ТҮРКІСТАН: АДАЛ АЗАМАТ – ЕЛ ЖАНАШЫРЫ


Халқымызда «Адалдық – ардың ісі» деген дана сөз бар. Адалдық – кез келген қоғамның, мемлекеттің іргетасы. Әрбір азаматтың адал болуы – ел болашағының жарқын кепілі. Адалдықтың мәні тек заңға бағыну емес, ол – адамгершілікке, әділдікке, еңбекке деген шынайы көзқарас. Бүгінгі таңда бізге нағыз адал азаматтар ауадай қажет.
Адал азамат дегеніміз – өз отбасына, қоғамына, мемлекетіне адал қызмет ететін, уәдесіне берік, сөзі мен ісі бір жерден шығатын тұлға. Мұндай азаматтар елдің дамуына үлес қосып, жастарға өнеге бола алады. Адал адамның жүрегінде арамдыққа орын жоқ. Ол әділеттілікті ту етіп, қиындықта да тура жолдан таймайды.
Қаламыздағы ежелгі сауда орны — «Қуаныш» ЖШС-нің құрылғанына биыл отыз жыл толды. Отыз жыл — отыз белес! Тәуелсіз Қазақстанмен бірге қарыштап қадам басып келе жатқан орталықтың осы уақыт ішінде қалыптасқан тарихы, өзіне тән дәстүрі, алған асулары мен бағындырған белестері бар. Орда бұзар жігіттің жасындағы сауда орнының негізін меценат, бойында намысшыл қазақтың қаны тулаған ұлтжанды азамат Әбдіғаппар Шаймерденұлының қалағаны тек Түркістан халқына ғана емес, бүкіл Қазақстанның іскер әлеміне мәлім! Киелі қаланың тіршілігі бір арнаға тоғысқан «Қуаныш» базары төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде өткен салалық сайыстарда алдыңғы саптан көрініп, толағай табыстарға қол жеткізді. Түркістанның «Түнгі базары», мұндағы арзан бағалар туралы аңызға бергісіз дүркіреген дақпырты әлі күнге дейін көпшіліктің есінде. Осы ізгілік соқпағында халқына телегей-теңіз жақсылық сыйлаған абырой иесі, ұлт жанашыры Ә.Шаймерденұлының іздері сайрап жатыр. Оған халқының айтар алғысы шексіз! Жүздеген адамға шарапаты тиген жақсы адам туралы халық әлі күнге дейін жарыса айтады. Бүгінгі таңда әке жолын өжет, іскер, заманауи, креативті басшы, облыстық мәслихат депутаты Инара Әбдіғаппарқызы Намазбаева табысты, сәтті жалғастыруда. «Қуаныш» ЖШС-нің 30 жылдығына орай нақты бағдарлама жасап, ағымдағы жыл бойы түрлі бағыттағы іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Соның бір парасы — «Қуаныш» ЖШС мен қалалық «Түркістан» газетінің бірлесе отырып жасаған «Табыс сыры» жобасы. Заман талабынан туындаған осы өміршең жоба аясында газет бетінде сауда орталығында еңбек ететін түрлі мамандық иелерінің мәртебесін көтерген мақалалар жарияланды. Әрі бұл қадам — еліміздің Президенті Қ.Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына үн қосу. Ағымдағы жыл басында басталған жоба таяуда өз мәресіне жетті. Бірлескен еңбек қандай нәтиже берді? Бірлескен жобада баспасөз ақпарат құралының атқарған рөлі қандай? «Қуаныш» сауда орталығының басшысы Инара Әбдіғаппарқызымен сұхбатымыз осы бағытта өрбитін болады.
— Инара Әбдіғаппарқызы, алдымен өзіңізді және сіз басқарып отырған ұйымшыл ұжымыңызды «Қуаныш» ЖШС-нің отыз жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Әрдайым абырой биігінен көріне беріңіздер! Серіктестік өміріндегі айтулы оқиғаға орай түрлі акциялар, қайырымдылық шараларын, спорттың түрлерінен сан түрлі жарыстар, тағы басқа да іс-шаралар өткізіп жатырсыздар. Соның бірі — жоғарыда айтып өткен «Табыс сыры» жобасы туралы не айтар едіңіз?
— Игі тілегіңізге рахмет! Жақсы ниетпен басталған жұмыс қай уақытта болсын, жақсы нәтиже береді. «Түркістан Медиа» ЖШС-нің дирек-торы Мәлік Жұмаханұлымен келісе отырып бастаған жобамыз біз күткен-дегіден де асып түсті. Адамдарға, соның ішінде қарапайым еңбек ада-мына қуаныш сыйлаудың өзі қандай бақыт! Жұмысшы мамандарды дәріп-теудегі мақсат — еңбек адамдарының, кәсіпкердің бейнетін қоғамға, жастар-ға көрсету. Кез келген табыстың сыртында — еңбек тұрады. Ең бастысы — еңбек! Мақсат – «Еңбек болмаса, ешнәрсеге қол жеткізу алмайсыз» деген ұғымды жеткізу болды. «Әрекет етсең, берекетін беремін» демей ме Алла тағала!
Кәсіпкерлердің арасында 20-30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандар бар. Солардың арасында деңгейлері өскен, қаланың ішінде өздерінің сауда орталықтарын ашып, көтеріліп кеткен кәсіпкерлер көптеп саналады. Тіпті Қазақстанға белгілі, әйгілі кәсіпкерлер «Біз кезінде, 1990- жылдары кәсібімізді «Қуаныш» базарынан бастағанбыз» деп айтады. Сауда орталығында күнделікті «нан пұлын» тауып, ешкімнен ештеңе сұрамай, адал бейнетімен бала- шағасын асыраған, халыққа қызмет еткен кәсіпкерлеріміздің бейнеті мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Себебі, бұл — үлкен еңбек! Керек затыңызды алдыңызға жарқыратып әкеліп беру арқылы тұтынушыға қызмет көрсетеді. Кейде: «Сауда деген не ол? Ана жерден алып, мына жерге әкеліп, үстінен қойып сатады. Онда тұрған не бар?» деп ұшқары ойлайды. Кеңес Одағы кезіндегі сауда-саттық туралы жаңсақ пікірлердің сарқыншағы бұл.
Тауарды тұтынушыға жеткізу мен екі аралықта қаншама бейнет жатыр? Жаздың ыстығы, қыстың суығы, күздің жауын-шашынына қарамай жұмыс істейді. Мысалы, мен көптен білетін Муминжан ака Ергашев, ата-бабасынанан келе жатқан кәсіп — күріштен, айраннан дәстүрлі көже жасап сатады. Бұл көжені оның анасы дайындаған. 1990 жылдары бала-шағасын аяққа тұрғызу үшін қолға алған кәсібін баласына үйретіп, ұлы флягпен жазда «мұздай көже», қыста «жылы көже» сатады. Қысы-жазы алдарынан адам үзілмейді. Кәдімгі кезек тұрады. Енді осы кәсіпті Муминжан ака ұлына үйретті. Бәрінен де осы кәсіпті ұлының қолға алғанына сүйсінемін. Шынымды айтсам, қазіргі жастар, 2000 жылдан кейін туылған жастар мұндай көне кәсіпті жалғастырып кетеді деп ойлаған жоқпын. Ата кәсібін жалғастырған, үйлі-баранды, балалы- шағалы ұлын көріп тәнті болдым. Шын жүректен қуандым! Мұның түбінде де таза еңбек жатыр. Демек, еңбектенсең, еңбектенуге дайын болсаң, еңбектенуге ерінбесең, түбі табысты боласың! Жақсылыққа жете аласың!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы