ТҮРКІСТАН: ЕЛІМІЗДЕ ҚАРУЛЫ КҮШТЕР САЛАСЫ ҚАЛАЙ ДАМУДА?


Еліміз заманауи сын-тегеуріндерге мен қауіп қатерлердің алдын-алу үшін мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейтуге көңіл аударуда. Осы саладағы негізгі ережелер мен тәсілдер ҚР-ның 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында, Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды 2030 жылға дейін құру және дамыту тұжырымдамасында белгіленген. Сонымен қатар Президент әскери доктринаға өзгертулер мен толықтырулар туралы жарлыққа қол қойды. Ел басшысының Қаруды Күштерді, өзге де әскери құрылымдарды қайта жаңарту, жарақтандыру һәм қорғаныс-өнеркәсіп кешенін 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын қайта қарау турасындағы тапсырмалары іске асырылып жатыр.
Қазақстан Қарулы Күштері 1992 жылы 7 мамырда құрылды. Биыл оған 30 жыл толды. Еліміздің Қарулы Күштері үш тармаққа бөлінеді: Әскери-теңіз күштері, Әуе қорғанысы және Құрлық әскері. Қорғаныс саласындағы халықаралық тәжірибеге сай Қарулы Күштердің, арнайы армия қатарына кіретін әскерлердің орналасу орындары айқындалған. The Military Balance институтының деректеріне сәйкес, әлем елдерінің қарулы күштерінің 2021 жылғы рейтингінде Қазақстан 166 мемлекеттің ішінен 70-орында тұр. Деректер бойынша еліміздің тұрақты әскер саны 39 мың адамнан тұрады. Ал Қарулы Күштерге кірмейтін әскерилендірілген құрылымдарда 31 мыңнан астам адам қызмет етеді. Нәтижеде, Қазақстанда 70,5 мың әскери қызметкер бар. Елдің 10 мың тұрғынына шаққанда 38 адамнан келеді екен. Әлемде Қарулы Күштердің алғашқы үштігін Қытай, Үндістан, АҚШ алады. ТМД елдері ішінде Ресей – 5 орынға, Украина – 21 орынға, Әзербайжан – 41 орынға, Өзбекстан – 63 орынға, Белорусь – 64 орынға, Армения – 66 орынға жайғасқан.
ТМД елдері бойынша бойынша, Ресейде тұрақты әскер саны – 1 014 000 адам, Украина – 209 000 адам, Әзербайжан – 126 950 адам, Өзбекстан – 48 мың адам, Белоруссия – 45 350 адам, Армения – 44 800 адам, Түркіменстан – 36 500 адам, Қырғызстан – 10 900 адам, Молдова – 5 150 адамды құрайды екен.
Қазақстан қорғаныс саласын әскери техниканың, қару-жарақтың заманауи, жоғары деңгейлі технологияларымен қамтамасыз етуді жоспарлы түрде іске асырып отыр. Қарулы күштердің компоненттерін жетілдіру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға баса назар аударылуда. Басым бағыттар бойынша әскери өнімдер тізбегі анықталып, отандық өнімге басымдық берілмек. Оларға: майдандық және әскери-көлік авиация ұшақтары, зымыран-артиллериялық қару-жарақ, сауытты танктік техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, робототехникалық құралдар, оқ-дәрілер және басқа да номенклатуралар жатады. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновтың сөзінше, отандық кәсіпорындардан шыққан өнімдерді пайдалана отырып, импортқа тәуелділікті азайтамыз. Ол осы салада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
Қазіргі таңда еліміздің әскери басқару жүйесін дамыту мақсатында Қарулы Күштер қызметінің барлық саласы цифрлы технологиямен жарақтандырылып жатыр. Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, бұған дейін енгізілген «Цифрлық жергілікті әскери басқару органы» жобасы бірыңғай ақпараттық ортаны қалыптастыруда және азаматтар үшін Қорғаныс министрлігі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуде тиімді екенін көрсетті. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу цифрлық форматқа ауысты. Бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ былтыр қорғаныс саласы қызметкерлерінің жалақысы бір жылда 15,9 пайызға артып, 206,9 мың теңгеге көтерілді. Дегенмен бұл саладағы орташа жалақы орташа дейгейден төмен. Мысалы, елдегі орташа жалақы көлемі 2021 жылы 243,7 мың теңге болса, биыл 285,5 мың теңгені құрады. Астанада мемлекеттік басқару және қорғаныс саласы қызметкерлерінің ең жоғары жалақы көлемі 331,8 мың теңге. Жалақысы жоғары аймақтарға Алматы, Қызылорда кірсе, ең төменгі жалақы Шығыс Қазақстанға тиесілі екен. Қарулы Күштерде офицерден қатардағы жауынгерге дейін кәсіби тұрғыда маманданған, моральдық рухы биік болуы тиіс. Сондықтан кадрлық әлеуетті күшейту бойынша әскери білім жүйесін жетілдіру мен кадр саясатын дамыту шаралары қабылдануда. Осы ретте Қарулы Күштердің кадр саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы даярланды. «Жас Ұлан» мектептері, әскери колледждер, үш әскери жоғары оқу орны және Ұлттық қорғаныс университеті әскери кадрлар даярлауда үш деңгеймен қызмет етеді. Одан өзге, әскери қызметшілердің курстық дайындықтан өтуі де қамтамасыз етілген. Жетіспейтін мамандықтар, сондай-ақ қажетті мамандықтар бойынша дайындық шетелдің жетекші әскери оқу орындарында да ұйымдастырылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы