ТҮРКІСТАН: ӘСКЕРИ ӨМІР – НАҒЫЗ АЗАМАТТАРДЫҢ ШЫҢДАЛАТЫН ОРТАСЫ — 2


Енді ерекше тоқталып кеткім келіп тұрған жайт, Кеңес Одағының құрамындағы 15 республиканың өкілінің азаматтары әскери міндеттерін бірге өтейтін-ді. Сол дүниенің өзі ұлтыңның алдында үлкен жауапкершілікке жинақтайтын. Басқаның алдында қазақ баласын тек мықты жақтан көрсету міндетіңдей болып тұратын. Енді ол жағынан біздің тоқсан жігіттің тек бірінші қатарда болғандығы айдан анық. Офицерлерді таң қалдырғаны, біздің жігіттердің интеллект пен жан-жақтылығы болды. Жүз пайыз орыс тілін игерген, жазу-сызу, қағаз жұмыстарын сауатты жүргізе алатын. Үйрену мен оқу-жаттығу барысында қағылездігімен ерекшеленді. Тіпті біразы келе сала полктың, батальон штабтарына алынды. Суретшілерімізді тіпті қуана қарсы алды. Бір сөзбен айтқанда, біздің жігіттер барлық жағынан қазақ баласы деген беделді атаққа ие болып жүргені рас.
Сол кездердегі тағы бір естен кетпес оқиғаның бірін айтып кетейін. Бір айдан кейін «присяганы» (әскери ант) қабылдап, практикалық жаттығуға БАМ-ға (Байкал-Амур магистралі) аттандық. Бұл жерде бір таңғалғаным, сол замандағы әскери дайындыққа үлкен көңіл бөлінуі. Біздің әскери жаттығуымыз үшін КСРО-ның бір шетінен екінші шетіндегі 7000 шақырым жерге бір айлық дайындыққа барып қайттық. Әлбетте әсерлі болғаны да рас. Полктан шыққаннан жеті күн бойы кәдімгі товар таситын, кинода көрсететін соғыс заманындағы солдаттар мінген вагонда жүрдік. Бұл енді әскери дайындықтың шарты болар. Енді менің осы кезге дейін таң-тамаша болатыным, сол жеті күнде күніне бір рет ыстық тамақ берілетін. Пойыз белгілі бір жерге тоқтайды. Дәл сол жерге арнайы әскери аспаздық тіркеулі қазандық келіп дайын тамақты тарқатып беретін. Одан кейін басқа уақытқа арналған құрғақ тамақ (сухой паек) беріліп отырды. Не деген есеп, неткен мықты жүйе. Бір де бір кешігусіз, шатасусыз. Қанша шалғайда жүрсек те үздіксіз атқарылып отырды.
Содан жеті күн дегенде Красноярскіге жеттік. Әскери аэродром. Жаз айы. Ұшақ айлағының бәрі көк майса. Мыңдаған солдатпыз. Командирдің пәрменімен сол көгалға жайғастық. Біреулер ұйықтап, біреулер ән айтып дегендей. Бір кезде дүр еткен шу естілді. Әдетінше бәріміз жүгіре жеттік. Тамаша, күрес болып жатыр екен. Ешкімнің ұйымдастыруынсыз, әркім еркінше ортаға шығып, күш сынасып жатты. Негізгі кейіпкер ортада. Бір жарым жылдан асқан, сержант атағы бар, тәпелтек келген орыстың жігіті жан шыдатпай екеуін жеңіп тастап «тағы кім бар?» деп шуласып жатты. Содан біздің ішімізден сол орыстың салмағына шамалас Айтжанов Қаныбек «мен бармын» деп, белдігін шешіп ортаға шықты. Гуілдеп жанкүйер болып тұрмыз. Айқас ұзағынан созылды. Біраздан кейін оңтайлы сәтті пайдаланып, Қаныбегіміз қазақшалап жамбасқа атып ұрып еді, сержантымыз орнынан тұра алмай қалды. Біз уралап, шу ете қалдық. Сөйтіп намысты қазақ баласы абыройымызды аспанға бірақ көтерді. Негізі әскердің соңына дейін біздің жігіттердің беделі үстем болды.
Тағы бір қазақ деген атқа мақтан еткен кезім, сол БАМ-да жүрген кезімдегі бір жәйт. Күнделікті таңғы сапқа тұру сәті. Әскери тәртіппен сапта тұрмыз. Сол біздің әскери лагерьдің ортасында қоңырауға ұқсаған радионың дауыстағышы күні бойы сайрап тұратын. Дәл сол сапта тұрған кезімізде таңғы концерт бағдарламасы беріліп жатты. Бір кезде Роза Рымбаева апайымыздың «Атамекен» әні төгіле жөнелді. Әскерге келгенімізге екі-үш ай ғана болған кезіміз ғой. Жердің түбі. Роза апайымыздың дауысын естіп ауылда тұрғандай сезініп, көзіме жас келердей болып қалдым. Қатарымда тұрған украиндық Ивченкоға орысшалап «кто поет знаешь?» деп түртіп қалдым. Ол іркілместен: «конечно знаю. Кто ж её не знает? Это же Роза Рымбаева» деп сыбырлап жауап берді. Менің елжіреп тұрған көңілім аспанға жеткендей болды. Кеудемді мақтаныш кернеп, уралап айқайлағым келді. Әттең сапта тұрмыз. Әннің әсерімен бірнеше күн керемет көңіл-күйде жүргенім есімде.
Несін айтайын. Әскери өмір – нағыз азаматтардың шыңдалып-есейтетін, ақыл кіріп, азаматқа айналатын ортасы. Сол қасымда болғандар – бүгінде бауырға айналған жігіттер. Бірі атақты суретші, жазушы. Бірі – әкім. Бірі – композитор. Бірнешеуі – ғылым кандидаттары. Бір сөзбен айтқанда, сол тоқсан жігіт және менің курстастарым – қазіргі таңда еліміздің егемендігіне атсалысып жүрген мықты азаматтар. Сол біз әскерден келген 1986 жылғы студенттердің барлығы дерлік – Желтоқсан оқиғасының алдыңғы қатарында болған азаматтар.
Әлі күнге дейін әскерде бірге болған бауырларым мен он бес республикадан келген өкілдерін сағына отырып мақтанышпен еске аламын. Әскерден келгеніме 38 жыл болса да ешнәрсе ұмыт болған жоқ. Тіпті бәрінің дерлік аты-жөні есімде. Кеңестік заман ыдырап, сол заманға деген түрлі баға беріліп, көзқарастың түбегейлі өзгеруін қабылдасам да бұл күндер – мен үшін ең қымбат жылдар. Өмірімнің керемет кезі әрі сағынышты бір бөлігі. Сағымға айналған сағынышты жылдар. Сөз соңында, бәріне де сағынышты сәлемімді жолдаймын. Қайда жүрсек те амандықта болайық!
Сәлеммен Кеңес армиясының аға сержанты, рота старшинасы
Ақан ЖАНПЕИСОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы