ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАНДЫҚ САРБАЗДАР ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНЕ АТТАНДЫ


Түркістан қаласындағы облыстық жиын пунктінде күзгі әскерге шақыру науқаны аясында алғашқы 25 жас сарбазды Алматы облысындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери бөліміне салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.
Бұл – 2025 жылғы күзгі шақыру науқанының аймақтағы алғашқы легі.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Зұлпыхар Жолдасов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы, подполковник Талғат Турабай, ҚР Қарулы Күштері ардагерлері кеңесінің облыстық филиалының төрағасы Бабай Алдабергенов, сондай-ақ әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты қызметкерлер мен сарбаздардың ата-аналары қатысты.
Жас сарбаздарға ізгі тілегін білдірген Зұлпыхар Жолдасов:
– Әскер – нағыз ер-азаматтың шыңдалатын мектебі. Сіздер Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып, ата-ана мен туған өлкенің үмітін ақтайды деп сенеміз. Қазақ жауынгері әрқашан намыс пен жауапкершіліктің символы болуы тиіс, – деді.
Подполковник Талғат Сайлауұлы да сөз алып, әскерге шақыру жүйесіндегі жаңашылдықтар жайында айтты. Оның айтуынша, 2025 жылдың 16 шілдесінен бастап әскери қызмет пен әскерге шақыру ісін жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Бұл толықтырулар жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын цифрландыруға және есепке алу мен шақыру жүйесін жеңілдетуге мүмкіндік бермек.
Жаңа ережелерге сәйкес, енді әскерге шақыру туралы хабарламалар азаматтардың ұялы телефондарына SMS-хабарлама арқылы жеткізіледі және бұл ресми заңды ескерту болып саналады. Сонымен қатар, шақыру жөніндегі мәліметтер «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетке де орналастырылады. Бұдан бөлек, бұрынғыдай қағаз нұсқадағы шақыру қағаздары тұрақты тіркеудегі мекенжайға, уақытша тұратын немесе жұмыс орнына да жеткізіледі.
Жиналғандарды құттықтаған ардагерлер әскер қатарына шақырылған жастарға ақ батасын беріп, олардың ел шекарасын күзетіп, тәуелсіз Қазақстанның тыныштығын сақтауда абыройлы қызмет етуіне тілектестік білдірді.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметінше, 1 қыркүйектен 30 желтоқсанға дейін Түркістан облысынан 2500-ден астам жас азамат әскер қатарына шақырылады. Олардың қатарында Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдері бар. Әскерге шақырылатындардың жасы – 18 бен 27 жас аралығы.
Шақыру науқанын сапалы ұйымдастыру үшін облыстың барлық қала және аудандарында жергілікті атқарушы органдардың шешімімен арнайы шақыру комиссиялары құрылып, оларға әкім орынбасарлары төрағалық етуде.
Жас сарбаздардың ата-аналары ұлдарын аттаныс сәтінде толқып шығарып салды. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылық білдіріп, перзенттерінің Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуіне сенім білдірді.
Түркістандық 25 сарбаздың Алматы облысындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөліміне жолға шығуы – ел шекарасын мықтап қорғап, тәуелсіздікті сақтауға қосылатын тағы бір сенімді буынның бастауы. Бұл – жас ұрпақтың елге қызмет етуге деген құлшынысының, отансүйгіштігінің айқын көрінісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы