерменде жұмыс жасағанмын. Алайда менің әскери саладағы негізгі жұмысым әскерге келген жас сарбаздарға психологиялық тұрғыда демеу беру. Себебі әскери салада, әскери қызметкерлердің психологиялық-моральдық жағдайы өте маңызды екені бәрімізге мәлім. Мен қызметте ең алдымен әскерге келген жас сарбаздардың психологиялық-моральдық жағдайын тексеремін, олардың көптеген қылықтарын зерттеймін, әскери өмірге деген көзқарасын сұрап ғана қоймай, бір айлық адаптациядан өткіземін. Жас сарбаздарға алғашқы психологиялық көмек көрсеткен соң, сарзбаздардың психологиялық жағдайын арттыру мақсатында, арнайы тренингтер, психологиялық ойындар ұйымдастырып жас сарбаздарды тек дамытып қана қоймай, оларға жақсы көңіл күй мен жағымды әскер сыйлауға тырысамыз. Сонымен қатар, әскердегі әрбір қызметкерді психологиялық тұрғыда дамыту мақсатында, әскери психолог ретінде арнайы кездесулер, тақырыптық сағаттар ұйымдастырамын. Әскери психологтың көзімен қарасам, қазіргі таңда әскерге келген сарбаздардың психологиялық жағдайы өте жақсы, отанға деген ыстық ықыласы жоғары, жалпы айтқанда әскерге келетін жас сарбаздардың сексен пайызы отан алдындағы борышын өтеймін деп талпынып келеді. Иә, әрине бізде әлі қалған жиырма пайызда бар, бұл сарбаздар көп жағдайды қауіпті топқа жатады. Қауіпті топқа жататын сарбаздар мен жеке жұмыс жасап, оларды психологиялық тұрғыда дамытуға бар күш жігерімізді саламыз. Жұмыс барысында мен өзіміздің батыр атамыз, Бауыржан Момышұлының қолданған әдістерін қолданамын. Себебі, әскери сала қызметкері болған шағымнан бастап мен көбінесе Бауыржан атамыздың шығармаларын оқып, өзімде сол дара тұлғаның салып кеткен дара жолымен тәрбиелеуге тырысамын. Сол себепті Бауыржан Момышұлын мен өзімнің әскери саладағы жетекшім деп білемін деп – кейіпкеріміз бізге өзінің өмірлік жетекшісі мен әскери қызметте атқаратын жұмыстарын сонымен қатар өз жұмысының қыр-сырын ашып баяндап берді.
Әйел заты нәзік болады емес пе? Бүгінгі таңда өз отбасының кенжетайы еркесі болған кейіпкерімізді, болмысы жағынан нәзік болсада, Әлия мен Мәншүк апаларымыз секілді батыл әрі қайсар қазақтың қызы ретінде көруге болады. Иә, әрине қыз баласы үшін әскери сала қиын болғанымен Айнура Закарияқызы өзінің қызметке деген адалдылығымен әскерге келген сарбаздармен қатар көптеген жас офицерлерге үлгі болып келеді. Бүгінде өзінің демеуімен көмегінің арқасында көпке үлгі боп отырған кейіпкеріміз өзінің бақытты отбасында аяулы жар, ал мәпелеп өсіріп отырған қызына үлгілі ана болып келеді. Осылайша нәзік жанды кейіпкеріміз осындай қиын бағытта қызмет жасап жүрсе де, көптеген әскери қызметшілерге психологиялық тұрғыдан қол ұшын созып, өзінің қызметін абыроймен атқарып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы